Италияның әйгілі "Джиро д’Италия" көпкүндігінің шешуші аптасына жол ашқан он алтыншы кезең қазақстандық жанкүйерлер үшін қуанышты жаңалықпен басталды. XDS Astana Team командасы қос жеңіске қол жеткізді. Кезеңнің басты қаһарманы Кристиан Скарони мәреге бірінші болып келсе, оның командаласы, тау классификациясының көшбасшысы Лоренцо Фортунато екінші орынға ие болды.
Сан-Валентино қаласына жетелеген бұл тартысты кезең биылғы велобәйгенің ең алғашқы шын мәніндегі ауыр сынағы болды. 203 шақырымдық қашықтықта шабандоздарды төрт бірдей күрделі асу тосса, соңы 18 шақырымдық ұзақ тауға көтерілумен аяқталды. Мұндай жарыс жолы нағыз батырларға ғана бағынатын бағыт.
XDS Astana Team шабандоздары белсенділік танытып, жарыстың алғашқы асуында-ақ шабуылға шыға бастады. Лоренцо Фортунато, Кристиан Скарони және Фаусто Маснададан құралған трио бірден алға озды. Жол бойындағы барлық таулы межелерді бірінші болып кесіп өткен Фортунато өз мәртебесін тағы бір рет дәлелдеді.
Ал мәреге таяған сәтте, алдымен Скарони, артынша Фортунато жасаған шабуыл қарсыластарды шайқалтып, XDS Astana Team-нің ұлы жеңісіне жол ашты. Екі әріптес иық тірестіре мәреге жетіп, команда үшін тарихи нәтижеге қол жеткізді.
"Мен әлі күнге дейін бұл жеңісті толық сезініп үлгермедім! Бұл команданың тамаша еңбегінің нәтижесі. Біз басынан бастап дұрыс тактикамен жұмыс істедік. Лоренцоға барынша ұпай жинауға көмектестік. Өзіміз де аянып қалған жоқпыз. Соңғы асуда бірге шабуыл жасап, тек екеуіміз алда қалдық. Бұл – ортақ жеңіс", – деді жарыстан соң Кристиан Скарони.
Бұл кезең XDS Astana Team үшін тек спорттық жеңіс қана емес, командалық рух пен мызғымас бірліктің де көрінісі болды. Алда әлі бірнеше кезең күтіп тұр, алайда Италия төріндегі жарқын жеңіс алдағы күндердің жаршысы іспеттес.