banner

Елорда әкімдігі мүгедекке берілген пәтерді тартып алмақшы

1541

Сот шешіміне сәйкес, отбасы пәтерді босатуы керек. 

Елорда әкімдігі мүгедекке берілген пәтерді тартып алмақшы

Нұр-Сұлтанда бірінші топтағы мүгедекке берілген баспананы әкімдік тартып алмақ. Аудандық сот елорда әкімдігінің пайдасына шешім шығарған. Бұл пәтерде 9 жыл тұрған қала тұрғыны Жансая Кәденова бұл шешіммен келіспейді. Оқиғаның мән-жайын inbusiness.kz тілшісі анықтады.

Жансая Кәденова Нұр-Сұлтандағы Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі "Шаңырақ" тұрғын үй кешенінде тұрады. 2011 жылы елорда әкімдігі оның анасы Марал Кәденоваға осы үйден пәтер беріпті.

"10 жыл тұрғын үй кезегінде тұрдық. Анам бірінші топтағы мүгедек болатын. 2011 жылы баспаналы болу бақыты бұйырды. 6 айдан соң анам өмірден озды. Бұл кезде 19 жастамын. Тұрғын үй басқармасы "уайымдама, сенен үйді ешкім тартып алмайды" деп сендірді", – дейді тұрғын.

2012 жылдың 30 мамырында басқарма Жансая Кәденоваға пәтерді жалға береді.

"Осылайша, 9 жыл пәтерді жалға алып, ақысын уақытында төлеп тұрдым. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы пәтерді басқару құқығын "Тұрғын үй қоры" мемлекеттік мекемесіне берді. 2020 жылы мекеме менімен келісімшартты созудан бас тартып, баспананы босатуды талап етті", деді тұрғын.

Оның пікірінше, әкімдіктің бұл әрекеті заңға қайшы.

"Менің білуімше, заңға ("Тұрғын үй қатынастары туралы" заң - автор) сәйкес, бірінші және екінші топтағы мүгедектер мемлекеттік тұрғын үй қорынан қайтарымсыз негізде тұрғын үй алады. Тиісінше, бұл құқық олардың балаларына да өтеді. Ал мен пәтерді анам қайтыс болғасын жалға алдым.

Сондай-ақ Тұрғын үй басқармасы 2012 жылдың 6 сәуірінде мені үйге мұқтаж адамдардың тізімінен шығарып тастаған. Оны маған ескертпеген. Ал бір айдан соң "Тұрғын үй қоры" менімен тұрғын үйді жалға алу келісім шартына отырады. Бұл әрекеттер заңға қайшы емес пе?",  деді Жансая Кәденова.

Оқиғаның мән-жайын білу үшін Нұр-Сұлтан қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына да хабарластық.

"2003 жылдың 17 қазаннан бастап Марал Кәденова бірінші топтағы мүгедек санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік осал тобы тізімінде болды.

"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 73-бабына сәйкес, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруге негiздер жойылса, .... тұрғын үйге мұқтаж есебiнен шығарылады. "ЗТМО" РМҚК 2012 жылдың 1 наурыздағы № 03-26/2059 мәліметінше, Жансая Кәденованың анасы Марал Кәденованың қайтыс болуына байланысты тұрғын үй кезегінен (Астана қаласының тұрғын үй комиссиясының 2012 жылғы 6 сәуірдегі шешімі негізінде) шығарылды",  деп жазылды басқарма жіберген хатта.

Сонымен қатар басқарма Жансая Кәденова бұл пәтерде енді тұра алмайтынын атап өтті.

"Марал Кәденоваға пәтер кезек тәртібінде тұрғын үй алғанға дейін берілді және Жансая Кәденова, яғни оның отбасы мүшелері үшін тұрғын үй кезегі сақталмағанын және Жансая Кәденова тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрмайтынын назарға алу керек. Пәтерді жалдау (жалға алу) шарты мерзімінің аяқталуына байланысты Жансая Кәденова одан әрі бұл пәтерде тұра алмайды. Бұл ретте Жансая Каденованың коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекті қалпына келтіру туралы сотқа талап арызбен жүгіне алады",  деп жазылды хатта.

Елорда тұрғыны бұл мәселе Сарыарқа аудандық сотында 2020 жылдың 26 қарашасында қаралып, осы жылдың 8 қаңтарында үкім шыққанын жеткізді. Сот шешімді елорда әкімдігінің пайдасына шығарған. Енді ол алдағы уақытта пәтерді босатуы керек.

"Сот үкімі заңды күшіне енген. Бірақ бұл шешімге көңілім толмайды. Жоғары инстанцияларға шағым түсіремін. Себебі, 9 жылдан соң маған пәтердің "уақытша" берілгенін біліп отырмын. Тіпті, жалға берілетін пәтерді сатып алу құқығынан айырылып, одан шыққалы жатырмын. Ал бұрын әкімдік "сенен үйді ешкім тартып алмайды" деген болатын. Менің пәтер сатып алуға мүмкіндігім жоқ. Колледжде оқытушы болып жұмыс істеймін. Ал күйеуім тұрақты еңбек етпейді. 2 баламыз бар. Табысымыз орташа", – деп түйіндеді сөзін Жансая Кәденова.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу