Қазақстан қай саланы болса да жүйелеуге бағыт алғаны белгілі. Енді кезекті реформа төрт түлікке де ауды. Бұдан былай ауылдағы ағайынның бәрі қолындағы малын тіркетіп, ен салып отыруға мәжбүр болмақ.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров таяуда малды тіркеу талаптарына қатысты бірқатар өзгерістер болатынын мәлімдеді. Ведомство басшысының сөзінше, малына ен тақпағандар енді айыппұл арқалайды. Құжатсыз мал сатып, делдал болғандарға да "қара бұлт" үйірілмек.
Министрдің баяндамасына зер салсақ, мал төлдеген соң бір аптадан асырмай құлағына ен ілу керек. Әйтпесе иесіне 30 мың теңге айыппұл салынады. Тіркеу жеңіл болуы үшін "Төрт түлік" атты қосымша әзірленбек. Ал қағаз-құжатсыз, ветеринариялық анықтамасыз малды сатып алып, базарға апарып сататын делдалдарға "қылмыстық жауапкершілік" қарастырылмақ.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде жыл басында ірі қара мал басы 8,2 млн-ға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,4%-ға көбейген. Қой мен ешкі саны – 20,6 млн бас, жылқы – 4,6 млн бас, түйе – 294 мың басты құраған. Бірақ жауаптылар шындығында мал саны бұдан да көп болуы мүмкін деп ойлайды. Себебі тіркелмеген төрт түлік көп секілді.
"Малды тіркеу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Дәлірек айтқанда, идентификациялық бирка, чип қойылады. Малды уақытында тіркей алмайтын себептер бар. Мәселен, мал дәрігері шалғай елді мекендерді аралап жүрем дегенше біраз уақыт өтеді. Өйткені бір ауылда ветеринар ұқыпты істесе, екінші ветеринар өз ісіне салғырт қарауы мүмкін. Одан кейін тіркеген күннің өзінде төл қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа күйіп, шығын болып жатады. Осындай жағдайдың бәрін бірізділендіріп отыру қажет", – "Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы" мүшесі Қуаныш Серғазыұлы.
Қазір елімізде малға жалған құжат жасатып, жоқ төлді тіркегені үшін екі заң аясында жауапкершілік қаралады. Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни, "алаяқтық" тармағы, ал жалған құжат жасау бойынша 385-баппен қаралады. Тіпті, қылмысы дәлелденсе, 3-7 жыл бас бостандығынан айырылып, мүлкін тәркілеу көзделіп қойған. Бұл әсіресе ірі шаруаларға қатысты.
2023-2026 жылдар аралығында Қарағанды облысында жалған құжат жасап, жоқ малды тіркеп, 253 млн теңге субсидия алғандар ұсталған. Ал былтыр Солтүстік Қазақстан облысында кооператив басшысы 50 млн теңгеге жалған есеп жасап, малдың санын көбейтіп көрсеткен. Осыған ұқсас жағдай биыл да туындап, құжат жүзінде жоқ малды тіркеп, жалған бухгалтерлік құжатпен 2,5 млрд теңгені қолды еткен ұйымдасқан топ ұсталып, 30 адам жазаға тартылыпты. Демек, сала жемқорлықтан адам емес.
"Кей фермерлер малдың санын көбейтіп, төлін уақытында тіркемейді. Малдың бәрін дер кезінде тіркеп, базаға енгізудің артықшылығы бар. Егер мал тіркелсе, сол өңірге, ауданға, ауылға қанша вакцина, қаржылай көмек керек екені анықталады. Мысалы, көктемде мың бас қой тіркелмесе, күзде мың бас екпе жетпей қалады деген сөз. Соның салдарынан олқылық кетіп, ауру-сырқау малдың саны көбейіп, шаруашылық шығынға бата бастайды. Сондықтан әр фермер осыны ескеруі керек", – дейді Абай облысына қарасты "Кәсіподақтар орталығы" төрағасы Қуаныш Сүлейменов.
Жалпы, бұл реформаның түп-төркінінде малдың ауру-сырқаудан таза болуы жатқан секілді. Себебі қазір нарықта сатылып жатқан ет-сүт өнімдері көп, алайда оның тазалығын, адам өміріне қауіпсіз болары түгелдей бақылауда емес. Кейде сауда орындарына жеткізілетін етке қатысты сертификаттардың да күмән тудыратыны айтылады. Сондықтан салаға қатаң бақылау керегін жасырмаған абзал.