Бұл туралы Finmentor.kz телеграм арнасының авторы Арман Батаев пікір білдірді.
Ашық деректерге сүйенсек, олардың басым бөлігі – лизинг пен несиелік келісімдер.
Мысалы, Air Astana мен Boeing арасындағы 7 миллиард долларлық келісім кең фюзеляжды Boeing 787-9 ұшақтарын сатып алуға қатысты. Бұл лизингтік жеткізілімдер, олардың төлемін компанияның өзі атқарады.
2,5 миллиард доллар – "Бәйтерек", AgromashHolding KZ, John Deere және Eurasia Group арасындағы жоба. Ол Қазақстанда John Deere ауылшаруашылық техникасының 3 мыңға дейін бірлігін шығару мен сервистік орталықтар салуды көздейді. Бірақ жобаны кім нақты қаржыландыратыны әзірге белгісіз, басты рөлді "Бәйтерек" құрылымы атқаруы мүмкін.
1,6 миллиард долларлық келісім – "Қазақстан темір жолы" мен Citibank арасында. Ол Wabtec локомотивтерін сатып алу үшін 10 жылға арналған қаржыландыруды қарастырады. ҚТЖ бұл несиені өзі өтеуі тиіс.
1,1 миллиард доллар – "Тау-Кен Самұрық" пен америкалық Cove Capital арасындағы келісім. Ол Қарағанды облысындағы ең ірі вольфрам кен орындарын бірлесіп игеруге бағытталған. Қаражаттың шамамен 900 миллион доллары АҚШ Эксимбанкі ұсынған несие болмақ. Қалған 200 миллион долларды Қазақстанның Даму банкі жабуға мәжбүр болмауы маңызды.
1 миллиард доллардан астам – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, HPE және Oracle арасындағы жасанды интеллект пен суперкомпьютерлік технологиялар саласындағы жобалар.
950 миллион долларлық келісім – Ұлттық банк пен Cerberus, Brookfield және Ashmore қорлары арасындағы стратегиялық әріптестік туралы. Сарапшылардың пікірінше, мұнда Ұлттық қор, БЖЗҚ немесе алтын-валюта резервтерінің бір бөлігі шетелдік басқаруға берілуі мүмкін.
300 миллион доллар – Индустрия министрлігі, Joby Aero және Alatau Advance Air Group арасындағы аэротакси жобасына бағытталған. Бұл жерде сатып алушы – қазақстандық тарап.
150 миллион доллар – "Самұрық-Қазына" мен Ashmore Healthcare арасындағы келісім. Ол Қазақстанда халықаралық деңгейдегі алғашқы көпсалалы клиниканы салуды көздейді. Инвестицияны Ashmore Healthcare қамтамасыз етеді.
130 миллион доллар – 1Thirty Holding (AsiaColor) және BCIU арасындағы жоба. Бұл АҚШ-тағы химиялық кешен құрылысына арналған, яғни инвестиция Қазақстанға емес, шетелге бағытталған.
50 миллион доллар – Білім министрлігі, Arizona State University, Coursera, OpenAI және Freedom Group арасындағы серіктестік. Бұл аясында бірлескен білім және зерттеу жобалары, соның ішінде "Ұлытау" университетін құру қарастырылған.
20 миллион доллар – Chemelex LLC және IMBC арасындағы келісім. Ол Қазақстанда өздігінен реттелетін жылытқыш кабельдерді шығару өндірісін іске қосуды қамтиды.
Жалпы ашық деректер бойынша қол қойылған жобалардың нақты сомасы 14,81 миллиард долларды құрайды. Қалған 2,2 миллиард доллар шамасындағы жобалар туралы толық ақпарат жарияланбаған.