Қазақстандағы әр көлік түрінің саны анықталды

26430

Еліміз өз көліктеріне жалпыұлттық санақ жүргізіп шықты.

Қазақстандағы әр көлік түрінің саны анықталды

Мамандардың түсіндіруінше, бұл көлік құралдары түрлері бойынша елдің қандай әлеует пен мүмкіндікке ие екенін бағамдау және нақты білу үшін қажет көрінеді. Осының арқасында үкімет әр салаға қатысты стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалар түзе алады.

Сонымен, қазіргі кезде Қазақстанда 3 миллион 851,6 мың бірлік жеңіл көлік тіркелген. Ал жүк көліктерінің саны 440,6 мың бірлікті құрайды.

Мұның сыртында елімізде 90,4 мың әртүрлі көлемді және маркалы автобустар қолданыста жүр.

Бір ғажабы, метрополитенді және вагондарды қоса алғанда, біздегі темір жол құрамы көбірек болып шықты: ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті олардың жалпы саны 135,1 мың бірлікке жеткенін хабарлайды.

Әуе көлігінің паркі қазір жаңғыруда. Бүгінде елімізде 895 ұшақ пен тікұшақ барлығы анықталды.

Қазақстан халықаралық теңіз тасымалы конвенцияларына қосылып, халықаралық келісімдерге отыруы арқасында қазіргі уақытта әлемнің әр түкпіріндегі теңіздер мен мұхиттарда көк байрақты желбіреткен кемелеріміз жүзіп жүр. Мұның сыртында өз тарихында алғаш рет республика әскери-теңіз күштерін қалыптастырып, дамытуда. Нәтижесінде, Қазақстанның меншігінде 66 үлкен кеме барлығы мәлім болды. Бұдан бөлек, отандық компаниялар мен жеке тұлғалар атында жалпы саны 171 яхта, катер, өзен көлігі және басқа да шағын су көлігі тіркелген.

Санақ барысында қазақстандықтардың және ел қонақтарының қандай көлік түрін көбірек пайдаланатыны да белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанда барлық жолаушылар тасымалының 80,2%-ын қалаішілік, қалааралық, облысаралық автобустар жүзеге асыратын көрінеді. Жолаушылардың 19,4%-ы таксимен сапарлаған. Темір жолдың үлесіне 0,1% тиіп отыр. Ал ұшақ еншісінде тек 0,03% қалды. Қалған 0,27% жолаушылар тасымалы көлемін өзен көлігі, трамвай, арқан жолы сияқты сирек кездесетін көлік түрлері игеріпті.

Жалпы алғанда, 2017 жыл ішінде қазақстандықтар саналуан көлік түрімен 22 миллиард 744,7 миллион сапар жасаған.

Жүк тасымалында жағдай өзгешелеу: барлық көлемнің 84,20%-ын жүк көліктері қанжығалады. Екінші орынды 9,81% үлесімен темір жол көлігі иеленді. "Үштікті" 5,90% еншісімен құбыр магистралдары тасымалы тұйықтайды. Кемелерге 0,04%-дан, ұшақ тасымалына 0,001%-дан келеді.

2018 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 95 мың 409,6 шақырымды, магистралді құбырлар желісінің ұзындығы 23 мың 268,4 шақырымды, темір жолдар ұзындығы 16 мың 614,3 шақырымды, өзен жолдарының ұзындығы 4 мың 150,9 шақырымды құрайды. Қазіргі кезде бүкіл елімізде небары 114,6 троллейбус жолдары қалыпты. Ал жалғыз Алматыдағы метрополитеннің ұзындығы әзірге 10,3 шақырым болып отыр.    

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу