Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бұрымды боксшымыз Элина Базарова жарыс жолын аяқтады.
54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз 1/8 финалда Үндістан өкілі, әлем Кубогының жеңімпазы Прити Притимен кездесті. Жекпе-жек тартысты өтіп, үш раунд бойы екі боксшы да белсенділік танытты.
Алайда шешуші үшінші раундта қарсыласы басым түсіп, төрешілердің шешімімен кездесу 0:5 есебімен үндістандық спортшының пайдасына аяқталды.
Осылайша, сары құрлық бәсекесінің алғашқы күні екі боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды. Бұған дейін Жазира Орақбаева жарақатына байланысты жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған болатын. Алдағы жарыс күндері Қазақстан атынан тағы 18 боксшымыз шаршы алаңға шығады.