Еңбек министрлігі фрилансты "өлтіріп" тынбай ма?

3531

Тамара Дүйсенованың командасы әзірлеген, жаңа Парламент қабылдаған Әлеуметтік кодекс дау туғызып жатыр. Ол қанды қаңтар оқиғаларынан бері онсыз да шиеленіскен еңбек саласында болашақта дағдарыс туындатып, әлеуметтік кернеуді өршітуі мүмкін. 

Еңбек министрлігі фрилансты "өлтіріп" тынбай ма? Фото: yandex.kz

Әлеуметке қарсы кодекс

Сарапшылар Әлеуметтік кодекс алда еңбеккерлердің жағдайын нашарлатуы, халықтың наразылығын тудырып, елдегі тұрақтылыққа залал келтіруі мүмкін шалағайлықтарға, шикіліктерге толы екеніне назар аудартты.

Бұған мән берген Конституциялық сот кодекс жобасының Ата заңға қаншалықты сай екенін жеке қарауға мәжбүр болды.

Фото: tengrinews.kz

Нәтижесінде, Конституциялық сот 2023 жылғы 8 сәуірдегі №8 нормативтік  қаулысымен "Әлеуметтік кодекс Қазақстан Конституциясына сәйкес келеді" деп танығанымен, ондағы қаптаған қайшылыққа назар аудартты. Оның бірі тіпті Ата заңды бұзатын көрінеді.

"Кодекстің 4-бабының ережелерінің Конституцияның 14-бабы 2-тармағымен арасында айырмасы бар... Конституцияның 14-бабының 2-тармағында тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды деп бекітілген", – деп атап көрсетті Конституциялық сот (КС).

Бұдан бөлек, КС Әлеуметтік кодекстің "әлеуметтік құқықтарды кез келген шектеу де кемсітушілік болып табылады" деп түсіндіретініне назар аудартты. Ата заңның 14-бабының 2-тармағында ол жоқ.

Конституциялық соттың байламынша, Әлеуметтік кодекс "азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау саласындағы қолданыстағы құқық құрамын негізсіз тарылтады". КС аталған кодекстің 125-бабында учаскелік комиссияның өтініш беруші отбасыға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) берудің қажеті жоқ екендігі туралы қорытынды шығаруы үшін негіздер санамаланғанын сынады. Кодексте мұндай қорытындыны шығару үшін қосымша негіздерді жергілікті әкімдік мәслихаттың келісімі бойынша белгілейді деп бекітілген. Конституциялық соттың пайымдауынша, "учаскелік комиссияның теріс қорытындысы адамның АӘК алуын болғызбайды", азаматтардың құқық субъектілігіне, құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді.

Жалпы алғанда, Конституциялық сот жаңа кодекстен 7 қомақты кемшілікті тапты. Оның қаулысында Кодекстің 207-бабының 1-тармағында әйелдердің зейнеткерлік жасын 63 жасқа дейін кезең-кезеңмен көтеру белгіленгені айтылған.

Inbusiness.kz порталына сұхбатында сарапшы Вера Капацина Әлеуметтік кодекс елге ауыртпалық әкелетінін ескертті. Мысалы, оның аясында қазіргі Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) жою елімізде мемлекеттен еш қайыр мен қамқорлық көрмей, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың армиясын болашақта әлеуметтік қорғаудан және зейнетақылық қамсыздандырудан айыруы мүмкін екен. 

Қалай болғанда, Әлеуметтік кодекске Мемлекет басшысы қол қойып қойды. Яғни, ол өмірге жолдама алды. Бірақ Әлеуметтік кодекс бірден емес, 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Сонымен бірге олқылықтарын жою үшін Президент қаламының сиясы кеппеген су жаңа кодекске өзгерістер енгізіледі. Конституциялық сот Үкіметке "Әлеуметтік кодекске және басқа да заңдарға Конституциялық соттың нормативтік қаулысында көрсетілген құқықтық ұстанымдарына сәйкес түзетулерді енгізетін заң жобасын Мәжіліске енгізуге бастама жасауды" ұсынды.

Мемлекет тағы да бизнес жүгін ауырлатты

Еңбек министрі Тамара Дүйсенованың командасы дайындаған осы Әлеуметтік кодексте басты бір жаңалық бар. Ол бір қарағанда, еңбеккерлердің қамын ойлаған сияқты көрінеді. Алайда астарына үңілсек, ол осы министрлікке қарайтын "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-ның қоржынын толтыруға бағытталған.

Әңгіме азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен (АҚС шарты) жұмыс істейтіндер турасында. Еліміздегі фрилансерлердің, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлкен бөлігі осы форматта жұмыс істейді. Мұнда жұмыс беруші өз персоналын шектен тыс жүктемеу үшін жұмысының бір бөлігін аутсорсингке беріп, фрилансерлермен АҚС шартын бекітеді. Оған сәйкес, кәсіби маман компания жүктеген жұмыс көлемін орындайды, сол үшін компания бекітетін тарифпен тиісті ақысын алады. Бұл тұрғыда ол маман қызметкер емес, кәсіпкер сияқты қызмет етеді, қызмет көрсетеді.

Шығынын азайту үшін көптеген компания төл қызметкерлерін штаттан шығарып, олармен жаппай АҚС шартын бекітуде. Сөйтіп жұмыс беруші медициналық сақтандыру жарналары мен аударылымдарын, әлеуметтік аударылымдарын төлеуден босатылады. Мұның бәрі және зейнетақылық жарналар мен жеке табыс салығы АҚС шартын бекіткен маманның табысынан ұсталады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер өз штатындағы қызметкерлер сыртында, енді АҚС шарты негізінде қызмет көрсететін мамандар үшін де әлеуметтік аударылымдар (жарна мен әлеуметтік салықты) төлеуге мәжбүр етіледі.

Еңбек министрлігі мұның бәрі жеке тұлғаның жалақысынан ұсталмайтынын, ол төлемді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жұмыс беруші өз есебінен аударатынын айтып, дәйектеді. Демек, АҚС шартына ауыстырылғандардың табысы төмендемеуге тиістей. Әрі аталған қор да қосымша ақшаға толады. Бір қарағанда барлық тарап ұтады.

Бірақ Т.Дүйсенованың бұл ноу-хауы тек МӘСҚ-тың ұпайын түгендемек. Ал онсыз да табысының үлкен бөлігін салықтар мен аударылымдарға жұмсауға мәжбүр жұмыс берушілерге қосымша салмақ түскелі тұр. Яғни, бизнес ұтылады, шығын шегеді.

Бұл мемлекетке салығын салмай, өз күнін өзі көріп жүрген фрилансерлерге де қиындық әкелуі мүмкін. Өйткені сарапшылар ниеті таза емес жұмыс берушілер жаңа әлеуметтік аударылымдарды бәрібір АҚС шартын бекіткен қызметкерлерге аудара салады деп отыр.   

Фото: anadv.kz

"Әлеуметтік кодекстегі бұл норма АҚС шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың табысын құлдыратады. Мысалы, компания өз жүйесінің күйін келтіру үшін жергілікті IT-маманды уақытша жалдауды жоспарлады. Оның бұған 100 мың теңге ғана бюджеті бар. Басқа ақшасы жоқ, тек осы 100 мың ғана. Бірақ мемлекет одан сол сома үстінен тағы 5%-ды өз қорына аударуды талап етеді. Содан мен IT-маманға айтамын: "Міне, менде 100 мың ғана бар, әйтсе де мемлекетке 5% аударуға мәжбүрмін. Сондықтан сенімен тек 95 мың теңгеге келісім бекітемін. Не сен қызметіңнің құнын түсіресің, не мен осы жұмысты істейтін басқа адамды іздеймін". Мемлекеттің осы тетігі жұмыс берушілерді азаматтарға қысым көрсетуге итермелейді. Осыдан қазақстандықтардың табысы төмендейді", – деді салық салу саласына маманданған сарапшы, Angels Niko Advisory компаниясының басшысы Вера Капацина.

Жалпы, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар тек IT секторда ғана емес, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, құрылыс, байланыс және коммуникация, қаржы, сақтандыру, өнер және ойын-сауық, көлік, ауыл шаруашылығы, сауда, басқа да салаларда кең таралған. Тіпті мемлекеттік басқару жүйесінде АҚС шартымен жұмыс істеп жүргендер қатары көп.

Ендеше жаңа төлем арқылы билік қаншама саладағы жүздеген мың адамның наразылығын өршіткелі тұр.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, Қазақстанда 1 миллионнан астам фрилансер бар. Сарапшылар жаңадан енгізілгелі тұрған әлеуметтік аударылымның (әлеуметтік сақтандырудың) "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-ның қалтасын қампайтуға бағытталғанын мынадан білуге болады деседі: осы қорда 1 жұмысшыны 1 жұмыс берушісі әлеуметтік сақтандырса, жеткілікті. Алайда Әлеуметтік кодексте көрсетілгендей, АҚС шартымен жұмыс істейтін жұмыскер бір уақытта бірнеше жұмыс берушіге еңбек етсе, сол компаниялардың барлығы сол үшін аталған қорға әлеуметтік аударылым төлеуге міндетті.

Бірақ бірнеше жұмыс берушісі қатар сақтандырған сол маман әлдеқалай жұмыссыз қалса, декретке шықса, қор оны аста-төк ақшаның астында қалдырып, қарық етпейді, тек бір жұмыс орнынан тапқан табысын есепке алады. Демек, мемлекет оны алдаған болып шығады.  

Finprom мониторинг агенттігінің сарапшылары жаңа алым-салық Қазақстандағы фриланс саласын "өлтіріп" тынуы мүмкін деген тұжырымға келді.

"АҚС шарттары бойынша заңды түрде жұмыс істеу, өзін-өзі жұмыспен қамту тиімсіз болып қалады. Бұл өзгерістер миллионнан астам қазақстандыққа кесірін тигізуі ықтимал. Елімізде фриланс көптеген әрі әртүрлі кәсіп түрлерін қамтиды. Бұл санатқа дизайнерлер, бағдарламашылар мен SMM мамандары, тамақ тасушылар, таксишілер, құрылысшылар, сауда өкілдері және басқа да толып жатқан мамандық иелері кіреді. Олардың көбі АҚС шартын бекітіп, еңбек етуде. Заң бойынша қазіргі кезде тапсырыс беруші компания АҚС шарты бар жұмыскердің табысынан зейнетақы жарнасын, жеке табыс салығын және медициналық сақтандыру жарнасын ұстап қалады. Енді билік жұмыс берушілерді сол жұмыскер үшін өз қалтасынан МӘСҚ қорына әлеуметтік аударылымдарды, яғни әлеуметтік салық пен жарнаны төлеуге міндеттемек", – деп түсіндірді агенттік сарапшылары.

Еңбекминінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) дерекқорында 2021 жылы АҚС шарты аясында қызмет көрсететін 176,9 мың қазақстандықтың дерегі бар екен. Бұл ретте осы орталық мамандары АҚС шартына отырған азаматтардың саны бұдан кем дегенде бес есе көп деп санайды. Бұл санды нақтылау үшін олар БЖЗҚ мен МӘСҚ деректер базаларына тоғыспалы талдау жүргізген. Сондай-ақ әлеуметтік салық төлемейтін, бірақ зейнетақы жарналарын аударып тұратын қазақстандықтардың санын анықтаған. Нәтижесінде, 1,05 миллион адамның осы тетік арқылы еңбекпен қамтылғанын білді.

Сарапшылар Әлеуметтік кодекстің оларға қандай соққы жасайтынын түсіну үшін келесі дерекке назар аудартады: талдау АҚС шартымен қызмет көрсетіндердің табысы шамалы екенін паш еткен. Олардың орташа табысы штаттағы қызметкерлердің орташа жалақысынан да аз: 71,5%-ын құрады. Жұмыс істейтін кедейлер де солардың арасында көп. Сондықтан ЕРДО дерегінше, табысын көтеру үшін барлық фрилансерлердің 18%-ы – бір мезгілде екі жұмыс берушіге, тағы 10%-ы – үш жұмыс берушіге жұмыс істейді.

Енді, мемлекет олардың табысын тағы төмендетіп, өз қорын байытқалы тұр. Осы орайда МӘСҚ өзіне тоқтаусыз тасқындаған аударылымдардан комиссия алатынын еске сала кеткен жөн. Яғни, жарналар мен салықтар барынша артса, қор басшылығы, басқалары табыстың астында қалады.

Халық пен бизнес қаһарынан сәл ықса керек, билік АҚС шартымен еңбек ететіндер үшін әлеуметтік аударылымдар төлеттіруді 2025 жылға қалдырды. Әлеуметтік кодекстің 262-бабында Тамара Дүйсенова командасының АҚС шарттарына қатысты осы жаңашылдығын енгізуді қарастыратын 243, 245, 246-шы баптарының тиісті нормаларының "күшіне енуін 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтата тұру" бекітілді. 2025 жылы бұл әлеуметтік аударылымдарды 5% ставкасымен төлеттіру басталады.

Үкімет пен Парламенттің еңбек саласында қордаланған мәселелерді шешу орнына, оны ушықтыруға неге ұмтылатыны түсініксіз қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу