Елімізде жасөспірімдердің 20,5%-ы энергетикалық сусынды апта сайын ішеді – зерттеу

2147

Өткен жылы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жүргізген сауалнамаға еліміздегі 8 528 жасөспірім қатысқан.

Елімізде жасөспірімдердің 20,5%-ы энергетикалық сусынды апта сайын ішеді – зерттеу Фото: yandex.kz

Энергетикалық сусындар сергіте ме әлде тәуелділікке әкеле ме? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін inbusiness.kz арнайы талдау жүргізді.

Тарихқа шолу жасасақ...

Алғашқы коммерциялық энергетикалық сусындар 1960 жылдары Жапония мен Оңтүстік Кореяда нарыққа шықты. Әлемде танымал болған тұңғыш энергетикалық сусындардың бірі – жапондық Taisho Pharmaceutical Co, Ltd. компаниясы өндірген Lipovitan-D. Оның құрамында физикалық және психикалық белсенділікті арттыратын компонент амин қышқылы – таурин болды.

1980 жылдары энергетикалық сусындар АҚШ пен Ұлыбританияда танымалдыққа ие бола бастады. Бүгінде әлемнің кез келген бұрышындағы дүкен сөрелерінде бұл сусын түрлері самсап  тұр.

Бірқатар елде энергетикалық сусындарды сатумен және тұтынумен байланысты шектеулер де бар. Мысалы, Америкалық педиатрия академиясы балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды мүлдем ішпеуге кеңес береді. Себебі бұл сусын түрлерінің қауіпсіздігі мен тиімділігі осы жас тобында анықталмаған.

Канадада энергетикалық сусындар азық-түлік ретінде жіктеліп, аталмыш елдің азық-түлік және сусындар кодексімен реттеледі. Шектеулерге кофеиннің жоғары мөлшері (бір пакетте 180 мг-нан аспауға тиіс), сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу жатады. Ұлыбританияда бұл сусын түрлері Еуроодақтың ішкі нарығы белгілеген шектеулерге кіреді, мұнда бір пакетте 150 мг-нан астам кофеині бар сусындарды 18 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. Бұдан бөлек Литвада кәмелет жасына толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым бар. Сондай-ақ бұл елде энергетикалық сусындардағы кофеиннің құрамына қатысты шектеулер де бар, оған сәйкес бір пакетте оның мөлшері 150 мг-нан аспауы қажет. Уругвайда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға және жарнамалауға тыйым салынған. Ал, Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым бар. ТМД елдерін алып қарасақ, Қырғызстан мен Өзбекстанда кәмелеттік жасқа толмағандарға энергетикалық сусынды сатуға тыйым салынса, Түркменстанда толығымен тыйым бар. Әзірге елімізде мұндай шектеу жоқ...

Энергетикалық сусындарды тұтынуға қатысты қандай зерттеулер жүргізілді?

2014 жылы Майами университетінің ғалымдары энергетикалық сусындарды тұтынуға қатысты 36 зерттеудің мета-талдауын жүргізген мақала "Pediatrics" журналында жарияланды. Зерттеу сусындардың бұл түрін ішу ұйқысыздыққа, бас ауруына, қан қысымының жоғарылауына және жүрек ауруларының жоғары қаупімен байланысты екенін көрсетті.

2018 жылы Аделаида университетінің ғалымдары 12-18 жас аралығындағы 515 жасөспірім арасында зерттеу жүргізген мақала "Frontiers in Public Health" журналында жарияланды. Зерттеу энергетикалық сусындарды ішу депрессия мен мазасыздықтың даму қаупінің жоғарылауымен байланысты екенін көрсетті.

Бұдан бөлек 2018 жылы "Journal of Nutrition Education and Behavior" журналында Солтүстік Каролина университетінің ғалымдары 12-18 жас аралығындағы 318 жасөспірім арасында жүргізген зерттеуге қатысты мақала жарияланды. Зерттеу көрсеткендей, энергетикалық сусындарды тұтыну нашар тамақтану әдеттері мен семіздіктің даму қаупімен байланысты.

2022 жылы зерттеулер энергетикалық сусындардың жасөспірімдердің денсаулығы мен психикасына ықтимал зиянын көрсетуді жалғастыруда. Бұл сусындардың көпшілігінде кофеин, қант және басқа стимуляторлардың деңгейі жоғары, олар жоғары қан қысымы, ұйқысыздық, мазасыздық, депрессия, бас ауруы және тіпті инфаркт сияқты денсаулыққа елеулі проблемалар тудыруы мүмкін.

2022 жылы жүргізілген соңғы зерттеулердің бірі энергетикалық сусындарды үнемі тұтынатын жасөспірімдерде мазасыздық пен депрессияның даму қаупі жоғары екенін көрсеткен. Себебі кофеин және басқа стимуляторлар ұйқының сапасын нашарлатып, мидың химиялық тепе-теңдігінде өзгерістер тудыруы мүмкін.

Сарапшылар көп жағдайда жасөспірімдердің энергетикалық сусындарды тұтынуын шектеген жөн деп есептейді.

Әлемде энергетикалық сусындарды тұтыну және жасөспірімдерде суицидтік көңіл-күйдің даму қаупі арасындағы байланысты анықтау мақсатында да бірқатар зерттеу жүргізілген. Алайда олардың нәтижелері жіті талдауды қажет ететінін айта кету керек.

2019 жылы "Journal of school Health" журналында жарияланған "Korean Adolescents: the 2017 Korean Youth risk Behavior web-Based Survey" қауымдастығы Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдерде энергетикалық сусындарды тұтыну мен суицидтік ойлардың жоғарылау қаупі арасындағы байланысты анықтады. Бұл зерттеу энергетикалық сусындарды тұтыну мен суицидтік ойлар арасындағы байланысты зерттеу мақсатында 2017 жылы 12-18 жас аралығындағы оңтүстіккореялық жасөспірімдер арасында жүргізілген сауалнама деректеріне талдау жасады. Белгілі болғандай, энергетикалық сусындарды тұтынатын жасөспірімдерде жас, жыныс, білім деңгейі және депрессиялық белгілер сияқты басқа факторларды ескергеннен кейін де суицидтік ойлардың даму қаупі жоғары болды. Алайда бұл зерттеу энергетикалық сусындарды тұтыну мен суицидтік ойлар арасындағы нақты себеп-салдарлық байланысты анықтай алмаған.  

Энергетикалық сусындар балаларға ғана емес, ересектерге де зиян  

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы салауатты өмір салты бөлімінің бас маманы Әсел Адаеваның сөзінше, энергетикалық сусындар балаларға ғана емес, ересектерге де зиянды.

"Олар неврологиялық, жүрек-қан тамырлары бұзылыстарын, депрессияны, когнитивті қабілеттердің төмендеуін тудырады. 2013 жылы АҚШ-та арнайы зерттеу жүргізілген. Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын басқару жөніндегі конгресс осы зерттеу барысында ДДҰ-ның 2014 жылғы қазандағы есебінде айтылған 13 қауіпті факторды анықтады. Біріншісі – кофеин диуретик болғандықтан, бүйрекке күш түсіреді. Сусыздандыру – бұл бүйрекке жүктеме, зәр шығарудың жиі болуына байланысты ағза кальций мен магнийдің көп мөлшерін жоғалтады. Бұл тізбек сияқты бірінен екіншісі шыға береді. Ағзадан кальций, магний, калий шайылып кететіндіктен, ол жүрек-қан тамырлары жүйесіне теріс әсер етеді және жұқпалы емес аурулардың, соның ішінде инсульт пен инфаркттың, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының және екінші типтегі қант диабетінің дамуына әкелуі мүмкін. Екінші теріс әсері – құрамында кофеин болғандықтан, мазасыздықтың, қозудың, тахикардияның пайда болуы. Үшінші факторға ұйқысыздық және одан кейінгі жағымсыз әсерлер (оқудағы қиындықтар, зейіннің төмендеуі және т. б.) жатады", – деді спикер.

Сондай-ақ, энергетикалық сусындарды тұтыну бас ауруына, қан қысымының жоғарылауына, гипертонияға, асқазанның шырышты қабығының тітіркенуіне, қышқылдықтың жоғарылауына әкелуі мүмкін, деп атап өтті ол.

"Бұдан бөлек олар мінез-құлық факторларына да әсер етеді. Бұл қауіпті мінез-құлық, құқықтық бұзушылықтарға әкеледі, өйткені тұтыну кезінде адреналин көтеріледі. Энергетиктер неоциннің, перитоксиннің, В3 витаминінің артық дозалануына әкеледі. Бұл тершеңдікті, қалтырауды, жүрек айнуды, құсуды, жүрек соғысының жиілеуін тудырады. Энергетикалық сусындардың жүктілік кезіндегі теріс әсері де анықталды. Жүкті әйелдерге, әдетте, бұл сусын түрін ішуге тыйым салынады",– деді Әсел Адаева.

2022 жылы Қазақстанда мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қатысты HBSC (Health Behaviour in School-aged Children) зерттеуі жүргізілді. Бұл зерттеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 51 елдегі әдіснамасы бойынша ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросымен бірлесе отырып, 4-5 жылда бір рет өткізіледі. Елімізде бұл зерттеуді Қоғамдық денсаулық сақтаудың ұлттық орталығы жүргізген. Сауалнамаға елдің 121 мектебінен 8528 оқушы қатысты.

"Соңғы зерттеулерге сәйкес, 11, 13 және 15 жастағы жасөспірімдер арасында сауалнамаға қатысқандардың 56,8 пайызы ғана энергетикалық сусындарды тұтынбайтыны анықталды, яғни оқушылардың 40 пайыздан астамы бұл сусындарды ішеді. Әрбір бесінші бала (20,5%) энергетикалық сусындарды аптасына бір реттен аз тұтынады. Жасөспірімдердің 8,8 пайызы – аптасына бір рет, 6,4%-ы аптасына 2-4 рет энергетикалық сусын ішеді. Тағы 2,3 пайызы – аптасына 5-6 рет, 1,4%-ы – күніне бір рет, 1,5 пайызы энергетикалық сусынды күніне бір реттен артық тұтынады", – деді сарапшы.

Спикердің айтуынша, бүгінде бұл өнімді өндіруші де, түрі де көп. Бірақ олардың құрамында іс жүзінде айырмашылық байқалмайды.

"Энергетикалық сусындардың бәрінде кофеин бар. Бұл мидың жұмысын ынталандыруға көмектеседі, сонымен қатар жүрек соғысының жиілігін арттырады. Мелатонин мен таурин антиоксиданттар болып есептеледі. Антиоксиданттар ағзадағы метаболизмді тездетсе, ал мелатонин адамның күнделікті реттейді. Сусынның құрамындағы матеин салмақ жоғалтуға және аштық сезімін басуға көмектеседі. Глюкоза, сахароза және фруктоза – адамға ұйықтамай жүруге көмектесетін және мидың жұмысын ынталандыратын көмірсулар.

Айта кету керек, энергетикалық сусындарды асыра пайдалану немесе оларды қарсы көрсетілімдері бар адамдардың қабылдауы денсаулыққа ауыр зардаптарға әкеледі. Энергетикалық сусындарды қолданған кезде психологиялық және физикалық тәуелділік пайда болады. Бұл олардың құрамында кофеин, глюкоза және фенилаланиннің болуымен байланысты. Кез келген психостимуляторлар сияқты энергетикалық сусындар жүйке жүйесіне теріс әсер етуі мүмкін. Оған ұйқысыздық, бас ауруы, мазасыздық, үрей шабуылдары, агрессияның жоғарылауы, визуалды және есту галлюцинациялары, созылмалы шаршау жатады", – деп атап өтті спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу