Ең төменгі жалақыны өсіреміз – Біржан Нұрымбетов

15928

Халықтың табысы бір адамға шаққанда  59 мың теңгеден аспай отыр. 

Ең төменгі жалақыны  өсіреміз – Біржан Нұрымбетов

Халық алдында есеп беру кездесуінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов  адамдардың 77%-ының жалақысы 200 мың теңгеден төмен екенін мәлім етіп, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру керектігін алға тартты.

"Халықтың табысы көп емес, төмен. Біздің сараптамамыз бойынша, бір адамға шаққанда халықтың табысы 59 мың теңгеден аспай отыр. Оның бәрі бірінші кезекте жалақыдан шығады. Біздің әлеуметтік төлемдер жасап жатқанымыз жұмыс істеп жүрген азаматтардың арқасында. Кезінде Маргарет Тэчер айтқандай, "мемлекеттік бюджет деген түсінік жоқ, ол салық төлеушілердің ақшасы". Сондықтан  жұмыс істеп жүрген азаматтарды қолдауымыз керек. Өкінішке қарай, ресми статистика бойынша еліміздегі орташа жалақы 200 мың теңгеден аспай тұр. Сараптап келгенде, оның ішіндегі адамдардың 77%-ының жалақысы 200 мың теңгеден төмен. Бұның өзі салықтарды қоспағанда. Жалақы мөлшері әр салада әртүрлі. Айталық, ауыл шаруашылығы саласында – 105 мың теңге. Өңірлерде де әртүрлі. Мысалы, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарында орташа жалақы 140-145 мың теңгеден аспай отыр", – деген министр бүгінгі күні не істелгенін және не істеу керектігін айтты.

"Біріншіден, бюджеттік салада 1 млн 300 мыңдай қызметкер жұмыс істеп жатыр. Бұл үкіметтің құзырында. Былтыр маусым айында барлық бюджет қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға көбейді. Осы жылдың басынан мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет саласы мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 25%-дан 60%-ға дейін, орташа алғанда 30%-ға көбейтілді. Ал жеке секторда 5,5 млн адам жұмыс істейді. Бұл адамдардың жалақысы жұмыс берушінің құзырында. Былтырғы жылы Елбасы үндеу жасаған еді. Сөйтіп, біздегі 205 мың жұмыс беруші компания өздерінің төмен жалақы алып жүрген 1,2 млн адамының айлық жалақысын 32-33%-ға көбейтті. Бұл да бүкіл мәселені шешіп отырған жоқ. Дегенмен мемлекет тарапынан ең төменгі жалақы реттеледі. Былтырдан бері ең төменгі жалақы 42500 теңге. Оның өзі де аз. Сондықтан оны көтеру қазіргі кезде өте маңызды. Салыстырмалы түрде алсақ, орташа жалақының 21%-ын ғана құрап отыр. Бұл көрсеткіш – өте төмен. Сол себепті бұл мәселені көтеріп жатырмыз. Қазіргі жағдайда, дағдарыс кезінде әрине бюджет шығындарын талап ететіндіктен бұны жүзеге асыру қиындау болады. Алайда алдағы жылдары кезең-кезеңмен ең төменгі жалақыны арттырамыз. Әзірленіп жатқан еліміздің 2025 жылға дейінгі даму жоспарында да бұл көзделіп отыр", – деді Біржан Нұрымбетов.

Нұржан Көшкін 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу