Еліміздегі 115 ветеринарлық пункттің ғимараты жоқ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3639

Ал 1 585 ветстанция мен ветпункт әкімдіктердің, басқа да ұйымдардың ғимаратын паналап отыр.

Еліміздегі 115 ветеринарлық пункттің ғимараты жоқ

Қазақстанның ветеринариялық қызмет саласында шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Соның бірі – ғимарат жетіспеушілігі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінше, 2013-2014 жылдары жергілікті атқарушы органдардың жанынан 2 534 ветстанция мен ветпункт құрылған екен. Бүгінде олардың жартысынан көбінде өздеріне тиесілі ғимарат жоқ.

"2 534 ветстанция мен ветпункттің тек 834-і ғана өз ғимаратында орналасқан. Ал 1 585-і әкімдіктердің, басқа да ұйымдардың ғимаратын паналап отыр. 115 ветпунктте ғимарат атымен жоқ. 431 ветстанция мен ветпункт орналасқан ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді", – деді Сапархан Омаров Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ол аздай, бұл саладағы 13 374 лауазымды жұмыс орнының 537-сі бос тұр. Сондай-ақ 3 764 техниканың 130-ы мүлдем пайдаланылмайды.

Міне, осындай мәселелердің салдарынан еліміздің ветеринариялық қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Мәселен, былтыр ел аумағында жануарлардың аса қауіпті ауруларының 347 ошағы тіркелді. Оның ішінде бруцеллез бойынша 180 сау емес ошақ анықталған.

"180 ошақтың 125-і сауықтырылып, жергілікті атқарушы органдардың шешімімен жойылды. 55 ошақта ветеринариялық-сауықтыру шаралары жүргізілуде", – дейді Сапархан Омаров.

Ал жыл басынан бері жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелген.

Министрдің айтуынша, былтыр халықаралық эпизоотиялық бюро тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының қорытындысын жариялады. Олар 2011-2017 жылдардағы еліміздің ветеринариялық қызметін жоғары деп бағалаған.

"Бағаланған 47 позицияның 14-і бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты. 30-ы бойынша жоғары бағасын сақтап қалды. Ал үшеуі бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді", – деп нақтылады министр.

Белгілі болғандай, биыл ветеринариялық іс-шараларға 45,2 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 млрд теңгеге артық.

"Бөлінген қаражатқа жануарлар мен құстардың аса қауіпті 17 ауруына қарсы вакцинация жүргізіледі. Сонымен қатар 13,9 млн бас жануардың төлін бірдейлендіру, жануарлардың 28 аса қауіпті ауруы бойынша 72,4 миллион зерттеу жүргізу, зертханалық зерттеулер үшін 34,8 миллион қан сынамасын алу жоспарланған", – дейді ауыл шаруашылығы министрі.

Сапархан Омаровтың баяндауынша, халықаралық эпизоотиялық бюро ұсынымдарына сәйкес, еліміздің бруцеллезге қарсы күрес стратегиясы қайта қаралған. Соған сәйкес, ветеринариялық іс-шаралар бруцеллезге зерттеу кезінде оң нәтиже берген жануарға ғана емес, тұтас табынға жүргізілетін болды.

"Жоғары патогенді құс тұмауына қарсы күрес стратегиясына жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларынан 20 шақырым радиустағы халық шаруашылығының тәуекел аймағын анықтау бөлігінде өзгерістер енгізілді. Енді жабайы құстардың қоныс аудару жолында және су қоймаларының жанында орналасқан шаруашылықтармен қатар, құс фабрикаларындағы құстардың да ата-енелік табынына осы ауруға қарсы вакцина егілетін болады", – дейді ол.

Сондай-ақ, сібір жарасы бойынша сезімтал жануарларға алдын ала вакцинациялау жүргізіледі. 2017-2018 жылдары кадастрмен белгіленген сібір жарасының 2180 көміндісі қоршалып, тану белгілерімен белгіленген.

Министр атап өткендей, Қазақстан нодулярлық дерматитке қарсы күрес жөніндегі халықаралық сарапшылардың оң қорытындысын алды. Ал осы жылдың ақпан айында Қытайдың Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасын нодулярлық дерматит бойынша саламатты деп таныды.

"Осылайша, аусыл бойынша шектеулер алып тасталды. Ірі қара және ұсақ мал еті бойынша ветеринариялық талаптар келісілді. Ет комбинаттарында инспекция жүргізіліп, қой етін қайта өңдейтін 5 кәсіпорын Қытайға экспорт жасайтын кәсіпорындар тізілімге енгізілді. Сондай-ақ, сиыр етін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын енгізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қазақстандық ет өнімдерінің Қытай нарығына шығуына жол ашты", – дейді Сапархан Омаров.

Бұдан бөлек, Иранмен Қазақстаннан сиыр етін, ұсақ малдың субөнімдерін, тағамдық жұмыртқаны, союға арналған малды экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілген. Сауд Арабиясы Корольдігіне ірі қара және ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат алынды. Бахрейнге сиыр еті мен қой еті экспортталуда.

"Қазіргі уақытта Қытаймен шошқа еті бойынша ветеринариялық талаптар, Оманмен сиыр еті мен қой етіне, тірі ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификат келісілуде", – деп нақтылады министр.

Осы жылдың басында Қазақстан шошқаның африкалық обасы бойынша саламатты ел мәртебесін алды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу