Елордада Forte 60 Women’s турнирінің жеңімпаздары анықталды

1205

Нұр-Сұлтанда жүлде қоры 60 мың АҚШ доллларын құрайтын ITF W60 сериялы халықаралық турнирі мәресіне жетті. Финалда турнирге бірінші нөмірмен тіркелген бельгиялық Грет Миннен мен ресейлік Анжелика Исаева кездесті.

Елордада Forte  60 Women’s турнирінің жеңімпаздары анықталды

Алғашқы сетте жас теннисші Исаеваға ойынды өз пайдасына аяқтау үшін бір брейк қана қажет болды. Ойын бойы Миннен басы айналып, өзін нашар сезінгеніп, бірнеше рет дәрігерлерге барған. Бірінші сет аяқталғаннан кейін ол жарысты мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдады. Кейін белгілі болғандай, бельгиялықтың асқазаны ауырған. Дегенмен бұл жеңіліске қарамастан, Миннен бүгін WTA рейтингінде 78-ші орынға көтерілді.

Анжелика үшін бұл ересектер арасындағы бірінші ITF титулы. Турнир барысында ол тек Миннен ғана емес, Нұр-Сұлтандағы дәл осы турнирдің былтырғы чемпионы, грузиялық Мариям Болквадзеден де басым түсті.

Сонымен қатар жұптық турнирдің де жеңімпаздары анықталды.

Жарыстың шешуші ойынында Екатерина Макарова (Ресей)/Линда Носкова (Чехия) мен Анна Шишкова(Чехия)/Мария Тимофеева (Ресей) жұбы кездесті. Екатерина мен Линда 56 минутта қарсыластарын 6:2, 6:3 есебімен жеңді.

17 жасар Линда Носкова өткен жылы жекелей сында Францияның ашық чемпионатында жеңіске жетті. Ал Қазақстандағы титул оның кәсіби мансабындағы ересектер арасындағы жарыстардағы алғашқысы болды.

"Бұл жерде жеңіске жету маған тамаша сезім сыйлады. Өйткені бұл менің W 60 сериясындағы турнирлердегі алғашқы жеңісім. Линда екеуміз бір апта бойы жақсы ойнап, әр матчқа бейімделіп, нәтижелі өнер көрсеттік", - деді Макарова.

Ал бұл жарыста қазақстандық теннисшілер жүлдегерлер қатарынан табылмады. Жібек Құламбаева жұптық сында Ұлттық теннис орталығында өткен турнирдің ширек финалынан әрі аса алмады. Қазақстандық теннисші Польша өкілі Мартина Кубкамен бірге ¼ финалда өзбекстандықтар Нигина Абдураимова – Ақгүл Аманмұрадовамен шеберлік байқасты. Тартысты бәсекеде өзбекстандық жұп 7:6 (9:7), 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Осылайша өз елімізде өткен жарыста қазақстандық теннисшілер жеңіске жете алмады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу