Өзбекстан әйелдер құрамасының бас бапкері Элшад Расулов ел боксының қазіргі әлеуеті туралы журналист Айбек Мұхановқа шағын сұхбат берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, елде әйелдер боксы құрылғанына көп болмаған. Бар болғаны бес жыл аралығында екі Олимпиадаға қатысып үлгерген. Сол себепті, алдағы Лос-Анджелес Олимпиадасынан көп үміт күтеді. "Менің ойымша, бәрі жақсы болады. Біздің команда әзірге өте жас. Жеңістеріміз тұрақты болады деп айта аламын" деп ашығын айтты бас бапкер.
– 70 келідегі боксшыны алып келмеуіміздің себебі – бір-екі күн қалғанда ауырып қалды. Осылайша, 70 келі салмақта ешкімді алмадық. Уақытымыз жетпегені үшін орнына басқа боксшы тауып үлгермедік, – дейді ол.
Сонымен қатар, Элшад Расулов Өзбекстан бокс федерациясы әйелдер құрамасына кубалық маман Фернандес Хименез Барбароның келуі туралы пікір білдірді.
– Біз кубалық маманмен ұлттық құрамада жұмыс істеуді бастадық. Фернандес Хименез Барбароның көп жылдық тәжірибесі бар. Шетелдік мамандармен бірлесіп жұмыс істеу техника алмасуға себепші болады, әрқашан пайдаға жұмыс істейді. Өзбекстанымызда да тәжірибелі бапкерлер бар. Бірақ, Кубаның бокс саласында ірі держава екенін білеміз. Сондықтан, біз олармен бірге жұмыс істеп, қызмет атқарып жатырмыз, – деп қоса кетті Элшад Расулов.