Қасым-Жомарт Тоқаев: Елімізге жауапкершіліктен қашпайтын, аянбай еңбек ететін жастар қажет

303

Жастар қашанда және қай кезде де өзгерістің басы-қасында жүреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Елімізге жауапкершіліктен қашпайтын, аянбай еңбек ететін жастар қажет Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық жастар күніне арналған Jastar Fest форумына қатысушыларға үндеу жолдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сіздер дүние әп-сәтте мың құбылатын заманда өмір сүріп жатсыздар. Жастардың өздерін танытуына мүмкіндік мол.

Озық ойлы жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, білімпаздығы, еңбек етуге және өзін-өзі дамытуға құштарлығы қуантады. Өйткені еліміздің бүгіні де, ертеңі де – Сіздер.

Отанымыздың тағдыры белгілі бір дәрежеде жас буынның күш-қуатына, ой-пікіріне, білім-білігіне, табандылығы мен патриоттық қасиеттеріне байланысты.

Мемлекет өскелең ұрпаққа тиісті жағдай жасайды. Қазақстанда білім алу және еңбекпен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге, таланттарды шыңдауға, жеңілдікпен баспана сатып алуға, сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған көптеген бағдарлама әзірленіп, іске қосылуда.

Бұл игіліктерді 600 мыңнан аса жас көріп отыр. Сондай-ақ олар арнаулы квота арқылы Мәжіліс пен мәслихат қызметіне белсенді атсалысуға мүмкіндік алды. Президенттік жастар кадр резерві мүшелері де іскерлік қырымен танылып, жоғары лауазымдарға тағайындалып жатыр. Ауыл мен аудан әкімдерін тікелей сайлау тәсілі көптеген жастың жергілікті атқарушы билік жүйесіне қызметке келуіне жол ашты.

Дүние жүзінде жастарға арналған осындай мазмұнды бағдарламалар көп емес. Мемлекетіміз стратегиялық маңызы бар бұл саясатты міндетті түрде жалғастырады.

Елімізге жауапкершіліктен қашпайтын, аянбай еңбек ететін әрі өзін ұдайы жетілдіріп отыратын жаңашыл жастар қажет.

Хәкім Абай "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап" деп бекер айтпаған. Ұлы ойшылдың бұл өсиеті бүгін де – өзекті. Қазақстан жастары – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, жасампаз азаматтар. Еліміздің жарқын болашағы – өскелең ұрпақтың қолында.

Мен Сіздерге сенемін!

Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін!

Жолдарыңыз ашық болсын!

Жастарымыз әрқашан бақытты және табысты болсын!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу