Енді мемлекет ауыз аштырмай-ақ "ақша береді"

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген азаматтарға берілетін кәсіби төлемді тағайындау тәртібін өзгертіп, оны проактивті форматқа ауыстырды.

Енді мемлекет ауыз аштырмай-ақ "ақша береді" Фото: canva

Ведомствоның мәліметінше, бұл төлем жұмыс беруші есебінен жүргізіледі және 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыста. Ол зиянды өндірісте ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарға ай сайын берілетін әлеуметтік қолдау болып саналады. Төлемге құқық 55 жастан бастап пайда болады және ол зейнеткерлік жасқа дейін сақталады.

Төлемді алу үшін жұмыс беруші қызметкер үшін кемінде 7 жыл (84 ай) міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын аударуы тиіс. Сонымен қатар, азамат зиянды еңбек жағдайындағы жұмысын тоқтатуы немесе ондай факторлар жоқ басқа қызметке ауысуы керек. Төлем мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең және ол өзгерген жағдайда қайта есептеледі.

Жаңа тәртіпке сәйкес, енді бұл төлем азаматтың өтінішінсіз-ақ, мемлекеттік жүйе арқылы автоматты түрде рәсімделе бастайды. Бұрын адамдар өздері өтініш берсе, енді жүйе тиісті азаматтарды өзі анықтап, процессті бастайды.

Егер азамат талаптарға сай болса, оған SMS-хабарлама жіберіліп, банк шотын көрсету ұсынылады. Ол үшін азамат жүйеде көрсетілген банктердің біріндегі шотын таңдап, SMS арқылы растауы қажет.

24 сағат ішінде жауап болмаса, жүйе қосымша түрде мобильді қосымша арқылы еске салу хабарламасын жолдайды.

Келісім берілгеннен кейін тиісті құжаттар рәсімделіп, жұмыс берушіге жолданады. Барлық құжаттар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы бекітілген соң, төлем автоматты түрде аударылады.

Жүйе барлық деректерді, соның ішінде зейнетақы жарналары туралы мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Қажет болған жағдайда азаматпен байланыс орталығы хабарласа алады.

Төлемді тоқтату бұрынғы тәртіп бойынша жүзеге асады: азамат қайтыс болған, ел азаматтығынан шыққан немесе оның орнына қайтадан міндетті жарналар аударыла бастаған жағдайда төлем тоқтатылады.

Шетелге тұрақты тұруға кеткендерге төлем кету айын қоса есептеп беріледі, ал қайтыс болған жағдайда  – сол ай толық төленеді. Күнкөріс деңгейі өзгерсе, төлем мөлшері автоматты түрде қайта есептеледі.

Осылайша, зиянды өндірісте жұмыс істеген азаматтарға арналған төлем жүйесі толық цифрландырылып, мемлекет тарапынан автоматты түрде іске қосылатын болады. Дегенмен төлемді алу үшін азаматтың келісімі банк шотын таңдап, SMS арқылы растауы міндетті болып қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу