Елордада "Кіші Талдыкөлді сақтап қалайық" экосенбілігі өтті

1613

Көл суын кептіріп, орнына құрылыс нысандарын салуға жақын маңда тұратын азаматтар, экологтар мен жұртшылық наразылық танытты. 

Елордада "Кіші Талдыкөлді сақтап қалайық" экосенбілігі өтті

Кіші Талдыкөл жағасында экологиялық сенбілік өтті. Бұл күні табиғат тағдырына бей-жай қарай алмайтын адамдар, қоғам белсенділері, экологтар және жақын маңдағы үйлердің тұрғындары көлді қоқыстан тазартты әрі жергілікті биліктің көлді кептіруге деген ниетіне қарсылығын білдірді.   

"Жеті шатыр" тұрғын үй кешені Кіші Талдыкөл жағасында орналасқан. Әкімдіктен осы көлді құрғату жөніндегі келісімге қол қою туралы өтініш хат алдық. Ол хатта жағымсыз иіс, маса мен жан-жануарлар жайлы айтылды. Кейінірек бұл көлдің орнына тұрғын үйлер мен басқа да нысандар салғылары келетінін білдік те, дабыл қаға бастадық. WhatsApp месенджерінде топ құрдық та, мәселені талқылап, сенбілік ұйымдастырғанды жөн көрдік. Бұл жайлы әлеуметтік желілерде жаздық. Көпшілік бізді қолдады. Сенбілікке келгендер арасында тек "Жеті шатыр" тұрғын үй кешенінің ғана емес, "Театральный", "Баспана", "Жасыл орам", "Зәм-Зәм" тұрғындары мен басқа да азаматтар бар. Бізді елорданың көптеген тұрғыны қостады. Қолдауға келгендердің қарасы көп", – деп айтып өтті "Жеті шатыр" кешенінің тұрғыны, қоғам белсендісі Бақтияр Омарханов.

Сенбілікке қатысқан адамдар көлде саз-балшық, жағымсыз иіс пен шыбын-шіркей таппағанын айтады, ал қоқыс көп жиналған.

"Көлдің өзі керемет, бірақ айналасының жағдайы мәз емес. Адамдар қоқысты шөптің арасына да, көлге де тастаған. Құрылыс қалдықтары өте көп. Біреулер мұнда қоқыс жәшіктерінен шыққан сағыз, темекі қалдығы, әртүрлі қаптарды әдейі әкеліп тастайтын сияқты", – дейді ол.

Үш сағатта қап-қап қоқыс жиналып, көлдің бір шеті тазарды. Наразылық білдіру акциясына қатысушылар көлді тазалауды келесі аптада жалғастыруға шешім қабылдады.

"Сенбілікті келесі аптада тағы өткіземіз. Себебі алға жылжи бастағанымызбен, ары қарай өту қиындады. Ол жерде арнайы техникамен шығаруды қажет ететін үлкен қоқыс қалдығы бар", – деген Бақтияр Омарханов қажетті техниканы іздейтіндерін айтты.

Айта кетсек, Кіші Талдыкөл қалыптасқан Талдыкөл көлдер тобына кіретін экожүйенің бір бөлігі. Көлді 28 түрлі құс мекендейді. Ал жыл құстары қайтқан кезде осы көлге құстың 200-ге жуық түрі қонады. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу