Енді Оңтүстік Америкада жаңа соғыс өрті тұтанғалы тұр

3345

Бірақ болашақта Каракас "виртуалды" басып алған территорияға әскер кіргізуі де мүмкін.

Енді Оңтүстік Америкада жаңа соғыс өрті тұтанғалы тұр Фото: jaunnews.com

Венесуэла көрші Гайананың территориясының 70%-ын құрайтын Эссекибо өңірін "аннексиялауға" білек сыбана кірісіп кетті.

Алдымен Венесуэла Президенті Николас Мадуро өткен жексенбіде, 3 желтоқсанда Эссекибо өлкесін Венесуэлаға қосу жөнінде референдум өткізді. Дауыс бергендердің 95%-ы көршісінің аталған аумағына Венесуэла Боливариан республикасының егемендігін орнатуды және оны елдің құрамына жаңа штат ретінде қосып алуды жақтағанын жария етті.

Шынында, шетелдік журналистер дауыс беру учаскелеріне келгендер қараң-құраң болғанын, олар негізінен бос тұрғанын паш еткен видео, фотоайғақтар жариялап, жазды.

Associated Press анықтағандай, дауыс беруге сайлаушылардың шамамен 10%-ы ғана келіпті. Мұндай жағдайда сайлау өтпеді деп танылуға тиіс еді.

Бұл жерде билік бір қулыққа барды. Референдумға бірден 5 мәселе шығарылған еді. Сайлауға қатысқан 2 миллиондай адам сол 5 мәселе бойынша таңдауын білдірді. Ақыр соңында Венесуэланың Ұлттық сайлау комитеті осының бәрін қосып, екіні беске көбейтіп, 20,6 миллион сайлаушылардың 10,5 миллионы өз ықтиярын білдіргені туралы мәліметін жариялады.

Халықаралық сарапшылардың байламынша, мұның бәрі әзірге "циркке" ұқсайды. Негізсіз емес.

Неге "цирк"?

"Дауыс берудің қорытындыларына" сүйенген Мадуро парламенттің рөлін ойнайтын Ұлттық ассамблеяға үндеу жолдап, жаңа аумақты ел құрамына қабылдауды ұсынды. Депутаттар заң қабылдап, көрші Гайананың Эссекибо өңірін Венесуэла құрамына 24-ші штат ретінде "қабылдап" алды.

Артынша, 7 желтоқсанда Мадуро мемлекеттік мұнай компаниясына Эссекибо өлкесіндегі мұнай мен газды барлауға және өндіруге лицензия беруді тапсырып, тиісті өкім шығарды.

"PDVSA (Венесуэланың ірі мемлекеттік мұнай-газ компаниясы) енді PDVSA-Эссекибо бөлімшесін құрады. Біз жаңа территориямыздағы мұнай мен газды барлап, өндіруге лицензия беруге дереу кірісеміз!", – деп жариялады Николас Мадуро Федералдық кеңес отырысында.

Кеше, 9 желтоқсанда Мадуро бірден 6 жарлыққа қол қойды. Венесуэлалық Ultimas Noticias басылымының хабарлауынша, олардың бәрі гайаналық Эссекибоны Венесуэлаға қосуды қарастырады.

Атап айтқанда, бұл құжаттарға сәйкес, біріншіден, Эссекибоның қорғанысы жөніндегі Ұлттық комиссия құрылады. Екіншіден, Гайана-Эссекибо өңірінің басшысы ретінде Алекcис Родригес Кабельо тағайындалды.

Үшіншіден, Венесуэланың барлық карталары жаңартылып, оларға жаңа территориялар қосылады. Төртіншіден, жаңа аумақта қара алтын, көгілдір отын өндіретін PDVSA мұнай-газ компаниясының бөлімшесі жасақталады. Бесіншіден, Эссекибода Венесуэла корпорациясы ашылуға тиіс. Өзге де "ұйымдастырушылық шаралар" көзделеді.

Президент Николас Мадуроның бұл "қағаз жүзіндегі" шапқыншылығын көрші Гайана тосырқай, тіксіне, тіпті таңдана бақылап отыр. Себебі, шекарада бірлі-жарым қақтығыстар болғанымен, іс жүзінде Венесуэланың армиясы Эссекибо өлкесіне басып кірген жоқ, оны қарудың күшімен қосып алуды жүзеге асырмады. Ол өлкеде гайаналықтар тұрып жатыр.

Гайананың реакциясы қандай?

Дегенмен, көршісінің Эссекибоға қатысты қаптатып құжаттар қабылдауына Гайана билігі салмақты қарады. Мұны өз территориясын аннексиялауға бағытталған алғашқы қадамдар және елдің территориялық тұтастығына төнген қатер деп бағалады.  

Оспадар, ұрдажық агрессор көршісінің тірлігіне жауап ретінде Гайана бүкіл қарулы күштерін толық әскери дайындық жағдайына келтірді. Шекараға армияның негізгі күштері тартылуда. Эссекибо өңірі негізінен ну джунгли болып келетіндіктен, оның ішіне қарсыластың барлау-диверсиялық топтарының еніп кетуіне тосқауыл қоятын шаралар қабылданып жатыр.

Гайана Президенті Ирфаан Әли Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутеррешпен келіссөздер жүргізгенін мәлімдеді. Ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен осы қақтығысқа араласу, БҰҰ бітімгершілерін жіберу мәселелерін қарастыруды өтініпті.

Бірақ халықаралық сарапшылар бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне шығарылғанымен, екі елдің шекарасына халықаралық бітімгершілерді жіберуге Мәскеу вето қоюы мүмкін екеніне назар аудартады. Өйткені Венесуэла аумағындағы мол мұнайды өндіруге ресейлік компаниялар қатысуда. Каракаспен дос Мәскеу Мадуро режимі алда тарататын Эссекибо өңіріндегі алып мұнай-газ кенорындарын игеруге лицензияларды иеленуден үмітті. Сол себепті сарапшылардың тұспалдауынша, Ресей бұл "даулы" өлкенің Венесуэла иелігіне бейбіт берілуін қалайды.

Кремльдің ұстанымын білдірген Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова: "Мәскеу Венесуэла мен Гайана арасындағы даулы өңірге қатысты жағдай бейбіт тұрғыда реттелетініне сенетінін" мәлімдеді.  

Бүгінде Эссекибодағы қазынасы ұшантеңіз қара алтын мен көгілдір отынның ірі кен орындарын негізінен, америкалық Exxon Mobil, Shell секілді батыстық алпауыттар игеруде. Демек, бұл өңірде әскери қақтығыс бола қалса, оған АҚШ-қа араласуға тура келуі мүмкін.

Сонымен қатар құрлықтағы өңірлік держава саналатын көрші Бразилия да Гайанаға көмекке келуі мүмкін екенін аңғартты. Бұл ел Венесуэладан қуатты, әрі алып армиясын жоғарғы әскери дайындыққа келтірді. Қорған болудан Бразилия ұтады. Оның үлкен мұнай кендері жоқ, содан амалсыз әлемге қант құрағын сатып күн көруде. Сондықтан Бразилия Гайанамен достығын нығайтып, Эссекибо өлкесінде бірінен соң бірі ашылып жатқан жаңа мұнай кен орындарын игеруге қатысудан дәмелі көрінеді.

Қалай болғанда, әзірге Мадуро режимі "жаңа штатын" қашықтан, "онлайн" режимде игеріп жатыр. Венесуэланың 24-ші штатының жаңа губернаторсымағы да оны Каракаста отырып, алыстан "басқарады".

"Каракастың әрекеттері – Гайананың территориялық тұтастығына, егемендігіне, саяси тәуелсіздігіне төнген тікелей қауіп. Гайана бұдан үлкен қатерді көріп отыр және өз аумағын қорғаудың алдын алушы шараларын күшейтеді", – деді Гайана лидері Ирфаан Әли.

Соған қарамастан Президент халықаралық инвесторларды, шетелдік мұнай компанияларын олардың мүлкіне, инфрақұрылымына еш қауіп жоқтығына сендірді.

Гайана – әлемдегі қазіргі ең серпінді дамушы ел саналады. Бірақ экономикасының даму қарқыны негізінен, Эссекибо өңіріндегі мұнай өндірісіне тәуелді. Өткен ғасырда Оңтүстік Америкадағы ең кедей мемлекеттердің бірі болған Гайана әл-ауқаты, жан басына шаққандағы ЖІӨ-сі жөнінен былтыр "жүз жүйрікке" қосылып, 72-орынға көтерілді. Экономикалық дағдарысқа ұшыраған Түркия мен Аргентинаны артқа тастауға таяп қалды.

Венесуэлалықтар неге наразы?

Венесуэла да мұнай экспортына арқа сүйейді. Мұнай қоры жөнінен әлемде бірінші орында тұр. Бірақ қара алтынын еркін сата алмайды. Батыс елдері, бірінші кезекте АҚШ қаптатып санкция енгізіп, саудасын қатты шектеген.

Өйткені 2018 жылғы Президент сайлауында оппозиция өкілі Хуан Гуайдо жеңді деп саналады. Оны тіпті сол кездегі Парламент те жаңа Мемлекет басшысы деп мойындады. Алайда билік тізгінін уысынан шығарғысы келмеген іс басындағы Президент Николас Мадуро сайлау нәтижелерін өз қалауынша өзгертті. Саяси қарсыластарын қуғын-сүргінге салды. 7 миллионнан астам адам елден шетелге қашуға мәжбүр болды. Яғни, Мадуро режиміне наразылардың, соған қарсы бас көтеретіндердің бәрі елден аласталды, қоныс аударды. Қалғаны абақтыға жабылды.

Бүгінде аста-төк мұнайдың үстінде отырған Венесуэла – әлемдегі ең қайыршы елдің бірі саналады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі жөнінен әлемдегі 185 елдің ішінде 151-орынға дейін құлдырады.

Венесуэладағы дағдарысқа тұтас зерттеулер арналған. Алапат тоқырау бұрынғы көшбасшысы Уго Чавестің өлімінен кейін басталды. 2013 жылы сайлауда жеңіп, ел басшылығына келген Николас Мадуро демократиялық институттарға шабуылды бастады. Сонымен қатар, кен орындарын национализациялап, елден инвесторларды үркітті.

Президенттік өкілеттігін күрт күшейткен коммунист Мадуро байларға "экономикалық шабуыл" жариялады. Жеке компанияларға, саудагерлерге, жеке меншік иелеріне 30%-дан артық табыс табуға тыйым салды. Салдарынан, елде барлық негізгі тауарлардың тапшылығы туындады. Тіпті қант пен сұйық май да сөрелерден жоғалып кеткен. Өнім жетіспеушілігі соңғы жылдары тек күшейді. 2017 жылғы әлеуметтік зерттеу венесуэлалықтардың 93%-ы ашқұрсақ, тойып тамақ ішпейтінін әшкереледі.

Әрдайым Венесуэланы жақтайтын Ресейдің "Мир 24" арнасы бұл елден репортаж беріп, бұрын "Батыстың пропагандасы" саналып келген жайттарды растады. Ресейлік арнаның тілшісі Евгений Назаровтың айтуынша, венесуэлалықтар шынымен қайыршылықтың шегіне жеткен.

"Ашыққан адамдар жануарлар бағына барады. Бұрын олар мемлекеттің қорғауындағы зоопарктерден жемазық ұрлайтын. Енді полиция оларда ұсталатын түрлі жануарларды ұрлау туралы істерді тергеуде. Зообақ директоры Леонардо Нуньестің айтуынша, жануарлардың әсіресе, он түрі, соның ішінде құстар мен сүтқоректілер зардап шегеді. Адамдар тек рептилиялар мен жыртқыш мысықтектестерге ғана тиіспейді. Оларды ұрлап, жеп қоюға болатын аңдар қызықтырады. Ұрлықшылар тіпті буйволды да алып кеткен", – деп хабарлады "Мир 24".

Телеарналар тамақ іздеп, жуынды төгетін орындарды, қалалық қоқыстарды ақтарып, қопарушылар көбейгенін көрсетті.  

Ресейлік саясаткер, тарихшы Дмитрий Чернышевский 2019 жылы бұл елге ахуалды өзгертудің тарихи мүмкіндігі болғанын қаперге салды.

"Венесуэла билігі өз халқына мүлде тәуелді емес. Салық төлеушілерден түсетін салық өте аз. Кәсіпкерлік құртылды. Елдің басты табыс көзі – мұнай және есірткі. Біріншісіне – әскери хунта, екіншісіне – кәсіподақ иелік етеді, Мадуро режимінің қорғаны, тірегі де осы екеуі. Олар бәсекелес емес, өзара біте қабысып, бірігіп кетті. Содан халықтың қамы жайына қалды. Халыққа бұл ұнамады. Сайлаушылар 2018 жылғы 20 мамырдағы президенттік сайлауда іс басындағы президенттің қарсыласы Гуайдоны қолдап, дауыс берді", – деді сарапшы.

Алайда сайлау комитеті дауыс беру қорытындысын өзгертіп, Мадуроның 67 пайыз дауыс жиғанын, тиісінше қайтадан Мемлекет басшысы болып сайланғанын жариялады. Бұған халық қарсы көтерілді. Елде саяси дағдарыс өршіді.

2019 жылғы 23 қаңтарда шеруге шыққан қалың нөпір халықтың алдында сөз сөйлеген Венесуэла Ұлттық ассамблеясының басшысы Хуан Гуайдо ел билігін өз қолына алатынын, өзін уақытша Президент деп жариялайтынын мәлімдеді. Ол сол күні ант беру рәсімін өткізді. АҚШ Президенті Дональд Трамп оны Мемлекет басшысы ретінде танитынын жария етті. Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы елдерді біріктіретін "Америкалық мемлекеттер ұйымы" да Хуан Гуайдоны елдің жаңа лидері ретінде мойындады.

Бірақ Мадуро билікті күштеп тартып алды. Гуайдо табандылық, қарсылық таныта алмай, елден қашты, барлық жақтастарын, соның ішінде өзін қолдаған халықты тағдыр тәлкегіне, тауқымет тезіне тастап кетті. 2019 жылдың күзінде жүздеген мың адам қатысқан халық толқулары, барлық қалалардағы шерулер қару күшімен аяусыз басып-жаншылды. Осыдан кейін АҚШ Венесуэлаға қарсы қатаң санкциялар салды. Американың санкциялық қысымы ел билігіндегілердің табысын қатты шектеді. Мұнай экспорты минимумға дейін құлдырады.   

"Венесуэла халқы бүгінде әбден басып жаншылған. Оппозиция көшбасшылары, беткеұстарлары азапталды, өлтірілді, шетелге қуылды. Бас көтеріп, билікке қарсы шығар азаматтар қалмады деуге болады. Жұртта қалғандар не мемлекет пен мафияға қызмет етеді, не одан мардымсыз жәрдемақы алады. Яғни, еркін Венесуэла үшін күрессе, наразылық танытса, тиын-тебеннен де айрылады, аштан өледі. "Ашынған халық билікті төңкереді" деген теория мұнда іске аспады. Мадуро хунтасы барлық саланы қатаң бақылауда ұстап отыр. Халық тек сыртқы күштердің араласуынан үміттенеді. Бұл концлагердегі көріністі елестетеді: тұтқындар адам төзбес жағдайына наразы, бірақ бүлік көтере алмайды. Тек одақтастар әскері келіп, босатса, соны қолдауға әзір", – деген пікір білдірді ресейлік тарихшы Дмитрий Чернышевский.

Әйтсе де, Боливариан республикасында да жағдайдың жақсыға өзгеруінен үміт бардай. Ресейдің мұнайын жаһандық нарықтан ысырып шығаруға тырысқан АҚШ одан босаған орынды толтыру үшін былтырдан бері Венесуэланың мұнайынан санкцияларды біртіндеп алуға кірісті. Оған айырбас ретінде Мадуродан демократиялық реформалар жүргізуді, бірінші кезекте, жаңа президенттік сайлау өткізуді талап етті.

Каракас бұған келіскен, көнген сыңай танытып отыр. Тіпті Эссекибоны қосып алу туралы референдум өткізгенімен, әзірше ол өңірге әскер кіргізген жоқ. Оның үстіне 2023 жылғы 3 желтоқсанда өткен референдумда халық режимге үнсіз қарсылығын білдірді, қанша үгіттесе де, сайлау учаскелеріне бармады. Еңсесі езілген ел үшін бұл да – ерлік.

Ендеше жаңа президенттік дода тағайындалса, венесуэлалықтар кім болса да, Мадуроның кез келген оппонентін қолдап шыға келуі мүмкін.  

Осы орайда халық арасынан жаңа лидердің тұлғасы сұлбалана бастады. Халықаралық ақпарат құралдары билікті жақтамайтын, оппозициялық көзқарастағы саясаткер әйел Мария Корина Мачадо Парисканың (María Corina Machado Parisca) бұқара арасындағы беделі күшейіп келе жатқанын жазуда. Сарапшылар оны "венесуэлалық Маргарет Тэтчер" деп бағалады. Ол 2014 жылдан бері түрлі шерулерде ел бастап келді.

Журналистердің сауалнамасы көрсеткендей, кандидат ретінде тіркелуіне жол беріп, сайлауға жіберсе, бұрынғы депутат, филантроп, құқық қорғаушы Мария Париска бірінші турда жеңіске жетуі мүмкін.

Халықаралық ақпарат құралдарының жазуынша, ел арасында арзан ұпай жинау, беделін арттыру үшін Мадуро Эссекибо өлкесін Венесуэлаға қосу сияқты популистік қадамға ұрынып отыр. Бұл бастамасы қоғамның бір бөлігін шынымен рухтандырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу