Еліміздегі Ресейге ең тәуелді өңір анықталды

16517

Егер Мәскеу жалғыз бір кәсіпорнына Қазақстаннан өнім алмауды бұйырса, Қазақстанда тұтас облыс тоқырауы ықтимал.  

Еліміздегі Ресейге ең тәуелді өңір анықталды

Алдымен жақсы жаңалық

Бұл ақпарат Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген "Батыс Қазақстан облысының 2021–2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары" жобасында айтылған.

Бір қарағанда, бұл өңірдің тағдырына еш алаңдамауға болатындай. Батыс Қазақстан облысы – дамыған индустриялық-аграрлық өңірлердің бірі. Әлемдегі "супергигант" аталатын ең алып бір кенорын – Қарашығанақ мұнай-газ кенорны осында орналасқан. Республикада өндірілетін барлық газды конденсаттың 97%-ы және "көгілдір отынның" 37%-ы бір осы облысқа тиесілі.

Мұнда мұнай өңдеу, машина жасау, кеме жасау салалары, азық-түлік өндірісі және құрылыс индустриясы табысты дамуда. БҚО Қазақстанның бүкіл ЖІӨ-сінің 3,8%-ын береді (өңірлер арасында 11-орын). Сондай-ақ өнеркәсіптік өндірістің 9%-ы осында шоғырланған, ал бұл Атырау, Маңғыстау және Қарағанды облыстарынан кейінгі 4-ші тұғыр!

Облыста 2020 жылы 2 трлн 719 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Бұл көрсеткішін ол 2015 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге арттыра алды. Соңғы 5 жылда экономикалық белсенді тұрғындары саны 3,7%-ға не 12 мың адамға артып, 2020 жылы жұмыс күші 338 мың адамға жетті.

Енді жақсы емес жаңалық...

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тиімді географиялық орналасуына, жоғары ресурстық әлеуетіне, экономикалық өсудегі оң үрдістеріне және негізгі әлеуметтік-маңызды көрсеткіштердің жақсаруына қарамастан, облыстың дамуын тежейтін негізгі факторлар жетерлік.

Оның ең бастысы қайсы? Батыс Қазақстан облысы – Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенорнының операторы болып табылатын бір компанияға, яғни "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." компаниялар консориумының тұрақты жұмысына тәуелді екен.

"Облыстағы жүздеген компания Қарашығанақ кенорнын игерушілердің қызметін жабдықтауға, оған тауарларды жеткізуге, көлік қызметтерін көрсетуге, тамақтандыруға және басқа мақсатта жұмыс істейді. Олар өңірде кәсіпкерліктің басқа түрлерін ашуға және бейінін өзгертуге мүдделі емес. Бұл ретте Қарашығанақ кенорнының тұрақты жұмысы Ресей Федерациясының Орынбор газ өңдеу зауытына байланысты болып келеді: ол зауыт Қарашығанақта өндірілетін шикі газдың 50%-ын сатып алады және өңдейді", – деп мәлімдеді экономика ведомствосы.

Одақтастық сақталған жағдайда Ресей ары қарай да шикізат сатып ала беруі мүмкін. Демек, әлгі компаниялардың шекесі шылқи береді. Бірақ бұл тәуелділіктен кеткен жөн. Себебі, бұған басқа да факторлар кедергі келтіруі мүмкін: министрлік алда төтенше жағдайлар бола қалса, мысалы екі ел арасындағы алыс магистралдік құбырларда апаттар болса, "ҚПО Б.В." газды кәдеге жарату проблемасына тап болатынын айтады. Онда тұтас облысымыздың экономикасы ғана зардап шекпейді, ондағы тұрғындар мен кәсіпорындар тауарлық газдың жеткілікті көлемінсіз қалады. Бұл облыста әлеуметтік кернеуді күшейтіп, тәртіпсіздікке соқтырмауы үшін соған жол бермеудің қамына қазірден кірісу қажет.

Аймақтағы инвестициялар мен құрылыс жұмыстарының көлемі көбіне осы "ҚПО Б.В." қызметіне тәуелді. Салдарынан, мұнай бағасы төмендесе және Қарашығанақ кенорнында басқа түйткілдер туындаса, облыстағы экономикалық белсенділік төмендейді, ереуілдер басталады.

Өңірдің өзге мәселесі де шаш-етектен...

Ұлттық экономика министрлігі өңірдің өзге мәселелерін де жіктеп, жіліктеп шықты. Біріншіден, БҚО экономикасын әртараптандыруға тауарлық газдың тапшылығы мен бағасының қымбаттығы кедергі. Қазақстанның басқа облыстарымен салыстырғанда мұнда халыққа арналған тауарлық газдың бағасы жоғары. Оның үстіне шикі газ аста-төк болғанымен, өңделген, тұрмыста пайдалануға жарамды тауарлық газ жетіспейді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнес санының өсуін және өңірге жаңа инвестициялар тартуды тежейді. Соның кесірінен, БҚО-ның бәсекеге қабілеттілігі төмендеуде.

Егер өңір тауарлық газдың кепілдендірілген көлеміне қол жеткізсе, онда өзінде бар ресурстарды жаратып, базалық майлар мен парафиндердің, аккумуляторлық батареялардың өндірісін жолға қойып, газ-турбиналық станциялар, өнеркәсіптік жылыжайлар және басқаларын тұрғыза алатын еді. Әзірге ол жоқ, себебі газ тапшы.

Екіншіден, өңір судан тарығуда.

"БҚО-да су шаруашылығы инфрақұрылымы нашар жағдайда. Облыс экономикасы драйверлерінің бірі – етті мал шаруашылығы. Алайда мал ұстағысы келетін тұрғындарға үй жануарларын сумен жабдықтау қиын. Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі және қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілмеуі салдарынан егістіктерді суаруға және жайылымдарды суландыруға арналған гидротехникалық құрылыстар мен каналдардың көпшілігі істен шығып жатыр", – деп түсіндірді экономика ведомствосы.

Үшіншіден, министрліктің байламынша, облыста жол инфрақұрылымы еш сын көтермейді. Мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай жыл сайын 200 шақырымға дейін жергілікті автожолдар салынады немесе жөнделеді. Бірақ ұсақ ауылдарының көп болуына байланысты БҚО автожолдардың сапасы жөнінен республикада соңғы орында қалды. Онда қазір жолдардың бар-жоғы 34%-ы ғана қанағаттанарлық деңгейде.

Батыс Қазақстанның төртінші проблемасы – апатты және үш ауысымды мектептердің болуы: биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 8 мектеп апатты күйде, тағы 4 мектеп үш ауысымда оқиды.

Бесіншіден, онда тұрғын үй кезегі тым жоғары: жұртшылық оның жылжымайтынына, қайта кері кететініне шағымданады. Облыста тұрғын үйге мұқтаж санаттар есебінде тұрған азаматтардың жалпы саны 28,4 мың адамды құрайды, оның ішінде Орал қаласында – 21 мың адам.

Бұл факторлар БҚО-ны өзге өңірден көшушілер үшін тартымсыз етеді, қоныс аударушылардың біразы тұрақтамайды.

Алтыншыдан, "Батыс Қазақстан ЭЖТК" АҚ-ның электр беру желілері мен қосалқы станцияларының тозығы жеткен. Тозу көрсеткіші 80% немесе 16 мың шақырымнан астам. Соның кесірінен қуатты апаттық ажырату жағдайының саны жыл сайын өсуде. Батыс жұртшылығы 90-шы жылдардағыдай жиі қараңғыда отырады. Энергетиктер басыартық энергиялық қуаттылықты өзге өңірлерден БҚО-ға бағыттай алмайды, себебі өңір еліміздің Бірыңғай электр жүйесіне кірікпеген.

Жетіншіден, Жайық өзені арнасының Бөрілі мен Ақжайық аудандарының елді мекендеріне қарай ығысуына және жағалаудың қарқынды шайылуына байланысты жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізу қажет.

Кешенді жоспар нені өзгертеді?

Экономика министрлігінің сарапшылары осы мәселелердің басым көпшілігінің шешімін жаңа "Кешенді жоспарда" ескеріпті. Құжат 141 іс-шарадан тұрады. БҚО-ны жаңғыртуға және болашақта ірі күйзелістерден аман сақтап қалуға арналған бұл ірі жоспарды бес жыл бойы іске асыруға 2 трлн 889,7 млрд теңге талап етіледі.

Оның 461,1 млрд теңгесі немесе 16%-ы – республикалық бюджеттен, тағы 4,3%-ы немесе 124,4 миллиарды – жергілікті бюджеттен бөлінеді. Қалғанына мемлекет қазынасы жетпейді, сондықтан қаржыландырудың басым көпшілігін – 79,7%-ын немесе 2 трлн 304,2 млрд теңгесін инвесторлардан тарту көзделуде.

Өнеркәсіпте негізгі капиталға 2 трлн теңге инвестиция салу жоспарлануда, нәтижесінде 7,1 мың тұрақты жұмыс орны құрылмақ және өңдеу өнеркәсібінің көлемін 2025 жылы 300 млрд теңгеге дейін жетуге тиіс. Әзірше 2020 жылы бұл көрсеткіш 205,8 млрд теңгені құрады.

Қазіргі кезде облыста индустриялық аймақтың құрылысы жүруде. Алда оған АЭА мәртебесі берілмек. Бұл аймаққа 2025 жылға дейін шамамен 150 млрд теңге жеке инвестиция тартылады деп күтілуде.

Болашақ АЭА-ға Теректі ауданындағы Пойма станциясы маңында ауданы 281 гектар жер учаскесі бөлінген. Ол облыс астанасы Орал қаласынан 20 шақырым қашықта, "Орал–Орынбор" және "Самара– Шымкент" халықаралық трассасының бойында орналасқан. Индустриялық аймақ аумағында экономиканың түрлі салаларына – өңдеу, құрылыс, химия өнеракәсіптеріне және ауыл шаруашылығына қатысты 40-қа жуық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Онда 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Су тапшылығы мәселесін шешу үшін Үлкен Өзен өзенінде "Жалпақтал су қоймасы" салынбақ. Бұл 12 мың адамды сумен қамтуға мүмкіндік береді. Ол сонымен бірге Ресейден Еділ суын алуға жұмсалатын бюджет шығындарын 30%-ға дейін азайтуға тиіс. Сондай-ақ 20 мың гектар егістік пен табиғи шабындықтарды суландырады, тасқын суларды жолай тұтып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Агроөнеркәсіптік кешен бойынша жоспарланған іс-шаралар аясында суару-суландыру жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Қаратөбе және Казталов аудандарында – Жақсыбай, Мамай, Сакрыл көлдетіп суару жүйелері, Ақжайық ауданында – "Солянка–Азнабай–Тайпақ", "Азнабай–Тайпақ" каналдары, Теректі ауданында – "Жайық–Шалқар" арнасы, Тасқала ауданында Жайықбай арнасын реконструкциялау аяқталады деп жоспарланған.

Сонда 2025 жылға қарай облыста егіс алқаптарының көлемі қазіргі 537 мың гектардан 554 гектарға дейін ұлғаяды екен. 350 мың гектардан астам жайылымдық жер айналымға енгізіледі.

Өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 55,8%-ға немесе 312 млрд теңгеге дейін артуға тиіс (бүгінде 200,3 млрд теңге).

Биыл қуаңшылық зардабын тартқан өңірде біраз мал шығын болды. Бірақ кешенді жоспарды іске асыру мал басын: ірі қара малды – 34,3%-ға, қой-ешкіні – 7%, жылқыны – 16,3%-ға көбейтуді көздейді.

Жалпы құны 164,8 миллиард теңге тұратын 94 инвестициялық жобаны іске асыру нәтижесінде маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын болдырмау және облыс нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыру мүмкіндігі пайда болады. Салада 1,7 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу