Енді Украина АҚШ пен Еуропаға қару сатпақ

378

Украинаның НАТО-ға таяуда кіруі екіталай.

Енді Украина АҚШ пен Еуропаға қару сатпақ Фото: АР

Осыны ескеріп, Киевтің батыстағы одақтастары балама стратегия ойластырып жатыр. Оның мақсаты – Украинаның әскери өнеркәсібіне миллиардтаған доллар инвестиция салып, бұл мемлекетті Ресейге төтеп беретін және өзін-өзі қорғай алатын елге айналдыру.

Егер жаңа стратегия ойдағыдай жұмыс істеп кетсе, Украинаның әскери өнеркәсібі өзін ғана емес, тіпті АҚШ пен Еуропа армияларын да озық дрондармен және өзге де соғыс технологияларымен қамтамасыз етуі керек. Сол қару түрлері қазірдің өзінде, Ресеймен соғыс қызып тұрған шақта да жасалып жатыр.

Украиналық арсеналдардың ең соңғы жетістіктерінің бірі – квадрокоптер. Ол ресейлік радиоэлектрондық кедергілерді айналып өтіп, 20 шақырымға ұшып, басқарылатын 6 келі жарылғышты танкілер мен басқа да маңызды нысандардың үстіне тастай салады.

"Украиндар пилотсыз технология саласында әлемдік лидерлерге айналды. Қазір біз олармен ұшқышсыз аппараттарды айырбастау мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – деді өткен аптада Киевте өткен баспасөз мәслихатында Президент Дональд Трамптың арнайы өкілі Кит Келлог.

Трамптың екінші әкімшілігі НАТО мүшелеріне АҚШ-қа шектен тыс сенім артпауы керектігін ескерткеннен кейін еуропалықтар Ресейден төнетін қауіпке көбірек мән беріп отыр. Өткен аптада Беларусьтен ұшырылған ресейлік дрондар Польшаның әуе кеңістігінде атып түсірілгеннен кейін Еуропада алаңдаушылық бұрынғыдан да күшейді.

Қазір Украина қару-жарақ өндірісін үш есеге ұлғайтып, Ресеймен соғыста батыстағы серіктестеріне тәуелділікті азайтуды және болашақ шабуылдардың алдын алуды көздеп отыр. Бұл бағытта оған, әрине, инвестиция ауадай қажет.

Украинаның қару-жарақ өнеркәсібі қазір армияның қажеттіліктерінің 60%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Соғысқа дейін бұл көрсеткіш 10 пайызға жетер-жетпес еді. Бірақ Украинаның әскери бюджеті 2024 жылы 64 миллиард долларды құрады. Бұл – ресейліктің жартысынан да аз қаражат. Сондықтан Киев қару-жарақ пен қаржылық қолдау үшін үнемі Батысқа жүгінуге мәжбүр.

Енді Еуропа елдері, керісінше, Украинадан қару алуға ынта танытып отыр.

"Украинада сынақтан өткен қару жүйелері бар, өндіріс шығындары өте төмен және осы жүйелерді жылдам шығара алатын кәсіпорындар пайда болды", – дейді Лондондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Фабиен Хинц АР агенттігіне берген сұхбатында.

Соғыста сыналған дрондар

Екі жақтың армиясы үшін де тірі қалудың құралы ретінде инновация қажет болды. Жаңа қару тез жасалып, жетілдіріліп, әскери бөлімшелерге жылдам жетуі керек. Бұл мәселеде шабан қимылдаған елдің әскері көп адам жоғалтады.

Украинадағы қорғаныс компанияларының көбі тәрізді квадрокоптер өндіретін кәсіпорын да өз дрондарын жауынгерлермен кез келген уақытта байланыста болатындай етіп жасаған.

"Майдан шебінде адамдар емес, роботтар өлуі керек", – дейді осындай фирмалардың бірінің жетекшісі Вадим Юник.

Айта кетсек, Украина үшін бұл соғыста үлкен кемшілік – сарбаз тапшылығы. Кейбір сарапшылардың пікірінше, дәл осы фактор жергілікті әскери компанияларды инновациялық шешімдер табуға итермелеп отыр.

Жасанды интеллект пен робототехникаға салынған инвестициялар Украинаға 2022 жылдың ақпанында Ресей басып кіргенге дейін одақтастар әрең елестеткен дүниелерді жасауға мүмкіндік берді. Украина күштері енді дрондарды, автономды көліктерді қолданып, қашықтықтан басқарылатын қару-жарақпен нысанаға дәлдеп соққы бере алады. Сонымен қатар, украин әскері жауынгерлерінің өмірін қауіпке тікпей, майдан шебінен жараланғандарды эвакуациялап, алысқа жүк жеткізетін жағдайға да жетіп отыр.

Украина шенеуніктерінің пікірінше, Украинаның кішігірім дрондары майдан шебінен 15 шақырым жерде ресейліктердің адам және техника жоғалтуына 70 пайыз жауапты.

Сонымен қатар, Украинада өзге де әскери "беспилотниктар" бар. Олар 1000 шақырымға ұшып, Ресей аумағына бойлай еніп, талай энергетикалық және әскери нысанды қиратты.

"Біз кез келген өндірісті қалай ауқымды етуді тез үйрендік. Егер үкімет жылына 3000 емес, 10 мың ұшқышсыз ұшаққа тапсырыс берсе, мен оларды бір жарым айда-ақ жасай аламын", – дейді Юник.

Өнертапқыштар дәстүрлі әскери техниканы да жетілдіріп жатыр

Украинаның қорғаныс компаниялары әлдеқайда үлкен әрі жақсырақ жабдықталған Ресей армиясына қарсы тұру үшін дрондар технологиясын ғана жетілдіріп жатқан жоқ.

Жақында "Гюрза-1" деген бронетранспортер пайда болды. Ол дрондардың соққысына төтеп беріп, жаяу әскерді қорғайтындай етіп модификацияланған. Ал "Гюрза-2" – маневрларға әлдеқайда икемді және адамды көбірек тасымалдай алатын машина.

"Тіпті брондалған техниканың дәстүрлі секторында кейбір еуропалық компаниялардан әлдеқайда алда келеміз. Біз ресейліктердің көліктерді ату үшін қолданатын калибрлерін жақсы білеміз, олардың броньды тесіп өтетін арнайы оқ-дәрілері де бізге мәлім. Осы білімнің барлығы әскери көлік өндіруге пайдаланылып жатыр", – дейді киевтік қорғаныс өнеркәсібі сарапшысы Павел Верхняцкий.

Еуропалық инвестиция

Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен Брюссельдің қаржылық қолдауымен Украина армиясы мен қорғаныс өнеркәсібі келешекте елді кез келген шабуылға төтеп беретін "болаттай кірпіге" айналдыруы мүмкін екенін атап өтті.

Президент Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, Украинаның жылына кемінде 30 миллиард долларға қару-жарақ шығаруға қабілеті жетеді екен.

Жұма күні сөйлеген сөзінде Зеленский алдағы екі апта ішінде елінің АҚШ-қа, Еуропаға және өзге мемлекеттерге "басқарылатын және бақыланатын қару экспорттау стратегиясын" ұсынатынын да хабарлады.

"Ресейліктер мен олардың сыбайластары украиндық технологиялар мен қаруға қол жеткізбеуі үшін бақылау қажет", – дейді Украина президенті.

Украина Дания, Швеция, Канада, Норвегия және Исландия сияқты елдерден артиллерия, соққы беруші дрондар, зымыран және танкілерге қарсы жүйелер шығару үшін 1,3 миллиард еуро (1,5 миллиард доллар) қаражат тартпақшы. Киевпен Германия да осындай келісім жасады. Бірақ оның шарттары әлі жарияланған жоқ. Сонымен қатар, Ұлыбритания да осындай жоспары бар екенін мәлімдеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу