Енді ЕАЭО шекарасынан өту кезінде қағаз анықтама қажет емес

Одаққа мүше елдер шекарасында ПТР-тест немесе вакцина алғанды көрсететін "COVID-19-сыз саяхат" атты қосымша іске қосылды.  

Енді ЕАЭО шекарасынан өту кезінде қағаз анықтама қажет емес

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге саяхаттау үшін арнайы қосымша іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Travel without COVID-19" қазақшалағанда "COVID-19-сыз саяхат" атты мобильді қосымша одаққа мүше елдердің халқы шекарадан жеңіл өтуі үшін жасалған.

ПТР-тестің нәтижесін ұялы телефоннан көрсетуге мүмкіндік беретін жүйені жасаушылардың айтуынша қызметті әлі де жетілдіріп, алдағы уақытта оған вакцина алғаны, антиденелер көлемі туралы ақпарат енгізіледі. Әзірге онлайн қызметте коронавирусқа қарсы тест тапсыруға болатын аккредиттелген зертханалардың тізімі мен зертханаларда тапсырған тест қорытындысы автоматты түрде көрінеді. ЕАЭО шекарасынан өту кезінде қолданушы QR-кодты сканерлеп, нәтижесін бақылаушыларға көрсете алады. 

Қазір онлайн қызметті Ресей, Армения, Беларусь пен Қырғызстан, сондай-ақ одақта мүше емес Тәжікстан қолданады. Ал Қазақстан енді пайдалана бастамақ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше қазіргі кезде жүйелерді интеграциялау шаралары жүргізілуде. Ол маусымның соңына дейін аяқталып, қазақстандықтар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің шекарасынан өту кезінде қолдана алады. 

Мұны маусымның басында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де мақұлдаған. Айтуынша Қазақстанда сертификатталған ПТР-тест тапсыруға болатын зертханалардың ортақ базасы бар. Қазіргі кезде аталған екі базаның өзара ақпарат алмасу жұмыстары жүргізілуде. Аяқталған соң, ол жердегі ПТР-тестердің нәтижесі аталған қосымшада бірден көрінеді. 

Министрлік мамандары жүйенің қауіпсіздігіне кепілдік беріп отыр, олардың айтуынша бірыңғай алаңдағы ақпаратқа тек санаулы мамандар ғана қол жеткізе алады. Әрі қосымшаға енгізілетін ақпарат та санаулы – шекарадан өткен кезде бет-әлпетті сәйкестендіру үшін пайдаланатын ЖСН-ның соңғы 4 саны мен аты-жөніңіздің алғашқы әріптері ғана. 

Туризм саласы өкілдерінің айтуынша бұл қосымшаның пайда болуы жақсы жаңалық. 

"Қазір ПТР-тест, вакцинасыз саяхаттау мүмкін емес. Ол біздің елдің саясатына байланысты емес.  Барғымыз келетін мемлекеттердің саясатына байланысты. Сондықтан әзірге ЕАЭО бойынша арнайы жоба аясында кедергісіз шекарадан өтудің өзі жақсы жаңалық. Қазір жазғы маусым басталды, көпшілік теңізге барғысы келеді, оқушыларға демалыс басталды. Қазақстандықтар балаларын жақын шетелге болса да көлге, теңізге апарғысы келеді. ЕАЭО елдерінде Грузия, Қырғызстан, Қазақстанда мұндай талапқа сай, жақсы демалыс орындары бар.  Шекарадан өту үшін ПТР-тест немесе вакцина туралы қағаз алып жүрмейді. Бұл құжатты тексеруді, алып жүруді жеңілдетеді. Әрі қауіпсіз. Қазір саяхаттау кезінде қауіпсіздік маңызды", – дейді "Қазақстанның туристік қауымдастығы" ЗТБ директоры Рашида Шайкенова. 

Қазіргі кезде COVID-19 зерттеуінің қорытындысын eGov Mobile қосымшасындағы "Цифрлы құжаттар" бөлімінен көруге болады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, бұл қызметті де алдағы уақытта ЕАЭО шекарасынан өту кезінде қолдану көзделген. Сонымен қатар Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы IATA-ның "Travel Pass" мобильді қосымшасымен интеграциялау да қарастырылуда. Бұл қосымша ұшақ жолаушыларына "цифрлы төлқұжат" қызметін ұсынады. Онда тест нәтижесі немесе вакцина алғаны туралы ақпарат берілген.

Мұның барлығы шетелге шығу жеңіл болуы үшін жасалып отыр. 
Ал мамандардың айтуынша қазақстандықтар қазіргі кезде Араб Әмірлігі, Египет, Грузия, Черногорияға демалысқа аттануда. Сонымен қатар ішкі туризм де дамып келеді.  

Рашида Шайкенованың айтуынша қазір демалыс күндері, яғни, сенбі мен жексенбіге арналған қысқа мерзімді турларға сұраныс жоғары. Сонымен қатар жаз басталғалы  Алакөлге жолдама жақсы сатылуда.

"2020 жылы саяхаттау талаптары өзгерді. Шетелге саяхаттау қымбаттады. Сондықтан ішкі туризм жақсы көрсеткішке ие бола бастады. Алайда 2019 жылғы көрсеткішке әлі жеткен жоқпыз", – дейді қауымдастық директоры.  

Туризм саласындағы жағымды жаңалықтардың бірі – Қазақстанның вакцинация паспорты үш елге саяхаттауға жарамды болып отыр. Сонымен қатар дәл осындай мүмкіндік Мальдив аралдарына да сапарлайтын отандастарымыз үшін де жасалмақ. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков бұл бағатта аталған ел үкіметімен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

"Бүгінде көптеген ел ПТР-тестпен қатар вакцинация паспортымен де туристерді қабылдайды. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше мемлекеттің үкіметімен келіссөз жүргізуде. Қазірдің өзінде Моңғолия, Таиланд және Мажарстан вакцинация паспорты бар қазақстандық туристерді қабылдайды. Қазір Мальдив аралдарына бару үшін Қазақстан азаматтарына міндетті түрде ПТР-тест қажет. Мальдив аралдарының үкіметімен Қазақсатнның вакцинация паспортын қабылдау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Барлығы пысықталғаннан кейін аталған елге ПТР-тестсіз, яғни, тек вакцинация паспортымен бару мүмкіндігі туады", – деді Дастан Рыспеков.

Құралай Құдайберген
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу