Енді көлік жол апатында "112" қызметіне өзі қоңырау соғады

550

Қазақстан өмірлік маңызы бар бұл жаңалықты енгізуді тағы да кейінге шегеріп, 2027 жылдың соңына қалдырды.  

Енді көлік жол апатында "112" қызметіне өзі қоңырау соғады Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Осы уақытта Молдова Үкіметі "112 шұғыл көмек қызметі туралы" заңға түзетулер енгізіп, жаңашылдықты бекітуге қадам жасады. Мұндағы басты бетбұрыс – eCall жүйесін ресми, әрі міндетті түрде енгізу. Сөз – жол-көлік оқиғасы болғанда адамның қатысуынсыз, автоматты түрде 112 операторымен байланысқа шығып, құтқарушыларға апат орнының нақты координаттарын және басқа мән-жайын жеткізетін ақылды технология туралы болып отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Жаңа талаптар елдегі барлық көлік иелеріне таралады. Молдованың Министрлер кабинеті "112 бірыңғай ұлттық шұғыл шақыру қызметін ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі туралы" жаңа заңды мақұлдады. Бұл құжат – ауыр жол-көлік оқиғасы кезінде уақыт жоғалтпай, барынша жедел әрекет етудің төтенше жоспары, деп хабарлады nokta.md порталы.

Жаңа регламент кімге және не үшін қажет болды?

Қазақстан үшін де таптырмас үлгі бола алатын бұл молдовалық заң жобасындағы шешуші 5 басымдықты атап өткен жөн:

  • Ресми құқықтық мәртебе: eCall ұғымы енді жай ғана техникалық термин емес, заңнамалық өрістегі міндетті құқықтық нормаға айналды;
  • Өңдеудегі басымдық: 112 қызметі өзіне түскен мұндай автоматты сигналдарды бірінші кезекте өңдеуге міндетті. Өйткені электрониканың өзінен жолданған дабыл – жүргізушінің және жолаушыларының естен танып жатқанын, жағдайдың тым күрделі екенін және өзге көліктерге соғылуы арқылы адам шығынының көп болуы ықтималдығын білдіреді.
  • Жұртшылықты ақпараттандыру: көлік құрастырушылар, импорттаушылар, дилерлер мен автосалондар сатып алушыға жүйенің қалай жұмыс істейтінін, оның техникалық шектеулері мен жергілікті "112" инфрақұрылымымен қалай үйлесетінін егжей-тегжейлі түсіндіруге міндеттелді.
  • Қатаң бақылау: мемлекетте көлік құралдарын техникалық сертификаттаудың толыққанды жүйесі құрылып жатыр. Ол болашақта дабыл батырмасы жоқ ескі көліктерді қара жолға жібермеуі мүмкін.
  • Нөлдік тариф: көлік иелерінен мобильді операторлардың қызметі үшін ешқандай ақы алынбайды. Көліктің eCall жүйесінен шалған қоңырауы халықтың жедел жәрдемге телефон соққанымен теңестіріледі және тегін болады.

Реформаның түпкі мәні – байланыс арналарын толық автоматтандыру арқылы жедел жәрдем, полиция мен құтқарушылардың апат орнына жету уақытын мейлінше қысқартып, адам өмірін арашалап қалу.

Еуропалық тәжірибе: eCall қалай жұмыс істейді?

eCall технологиясы (emergency call, шұғыл шақыру) – бұл заманауи автомобилдің "жүйке жүйесіне" кіріктірілген қауіпсіздік модулі. Жан түршігерлік көлік соқтығысы орын алғанда арнайы датчиктер автономды түрде іске қосылады да, көлік адамның көмегінсіз-ақ "112" нөміріне сигнал жібереді. Сол мезетте диспетчердің экранында цифрлық деректер пакеті шыға келеді: оны ашқанда, ішінде көліктің қай жерде жатқанын көрсететін нақты географиялық координаттары, қайдан шығып, қайда бағыт алғанын көрсететін қозғалыс бағыты, машинаның типі және апаттың дәл уақыты паш етіледі.

Егер жүргізушінің өзінің халі жетсе, салондағы – көлік төбесіндегі арнайы SOS батырмасын басып, eCall жүйесі арқылы құтқарушыларды өзі шақыра алады.

Іс жүзінде бұл жүйе – жүргізуші де, жолаушылар да ес-түссіз жатқан, немесе ояу болғанымен, ұялы телефонмен байланысуға жарақаты не басқа кедергі мүмкіндік бермейтін шетін шақтағы құтқарушы. Технология көлікке құрастыру зауытында орнатылады. Немесе кейін қосымша орналастыру тәсілдері де бар.

Еуропалық Одақ елдерінде 2018 жылдан бері барлық жаңа машиналар міндетті түрде eCall жүйесімен жабдықталады. Ал, Молдова ЕО-ға мүшелікке өту процесі аясында өз заңнамасын осы еуропалық стандарттармен сәйкестендіріп жатыр. Түзетулердің негізгі бөлігі 2027 жылғы 13 мамырда электрондық коммуникациялар туралы жаңа заңның нормаларымен бір мезгілде күшіне енетін болды.

Қазақстан жағдайы: "SOS" батырмасының шиеленісті "тағдыры"

Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде бұл еуропалық жүйенің баламасы "SOS батырмасы" деген атпен белгілі. Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің талабына сәйкес, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап нарыққа шығатын барлық жолаушылар мен жүк көліктері (М және N санаттары) шұғыл қызметтерді шақыру құрылғыларымен міндетті түрде жабдықталуға тиіс болатын.

Бірақ өмір шындығы қағаздағы талапқа қайшы келді. Отандық бизнес мұндай шұғыл, күрт өзгерістерге дайын болмады және ашық қарсылық білдірді. Проблемалары да көп болып шықты: нарықта мұндай құрылғылар тапшы болды, оны орнатудың дұрыс, стандартталған тәсілдері ұсынылмады. Тіпті қазақстандық "ЭВАК" (Апаттар және апатты жағдайлар кезіндегі шұғыл шақыру) жүйесінің өндірістік деңгейде жұмыс істеуге дайын еместігі әшкереленді.

Ресейлік "ГЛОНАСС" жүйесімен интеграциялау кезіндегі іркілістер идеяның құнын түсірді. Нарық қатысушыларының байламынша, Қазақстанның "112" Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі отандық және шетелдік кез келген құрылғыдан дабылды дұрыс қабылдай алатын деңгейге жетпейінше, бұл жүйеден еш пайда жоқ.

Бизнес-қауымдастықтың қысымынан, әрі келіссөздерден кейін одақтың ұлтүстілік органы – Еуразиялық экономикалық комиссия шегінуге мәжбүр болды: ЕЭК Қазақстанға ЭВАК (ресейлік "ЭРА-ГЛОНАСС" аналогы) жүйесіне қатысты талабын 2027 жылдың соңына дейін шегеріп, оған дейін орнатпауға ресми рұқсат берді.

Тиісінше, Қазақстанда жасалған барлық жаңа автомобилдер 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЭВАК жүйесінсіз жасала береді. Тура осындай жеңілдік елге сырттан импортталатын көліктерге де берілді. Бұл тайм-аут жеңіл көліктерге де, алып жүк көліктеріне де қатысты.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі бұл қадамды нарықтың SOS-кешендерін қабылдауға әлі дайын еместігімен ақтады. Оның үстіне, бұл жабдықтың құны автокөлікті кедендік тазарту шығысының 25%-ына дейін жетеді екен. Яғни, шығысы шаш-етектен. Бұған қоса, мұндай құрылғыларды өндіруге арналған микросхемалар мен жиынтықтауыштардың тапшылығы да қолбайлау болып отыр.

SOS батырмасы іс жүзінде қалай жұмыс істеуі керек?

Автодиагностик Игорь Бондарь түсіндіргендей, SOS батырмасы – жол апатында адам өмірін арашалайтын басты элементтің бірі. Шамамен бір жылдан кейін Қазақстанда бұл құрылғысыз көлікті тіркеу де, оны есепке қою да заң жүзінде мүмкін болмай қалады.

Көлік ішіндегі жүйе 2 маңызды элементтен тұрады:

  • SOS батырмасы – жүргізуші немесе жолаушы оны басып, оператормен байланыса алатын төтенше байланыс арнасы.
  • Жарықдиодты индикатор – от алдыру жүйесі іске қосылғанда (Start/Stop батырмасы ON күйінде тұрғанда) бұл шам 3 секундқа жанып, жүйенің ақаусыз екенін білдіріп барып сөнуге тиіс. Егер индикатор өшпей, жанып тұрып алса – жүйеде ішкі ақау бар деген сөз.

Батырманың өзі борттық шұғыл жедел қызметтерді шақыру құрылғысымен (ШЖҚШҚ) тікелей байланыстырылған. Жұмыс істеу алгоритмі қарапайым: жол апаты кезінде датчиктер соққыны тіркейді. Содан соң координаттар автоматты түрде есептеледі. Ары қарай сигнал лезде ЭВАК/ГЛОНАСС жүйесіне кетеді. Ақыры ғарыштан 112 желісі операторымен тікелей дауыстық байланыс орнатылады.

112 шұғыл қызметінің диспетчері оқиға орнына құтқару тобын жедел бағыттауға тиіс. Бірақ мұнда да шикілік бар: Қазақстанның ұялы байланыс мүлдем ауламайтын немесе ресейлік ГЛОНАСС спутниктік навигациясының сигналы жетпейтін жерлерінде бұл қымбат жүйенің тиімділігі нөлге теңеседі, шақыру мүмкін болмайды.

Қазақстандық көлік иелері ащы шындықты жайып салды: тіпті "SOS батырмасы" орнатылған машиналардың өзінде жүйе көбіне дұрыс жұмыс істей бермейді. Жүргізушілердің шағымдануынша, жол апаты кезінде автоматика ақауы бой көрсетеді, координаттар тиісті қызметке жіберілмейді. Салдарынан, зардап шеккен жандар ұялы телефонмен "112" қызметіне өз бетінше хабарласуға мәжбүр болады.

Статистика көрсеткендей, жол үстіндегі өлім-жітімнің 50%-ға жуығы алғашқы медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуінен, уақыт жоғалтудан болады. Бұған дейін Цифрлық даму министрлігінің өкілдері "ЭВАК" жүйесі толық іске қосылса, құтқарушылардың апат орнына жету уақытын 30–40%-ға қысқартамыз деп уәде берген болатын. Бұл мақсат әлі күнге қағаз бетінде ғана қалып тұр.

Осы кешендерді орнату міндетті талапқа айналатын 2028 жылы жағдай өзгере ме, әлде бәрі "баяғы жартас сол жартас" күйінде қала ма? Бұған тек уақыт пен тас жолдардағы ахуал ғана жауап береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу