Елімізге трансұлттық корпорацияларды жекелеген тәртіпте енгізеді

17080

Инвестиция және даму министрлігі (ИДМ) ТҰК  үшін салықтық заңнаманы және шетелдік жұмыс күшін тарту тәжірибесін жеңілдетуді ұсынып отыр. 

Елімізге трансұлттық корпорацияларды жекелеген тәртіпте енгізеді

Ұсынылып отырған шаралардың ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту (ШЖК) рәсімдерін қысқарту бар. "Соңғы жылдары осы салаға қатысты  заңнаманы ырықтандыру жөнінде бірқатар шара қабылданды. Инвесторлардың пікірінше, инвестклиматқа кері әсер етуші бірқатар кедергі бар. Оны слайдтан көріп отырсыздар. Бұл негізінен ішкі корпоративтік орын ауыстыру, филиал басшыларын тағайындау барысында ұшырасатын кедергілер. Осыған қатысты ережеге өзгертулер енгізу керек деп ойлаймыз",– деді инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек үкімет отырысында.

Министр өзі ұсынған шешімдердің мәнісін ашып көрсеткен жоқ, олардың барлығы слайдта ұсынылды. Қазіргі уақытта филиалдардың және өкілдіктердің бірінші басшылары Қазақстанда жұмыс істеу үшін рұқсат алуы керек. Енді ИДМ филиалдардың және өкілдіктердің бірінші басшылары үшін жұмыс істеуге рұқсат беру талаптарын алып тастауды ұсынады.

Сонымен бірге қазір ішкі корпоративтік ауысуда үлестес компаниялар мамандарының ауысуын қарастырылмаған. Сондықтан, филиалдар мен өкілдіктермен қатар үлестес компанияларға ішкі корпоративтік ауысуларға рұқсат ету ұсынылып отыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта мамандар ШЖК (шетелдік жұмыс күшін) тартуға рұқсат алу үшін қазақ тілін білу деңгейін растайтын Қазтест сертификатын ұсынуы қажет.

Мемлекеттік тілді білу талабы алып тастауға жататын баптардың қатарында жүр. Министр Жеңіс Қасымбектің аузынан ондай сөз шыққан жоқ. Ондай ұнысыс алып тастауға жататын баптардың слайдымен экранда көрсетілді.

Мұнымен қатар визалық тәртіпті реттеу керек. 2017 жылдан бастап 55 елдің азаматтары, соның ішінде экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше-елдер, сондай-ақ ірі инвесторлар елімізге визасыз 30 күнге дейін жұмыс қызметін іске асыру құқығынсыз келе алатын болады.

"Осымен бірге инвесторларға нақ жұмыс істеу визасын рәсімдеу шарасын жеңілдету мәселесі маңызды болып отыр. Осыған байланысты ИДМ мен СІМ арасында виза беру үдерісін аутсорсинг арқылы рәсімдеумен электрондық виза (S5 Systems. – Автордың ескертуі.) алу жүйесін әрі қарай жеңілдету (Қазақстан СІМ-нің Қытайдағы өкілдігі тәжірбесін ескеріп), бәсекелік ортаға беру туралы келісімге келдік. СІМ Қытайға қатысты жоба дайындап жатқанын білеміз. Дегенмен жұмыс визасын алуға әлі де ұзақ уақыт кетеді",– деді министр. Оның өзінде жұмыс визасын алуға іс жүзінде 2 аптаға дейін, ал заң бойынша 41 күнге дейін уақыт керек. Соған байланысты ИДМ-де әріптестерінен заң жүзіндегі уақытты 14 күнге дейін қыстартуды өтінеді.

Сонымен қатар министрлік көші-қон үдерісін  заң бұзушылықтан ада етуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, елде болу мерзімін бұзған жағдайда шетелдік азаматтарға сот шешімінсіз айыппұлын шекарада төлеуге рұқсат ету керектігі ұсынылды.

 

Инвесторларға салық айлағы уәде етіліп отыр

ИДМ шетелдік ірі инвесторлар үшін салық бонусын ұсынып отыр. Қазіргі уақытта ұлттық заңнама салық төлемей немесе толық төлемей салық заңын бұзған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартуды қарастырған. Осыған байланысты компаниялардың салықты төлемеген не толық төлемегенде қылмыстық/әкімшілік жауапкершілігін белгілеу үшін салық сомасы шегі қазіргі 20 мың АЕК мөлшерінен көтерілуі керек.

Министрдің айтуынша, салықтық және кедендік заңнаманы қолдану барысында бірыңғай түсініктің болмауы инвесторларды шатастырады.

"Еліміздің салық төлеу бойынша Doing Business рейтингісінде 57 орыннан 60 орынға төмендеуін атап кеткен жөн. Біз бұны салық жинау саясатының күшейгенімен, сондай-ақ кейбір заң нормасын әрқилы түсіндірумен байланыстырамыз. Инвесторлар салық төлемеу жауапкершілігінің төменгі шегі тағы да бір мәселе деп көрсетеді",– деді ол.

Мәселені шешу үшін салықтық және кедендік заңнаманың нормаларын түсіндіруге бірыңғай онлайн база құру керек. Ол базада салықтық және кедендік дау бойынша сотқа дейінгі және сот шешімдерін орналастырған дұрыс. 

Өңірлердегі инвесторлармен арадағы жұмыстың денін министр Инвестиция және даму министрлігінің "KAZNEX INVEST" экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі" АҚ-ға береді.

"Инвесторлар өңірлерде рұқсат құжаттарын алу барысында кездесетін бөгеттердің бірден бірі, жүйелі түрде душар болатын бөгет ретінде әкімшілік бөгеттерді атап көрсетеді. Бұл құрылысқа рұқсат беру, мемлекеттік актілер, пайдалануға енгізу актілері және т.б. Осыған байланысты Kaznex Invest-тің жұмысын қайта құруды және оның жанынан инвесторларға қызмет көрсететін, өңірлерде филиалдары бар толыққанды орталық құруды ұсынамыз",– деді Жеңіс Қасымбек. 

 

Инвесторларға дайын жобалар ұсынылатын болады

ИДМ инвесторларға жай "бизнес-идея" ғана ұсынбас үшін дайын инвестжобалардың тізілімін дайындауды ұсынып отыр.

"Бүгінгі күні инвесторларға ұсынуға тұратын дайын, пысықталған жобалар аз. Жобалардың мәлімет базаларының барлығында дерлік еш есеп-қисабы жоқ "бизнес-идеясы" ғана жиналған, еліміздің шетелдік өкілдіктерінде келешегі бар жобалар туралы сапалы ақпарат жоқ. Осыған байланысты салалық органдар, "Самұрық-Қазына" холдингі, облыс әкімдіктері және ұлттық компаниялар бірлесіп, үш ай ішінде әрбір өңір мен салаға жататын жобалардың тізімін дайындап, оларды 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін халықаралық стандарттарға сай "әзірлеп" қою керек",– деді министр.

Оның айтуынша, мұндай жұмыс қазіргі уақытта McKinsey&Company компаниясымен бірлесіп жасалып жатыр.

"Үстіміздегі жылдың соңына дейін әзірге 4 сала бойынша егжей-тегжейлі ұсынысты дайындай аламыз. Ол – химия өнеркәсібі, жашина жасау, азық-түлік өнеркәсібі және сауда", – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ министр әрбір ТҰК-пен жеке-жеке жұмыс істеуді ұсынды. "Ол жекелеген тариф, инфрақұрылымы бар жер телімдері, жер қойнауы мен геологияға қол жеткізу, жұмыс күшіне қатысты квота, сонымен бірге off-take деп аталатын келісім-шарттарының мәселесі болуы мүмкін",– деп шамалады ол.

Министр елімізге халықаралық ірі компанияны тарту үшін оны жоқ дегенде "экспорттық нарық кеңістігімен" қамтамасыз етіп, әрі қарай экспортқа шығару кепілдігін беру керек деп есептейді. Сонымен бірге бірінші вице-министрдің басшылығымен әр ТҰК-пен жеке жұмыс істейтін жұмыс тобын құруды ұсынды.

ИДМ елге ТҰҚ-ты тарту үшін бірқатар Арнайы экономикалық аймақтағы (АЭА) салалық шектеуді жою, АЭА-ның басқарушы компанияларын бюджеттен 3-4 жылға қаржыландыру механизмін орнату, АЭА-ның басымдылығына қарай оның инфрақұрылымын кезең-кезеңмен салу, қолданыстағы заңнамада өнеркәсіптік аймақ мәселесіне қатысты нормаларды бекітуді ұсынды.

Дәл қазіргі уақытта елге Глобал-2000 тізіміндегі 52 ТҰК  тартылып отыр. Олар еліміздің 17 саласында жұмыс істейді. Ел шамамен 200 ТҰК-ты тартуды жоспарлап отыр. ТҰК-тың және жәкірлі инвесторлар қатысатын 30 жоба жұмыс істеп жатыр, оның ішіндегі ТҰҚ қатысатын 25 жобаны және жәкірлі инвесторлар қатысатын 5 жобаны 2017-2018 жылдарда жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Осының 30%-ы қайта анықтау үрдісі кезінде "шығып қалуы" мүмкін, деп атап көрсетті Жеңіс Қасымбек.

Өз кезегінде Сырқы істер министрі Ерлан Ыдырысов шетелдіктерді шекарадан өтісімен бірден тіркеуді ұсынды.

"2017 жылдың қаңтарынан бастап визасыз тәртіп алатын елдердің азаматтарын шекарадан өтісімен инвесторлық виза иесі ретінде бірден автоматты тіркеу жүйесін енгізу, рұқсат етуді не қамтамасыз етуді ұсынамын. Бұл елдегі бизнесті, инвестициялық климатты едәуір жақсартады, деп санаймыз. Яғни, бұл азаматтарды тіпті инвесторлық визасы болмаған күннің өзінде тіркеуден босатады", - деді министр.

Сыртқы істер министрінің ойынша, еліміз ұлттық сауда саясаты тұжырымдамасын әзірлеуді қажет етеді. "Біз ДСҰ-на мүше болдық, Қазақстан ЕАЭО-ның белсенді мүшесі, Еуропалық одақпен серіктестікті кеңейту туралы келісімге қол қойылып, іске аса бастады, сондықтан бізге тұжырымдама жасаудың қажеттілігі туып отыр. Осыған орай ведомствоаралық негізде ұлттық сауда саясатының көрнекті тұжырымдамасын дайындау керек деп есептейміз", – деді сыртқы істер министрі.  

Сондай-ақ министр Ерлан Ыдырысов елшіліктердің елде жүріп жатқан жекешелендіру мәселесіне қатысты нақты түсінігі жоқ екенін айтып кетті. "Біздің елшіліктердің бұл мәселеге қатысты нақты түсінігі жоқ, олар бұған қатысты қандай жұмыс істеліп жатқанын білмейді... Бізде бұған қатысты нақты және айқын көрініс жоқ",– деді ол.

Осыған байланысты Ерлан Ыдырысов жекешелендіру ісінде бірыңғай ақпаратты жоспар әзірлеуді ұсынды. Оның ойынша, жекешелендіру бойынша барлық мемлекеттік органның бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу қажет.

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы Басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов барлық елшіліктің белсенділігін соңғы жылы ғана көріп отырғанын айтты. "Көрсетілген негізгі елшіліктер ғана емес, іс жүзінде барлық елшілік инвестицияны тарту үрдісіне тартылған. Барлық елдің сауда-экономикалық қатынасты ұйымдастыруға белсенді кіріскенін көріп отырмыз",– деді ол.

Оның ойынша, инвесторлармен арадағы жұмысты орталықтандырып жүргізу қажет.

"Біздің орталықта бұл ИДМ мен Kaznex... Инвесторларға қызмет көрсету орталықтарында, әйтсе де, алшақтық бар. Мысалға келтірсем, әр өңірдегі инвесторларға қызмет көрсету әрқилы ұйымдастырылған. 8 облыста олар ӘКК (Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация) бөлімі ретінде құрылған,– деді төраға. – ӘКК-тің тұрақтандыру қорымен, қандай да жергілікті мәселелермен айналысатынын ескерсек, мұндай жұмыстың тиімді болмайтыны түсінікті. 6 облыста олар әкімдік жанындағы жеке ЖШС болып құрылған. Бұл жұмысқа деген көзқарас осындай әр түрлі. Бірыңғай тәсіл мен стандарт жоқ болған кезде түсініктің де әр түрлі болатыны белгілі".

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу