Еліміздегі вакциналардың сапасы қандай?

3937

 COVID-19 таралуы мен елге әкелінген екпелердің сапасы мәлім болды.  

Еліміздегі вакциналардың сапасы қандай?

 

Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен  қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев елдегі коронавирустық инфекция ахуалы жайлы мағлұмат берді.

"Бүгінгі күнге дейін короновирус жұқтырған 4298 науқас тіркелді. Оның жартысы Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында. 1279 адам жазылып шықты. Стационарда қазір 2897 сырқат ем-дом қабылдап жатыр. Олардың 85%-ы қалыпты және 14%-ы орташа қалыпты жағдайда. Ал 25 науқастың жағдайы ауыр, 6 адам өте ауыр халде жатыр. Олардың жетеуі жасанды демалу апаратына қосылған. Эпидемия уақытында 30 адам қайтыс болды. Індет жұқтырғандармен байланыста болған 59204 адам анықталып, олардың 98%-ы анықталып, оқшауланды. Өткен тәулікте коронавирустік инфекция жұқтырған 156 жаңа жағдай тіркелді", – деп атап өтті комитет төрағасы.

Оның айтуынша, індеттің таралу қарқыны тұрақтап, соңғы күндері өсім деңгейі 4%-дан аспаған.

"Өткен екі аптада індеттің таралу деңгейінің тұрақталғаны байқалғанын айта кеткім келеді. Коронавирустік инфекция жұқтырғандар саны 7%-дан асқан жоқ. Ал соңғы үш күнде науқастар санының өсуі 4%-дан аспады. Вирус жұқтырғандардың 57%-ы белсенді түрде скринингтік зерттеулердің жүргізілуі нәтижесінде белгілі болды. Ал 36%-ы медициналық көмек алу кезінде анықталды. Шет мемлекеттен ауырып келгендер 7,2%. Скрининг нәтижесінде анықталғандардың барлығы симптомпсыз науқастар. Тестілеу ауқымы тәулігіне 12 мыңға дейін ұлғайды, ай соңына дейін зерттеулер саны тәулігіне 25 мыңға дейін жеткізіледі", – деп мәлім етті Тимур Сұлтанғазиев.

ДСМ өкілі жаз кезінде той-домалақ өткізу үшін ресторандар мен кафелердің жұмысына қатысты пікірін білдірді.

"Менің ойымша бұл қазіргі кездегі ең өзекті мәселе емес. Алдымен елдегі эпидемиологиялық ахуалға қарау керек. Жақын арада ресторандар мен кафелерді ашу қарастырылып отырған жоқ. Барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты", – деген комитет төрағасы карантин шараларын алып тастау мүмкіндігіне де тоқталды.

"Коронавирустік инфекцияның өсу тенденциясы тежелді. Сәуір айында індеттің таралуы 15%-16%-ға дейін болса, соңғы бір-екі аптада 7%-дан аспағанын айттым. Карантин шараларын төмендету мәселесі үкімет пен бас санитарлық дәрігердің бақылауында. Карантинді алып тастау үшін талап етілетін көрсеткіштерге сәйкес келуіміз керек. Ондай көрсеткіштерге жету үшін Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған карантиндік талаптарды қатаң сақтауымыз керек", – деп атап айтты ДСМ өкілі.

Алайда Теңіз мұнай кен орнында 148 қызметкер коронавирус жұқтырған. Басым көпшілігінің сырқаты симптомсыз формада өтуде.

"Вахталық тәсілмен жұмыс істеу, жұмысшылардың бір жерде көп шоғырлануы инфекцияның тез таралуына әсер етеді. COVID-19 өте тез жұғатынын білесіздер. Теңізде 148 қызметкер коронавирус жұқтырды. Сырқаттың басым көпшілігі симптомсыз формада өтуде. Алғашқы науқас белгілі болғаннан кейін жаппай скринингтік тестілеу жүргізілді. Қазір Теңізшевройл мен облыс әкімдігі карантинді күшейту жоспарын әзірлеп, індеттің таралуын тоқтату шараларын қолға алды. Коронавирус жұқтырған азаматтар инцекциялық ауруханаларға жатқызылды", – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Айта кетсек, комитет төрағасы коронавирустік инфекция күз-қыс кезінде мауысымдық тұмау ауруы тараған кезде қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Брифинг барысында "СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп еліміздегі вакциналардың сапасы жайлы айтты. Оның сөзінше, Қазақстанға әкелінетін дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі мен нәтижелілігі дәлелденген.

"Үндістаннан міндетті түрде қолданылатын үш түрлі вакцина аламыз. Оның бірі – АДСМ, екіншісі қызылша мен паротиттің алдын алуға арналған, үшіншісі – туберкулезге қарсы вакцина. Өндірушісі – "Serum Institute of India" ірі кәсіпорын. Үш вакцина да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала тексерісінен өткен, арнайы сертификаты бар. Әлемнің жетпістен астам елінде қолданылады. Бұл екпелердің қауіпсіздігі мен нәтижелілігі дәлелденген. Сол себепті осы вакциналарды алып жатырмыз", – деп түсіндірді Берік Шәріп.

Нұржан Көшкін

Нұржан Көшкін 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу