Еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттар дрондардың шабуылына тойтарыс бере ала ма?

11125

Алдыңғы аптада өткен XII Еуразиялық KazEnergy форумында Сауд Арабиясындағы оқиға, нақтырақ айтқанда дрондардың Saudi Aramco нысандарына жасаған шабуылы талқыланды.  

Еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттар дрондардың шабуылына тойтарыс бере ала ма?

Жиынға келген сарапшылар мен журналистер шараның қонағы ОПЕК ұйымының бас хатшысы Мохаммед Баркиндоға сауалдарын қойды. 

"Мұнай нысанына жасалған шабуыл осы саланы әбігерге салды. Бір минут ішінде біз 5-7  млн тонна мұнайдан айырылып қалдық. Осы оқиға ОПЕК-ке мүше елдер мен басқа да мемлекетерді өзінің энергетикалық инфрақұрылымының қауіпсіздік саясатын қарастыруға мәжбүрлеп отыр", – деді Баркиндо өз сөзінде. 

Ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың шабуылы Сауд Арабиясы үшін күтпеген жағдай болды. Яғни бұл  әлемдегі ешбір мұнай нысанының мұндай шабуылға дайын еместігін білдіреді. Оладың қатарында біз де бармыз. Қазақстандық мұнай өңдеуші зауыттардың ешқайсысында дрондардың шабуылына тойтарыс бере алатын арнайы жүйесі жоқ. Бар үміт тек әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінде. Бұл жүйе елдің үш ірі мұнай нысаны орналасқан Атырау, Павлодар және Шымкент қалаларының аумағын толықтай қамтыған. 

"Біріншіден, қаланы қорғайтын әуе шабуылына қарсы қорғаныс кішкентай дрондарды көрмейді. Екіншіден, мыңдаған доллар тұратын дронды атып түсіру үшін құны 100 мың долларға дейін жететін әуе шабуылына қарсы зымыранды іске қосу экономикалық тұрғыдан алып қарағанда тиімсіз әрі қауіпті", – деді қазақстандық KazUAV компаниясының директоры Руслан Витвицкий. 

Ол Қазақстанда ешкім әлі күнге дейін мұнай өндіру нысандарына антидрондық жүйе енгізбегенін айтты. Алайда Сауд Арабиясындағы жағдайдан кейін, осы саланың адамдары осындай жүйені сатып алуы мүмкін екенін жеткізді. 

Компания өкілдерінің айтуынша, қазір KazUAV ресейлік тарап және  Қазақстан үкіметімен елімізде дрондарға тойтарыс беретін аппарат құрастыру нысанын салуға қатысты келіссөздерді жүргізіп жатыр. 

Табиғат Нұрболат