13-15 қараша күндері Астанадағы "Арғымақ" ат спорты кешенінде кедергілерден секіру (конкур) бойынша Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ел біріншілігі жабық манежде Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясы бекіткен ережелерге сәйкес ұйымдастырылады. Командалар 12 қарашада елордаға келеді.
Жарыс бағдарламасы үш күнге жоспарланған. 13 қарашада 16:00-де ветеринариялық инспекция мен техникалық жиын өтеді.
14 қарашада сағат 10:00-де чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі басталады. Одан кейін 10:30-да "А" тобы 130 сантиметрлік, ал 12:00-де "В" тобы 120 сантиметрлік маршрут бойынша сынға түседі.
15 қараша 10:00-де "А" тобының шабандоздары 140 сантиметрлік, ал 12:00-де "В" тобы 130 сантиметрлік кедергілерден өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі сағат 16:00-де өтеді.
Чемпионатқа "А" тобында жасы 7-ден асқан жылқылар мен 16 жастан асқан шабандоздар қатысады. Ал "В" тобында 6 жастан асқан жылқылар мен 14 жастан асқан спортшылар бақ сынайды.
Жарысты ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Астана қаласының әкімдігі және Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясы ұйымдастырады.