Еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төніп тұр - Еділ Мамытбеков

5 жылда мемлекеттік қарыз бойынша сыйақы 3 есе өседі. 

Еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төніп тұр -  Еділ Мамытбеков

Сенаттың жалпы отырысында депутат халықаралық банктен қарыз алу туралы заңды талқылау барысында біраз деректі ортаға салды. Оның айтуынша, соңғы үш жылда мемлекеттік қарыз 6 млрд долларға өсіп, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 165 млрд доллардан асқан, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"5 жылда мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құны 3 есеге өседі. Үкіметтің қарызы қазірдің өзінде 20 трлн теңгеге жетті. 2023 жылы бұл сома тағы 3,2 трлн теңгеге артады. Яғни, қарызды бақылаудан шығады. Ал бұл қазірдің өзінде елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Мерзімі ұзақ, жеңілдетілген шарттармен болса да, несие алу көптеген талдауларды қажет етеді", – деді сенатор.

Осыған байланысты Еділ Мамытбеков Қаржы министрінен: "Мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару тұжырымдамасына сәйкес келісімді негіздеу бойынша болжамдық және талдамалық зерттеулер жүргізілді ме",- деп сұрады . 

"Екінші сұрақ. Келісім квазимемлекеттік сектордың қарыз алу процестеріне қатысуды айқындайды. Осы мәселені реттеу мақсатында Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі "Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызының шекті көлемін айқындау қағидалары және оларға қатысты сыртқы борыштың шекті көлемі айқындалатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесі" бар. Дегенмен, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі туралы, әсіресе қаржылық мәселелерге қатысты ақпараттың барлығы дерлік "жеті құлыптың артында" сақталатыны жасырын емес. Осыған байланысты Еділ Мамытбеков Үкімет, Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігі бұл шектеу шараларын іс жүзінде қаншалықты сақтайтындығын сұрады.

Өз кезегінде сенатордың сауалына Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді.

"Бірінші бөлімге келетін болсақ, жалпы, сырттан несие алғанда, олардың барлығы жеткілікті түрде талдау мен сараптамадан өтеді. Бұл несиенің Дүниежүзілік банкпен талқылағанына шамамен бір жарым-екі жыл болды. Қазір де оның қаншалықты тиімді екенін және қандай реформаларға жұмсалатынын сараптап жатырмыз, өзіңіз білесіз – бұл кепілдендірілген жеңілдетілген несиелер, сондықтан мұнда қойылатын талаптар жоғары", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар ол халықаралық ұйымнан қомақты несие алу күрделі жұмыс екенін атап өтті. 

"Екінші сұраққа келетін болсақ, квазимемлекеттік сектордың несиелері, әрине, 2018 жылға дейін өсті, содан кейін біз тұжырымдаманы өзгерттік, енді квазимемлекеттік сектор сырттан несие алатын болса, ол қандай экономикалық нәтиже беретінін дәлелдеуі керек. Мұндай несиелердің көлемін 8 млрд АҚШ долларына дейін қысқартқанымызды өзіңіз айттыңыз. Бұл нені білдіреді? Комиссиялардың жұмысы нәтижелі жүргізілуде, әрине, олардың өз корпоративтік басқаруы, директорлары, менеджменті бар, бірақ олар бұл несиелерді үкімет алдында қорғауы керек, сондықтан да бұл бағыттағы тиімділікті арттыру жұмыстары жалғаса береді", – деп түйіндеді Жамаубаев.

Еске сала кетсек, Сенат халықаралық банктен 345 млн еуро қарыз алу туралы заңды бірауыздан мақұлдады. Несие толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу