"Енді банктердің мүмкіндігі де, қажеттілігі де бәсекелестік жағдайында сыналады"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
10692

Сарапшылар қадағалауға негізделген тәсіл мен іскерлік қызметті жалғастыруға берілген мүмкіндік арасындағы тепе-теңдік сақталғаны маңызды екенін айтады.

"Енді банктердің мүмкіндігі де, қажеттілігі де бәсекелестік жағдайында сыналады"

Ұлттық банк "Эксимбанк" АҚ мен "Qazaq Banki" АҚ-ны банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияларынан айыру туралы шешімі өткен аптада, яғни 28 тамызда жария болған еді. Ұлттық банк шараны жеделдету үшін жақын арада сотқа жүгінбек. Екі банк те шарттық міндеттерін бірнеше рет бұзғаны белгілі болды. 2018 жылдың 1 маусымына дейінгі жағдай бойынша, ол 14,5 млрд теңгеге бағаланған. Оның 13,8 пайызы борыштық бағалы қағаздармен есептеледі.

Жұмысын тоқтатып жатқан Qazaq bank-тің БЖЗҚ-да 102,2 млрд теңгесі бар болып шықты. Аталмыш банктегі жеке салымшылардың салымы 67,5 млрд теңге болған. Ол 2018 жылдың 1 тамызы күнгі жағдай бойынша, 22 млрд теңгеге қысқарып кеткен.

Алматыда бас қосқан қаржы сарапшылары Ұлттық банктің не себептен мұндай шешім қабылдағанын түсіндіріп берді.

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы сараптама орталығының директоры Павел Афанасьев лицензияларынан айырылған банктер 2018 жылдың 1 шілдесінде банк жүйесінің жалпы активтері несие портфелінің 1,7 пайызын, жеке тұлғалар депозиттерінің 0,1 пайызын және корпоративтік депозиттердің 0,9 пайызын иеленгенін тілге тиек етіп өтті.

 Павел Афанасьев екі банктің банк секторына соншалықты ықпал етпейтінін айтады.

"Ұлттық банк екі банкке қатысты нормативтердің жүйелі бұзылуын негізге алып лицензияны қайтарып алу туралы шешім қабылдады", – дейді ол.

Жалпы алғанда, АФФ өкілі Ұлттық банк 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сот шешімдерін қолданатынын да еске салып өтті. Себебі Ұлттық банктің өкілеттілігі жыл сайын күшейіп келеді. Бірақ көп мәселе оның құзіретінің күшіне емес, қабылдаған шешімдерінің сапасына және дұрыстығына байланысты екен.

Қазақстанның несие қайтару рейтингі жақсы болғанымен, елдің банк жүйесі әлі де әлсіз. 2000-2007 жылдары қарқынды дамыған елдің қаржы индустриясына ғаламдық қаржы дағдарысы тіпті ауыр тиді. Банктер жаппай қаржылай көмек сұраған 2009 жылдан кейін банктер активтерінің басым көпшілігі – 22 миллиард доллар – жұмыс істемейтін проблемалық несие деп танылды.

2013 жылдың желтоқсанында Ұлттық банктің кейбір реттеу шараларын жеңілдету туралы үкіметпен келісімін қаржы саласы да құптаған еді. Сарапшылар Ұлттық банк пен ірі банктер арасында жұмыс істемейтін несиелердің үлесін алдағы бес-алты жылда 10 пайызға дейін қысқартуды көздейтін жеке келісімдердің сол кезде бекітілгенін айтады.

"Ұлттық банктің жаңа саясаты қазақстандық банктерге несиелеуді ұлғайтудың жаңа кезеңін бастауына мүмкіндік берген еді. Бұл үкіметтің экономиканы әртараптандыру мен өнеркәсіпті қарқынды дамытуға қатысты жоспарын іске асыруына көмектесер еді. Бірақ олай болмады. Енді қадағалауға негізделген тәсіл мен іскерлік қызметті жалғастыруға мүмкіндік арасындағы тепе-теңдік сақталғаны маңызды", – деп сөзін түйіндеді ол.

Тәуелсіз сарапшы Александр Юрин екі банктің де банк жүйесінің жалпы активтерінің соншалықты мол емес екенін айтып өтті. Сондықтан, бұл фактор банк секторының ендігі беталысына да, Қазақстанның банк саласына келуі мүмкін инвесторлардың шешіміне де соншалықты ықпал ете алмайды екен.

Сарапшылар алдағы уақытта, Қазақстанда бар болғаны оншақты ғана банктің қалуы мүмкін екенін айтып отыр. Себебі банктерді қолдан үстемелетіп қаржыландыру мүмкіндігі 2019 жылмен аяқталған. 2020 жылдан бастап әлемдік қаржы секторы интеграциясымен бетпе-бет қаламыз.

"Қазақстанға салалық банктер қажет деген пікірлер көптеп айтылады. Бұл пікірді мен де қолдаймын. Енді банктердің мүмкіндігі де, қажеттілігі де бәсекелестік жағдайында сыналады", – дейді Александр Юрин.

Ол банк секторы тартымдылығын арттырғанда ғана шетелдік банктердің келетінін айтады. Алдағы бірер жылда жабылып жатқан банктердің орнын шетелдік банктер иеленеді деп дәмеленудің қажеті жоқ. ІЖӨ мөлшерінің азайып кетуі ішкі нарықтың мүмкіндігінің шектеулі екенін тағы да көрсетті.

Одан бөлек, бізге келуге ниеттенген шетелдік банктер банктер тарапынан берілген несиенің үштен бірінің қайтпай қалуына назар аудармай қоймайды.

"ШОБ жақсы жұмыс істесе, экономиканың күретамырына қан жүгіреді. Бұл банктер үшін ашық нарықты қалыптастырады", – дейді Александр Юрин.

Соңғы жылдары банктердің біразы ШОБ-тың әлеуетін сәтті пайдаланып, дағдарыстық сценарийлерін жақсы жүзеге асырды. Бірақ қоғамның назары биліктің банк проблемалары туралы мәлімдемесіне көбірек ауып кетті. Бұл банктерге қатысты кейбір проблемаларды нарық жолымен емес, әкімшілік жолмен шешілуіне алып келді.

"Соңында банктерден салымшылар кетті, банк лицензиясынан айырылды. Оқиғалардың бірізділігі шамамен бірдей болды: банктердегі проблемалар туралы билік органдарының мәлімдемесі, депозиттің жылыстауы банктердің жағдайын қиындатты. Мұның соңы банктердің бр-біріне жұтылуына немесе жойылуына алып келді. Басқаша айтқанда кейбір банктер ақпараттық соғыстың тұтқынына айналды", – дейді Александр Юрин 

Сарапшы банктердің лицензиясынан айырылуы алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін екенін айтып өтті.
"Жалпы алғанда, Ұлттық Банк барлық шағын банктерге ерекше назар аударады. Осыған байланысты біз шағын банктердің кейбірінің жабылып қалуы мүмкін екенін ескертеміз", – дейді Александр Юрин.

"Финам" тобының сарапшысы Алексей Коренев жабылып жатқан банк клиенттерінің 2 пайызы жоғары деңгейде кепілдендірілген депозиті үшін комиссия мүшелерінен өтемақы алады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жиынтық міндеттемелері екі банк үшін 20 миллиард теңге екен. Бұл екі банктің клиенттері алдындағы қарызын уақтылы қайтаруына мүмкіндік береді.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу