"Еңбекпен" салынған үйлер тұруға жарамайды

1813

Қоныс аударушыларға берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. 

"Еңбекпен" салынған үйлер тұруға жарамайды

Өткен жылы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында Павлодар облысына оңтүстік өңірлерден 1546 адам қоныс аударды. Бірақ жергілікті билік берген үйлер адам тұрғысыз, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Әсіресе, Шарбақты ауданындағы баспаналарда олқылықтар көп. Тұрғындардың бірі - Башир Костоевтің айтуына қарағанда, қыс бойы шұрық-тесік үйдің ішінде жел гулеп, қабырғаларды мұз басқан.

"Құрылыс жұмыстарының барлығы – көзбояушылық. Басқасын былай қойғанда, үйдің іргетасының өзі дұрыс қаланбаған. Ауланы абаттандыру жұмыстарын да асығыс жасағаны анық байқалады. Бұл – бір емес, ондаған үйдегі мәселе. Әкімдікке бірнеше рет шағым айтып барғанымызда "әне шешеміз, міне шешеміз" деп құр уәде береді. Қолға алынған шаруа жоқ",– дейді Башир Костоев.

Былтыр бұл аудан басшылығы қоныс аударушылар үшін жалпы құны 168 млн теңге болатын 10 үй сатып алған еді. Аудандық нақты экономика секторы бөлімінің басшысы Равиль Гумаровтың айтуынша, құрылыс кезінде кеткен қателерді мердігерлер кепілдік мерзімі аясында тегін жөндеуге тиіс.

"Мұндай жағдайда баспаналар салуға немқұрайлы қараған мердігер компанияларды сотқа беруіміз керек. Бірақ олар істі сотқа дейін жеткізбей, аз уақыт аралығында кемшіліктерді жояды деп үміттенеміз", – дейді Равиль Гумаров.

Мердігерлерден бұрын бөлім басшысының өзі жауапқа тартылды. Жақында облыстық әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік конкурста көрсетілген техникалық талаптарға сай келмейтін үйлерді қабылдап алған Равиль Гумаровтың мәселесі қаралды.  

Қызметтік тексеріс қорытындысына зер салсақ, Александровка ауылынан сатып алынуы тиіс төрт пәтердің аумағы кемінде 74 шаршы метр болуы керек. Оған қоса, ол 2019 жылдан кейін салынған баспана болуы шарт. Сол үшін мемлекеттік қазынадан 33,6 млн теңге қарастырылды. Ал іс жүзінде нақты экономика секторы бөлімі аумағы 67,7 шаршы метр болатын, жергілікті "Абай" шаруа қожалығы 2014-2015 жылдары салған төрт пәтерді сатып алған.

"Бұл ауылда одан басқа бос тұрған үйлер болған жоқ. Сондықтан шаруашылық осыдан 6-7 жыл бұрын құрылысын бастап, аяқсыз қалдырған баспаналарды алып, толығымен салдық. Есік, терезе, төбелерді жаңадан қойдық. Қала берді қазынаның ақшасын 67,7 метр үшін ғана төлеп, артылған 3,6 млн теңгені қайтадан бюджетке қайтардық", – деп ақталды Равиль Гумаров.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Амангелді Хамзиннің пайымынша, мұндай жағдайда жергілікті билік техникалық талаптарды өзгертуі тиіс еді. Оның орнына өздері жазған талапқа сай келмейтін баспаналарды алып, қоныс аударушыларға берген. Соның салдарынан тұрғындар жапа шегіп отыр.

Кеңес өкілдері кемшілікке жол берген бөлім басшысы өз қызметіне сай келмейтін әрекет етті деген байламға келіп, ескерту жасаумен шектелді.

"Еңбек" бағдарламасы бойынша салынған үйлерге қатысты олқылықтар тек бұл ауданмен шектелмейді. Былтыр Ақсу қаласында 400 млн теңгеге 20 үй сатып алынған. Бірақ бүгінгі күнге дейін оның небәрі екеуіне тұрғындар жайғасты. Қалған 18 баспана тұруға мүлде жарамайды. Сондықтан жергілікті билік өзге өңірден келушілерді бұл үйлерге көшіруге асығар емес.

Құрылыс жұмыстары сапасыз атқарылса да бағдарлама бойынша бөлінген қаражатты жыл соңына дейін игеру үшін өткен жылы жергілікті билік қабылдау құжаттарына қол қойған. Яғни, бүгінде баспаналар әкімдіктің меншігінде. Сондықтан мердігерлер құрылыс жұмыстарын аяқтап, жөндеуге құлық танытпай отыр. Бұл мәселе де жақын күндері құзырлы органдар тарапынан тексерілуі мүмкін.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу