Түркиялық Akdeniz Gerçek Gazetesi-нің хабарлауынша, бұдан былай Turkish Airlines ұшақ ішінде белгіленген тәртіпті бұзатын жолаушыларға айыппұл салатын болады.
"Turkish Airlines әуе компаниясы борттағы тәртіпті бұзған жолаушылар үшін айыппұлдар енгізді. Жаңа ережелерге сәйкес, бұдан былай бортсеріктер жолаушыларға ұшақ ішінде шылым шегуге, соның ішінде түтінсіз темекіні тартуға тыйым салынғанын, сондай-ақ ұшу және төмендеу кезінде орнынан тұруға болмайтынын бірнеше рет ескертуге міндеттеледі. Қауіпсіздік белдігін тағу туралы белгі сөнгенше барлық жолаушы орнында тапжылмай отыруға тиіс", – деп жазады түркиялық басылым.
Әуе тасымалдаушысының ұстанымынша, мұндай қатаң шаралар біріншіден, жолаушылардың тәртібін күшейтуге, екінші жағынан, олардың ақпараттандырылуын арттыруға тиіс.
Өйткені бұған дейінгі қалыптасқан тәртіп бойынша бортсеріктер ұшақ ішінде жолаушылар ұстануға тиісті тәртіпті сапардың басында түсіндіреді. Ол нұсқаулықты көпшілігі тыңдамайды.
Мәселен, ұшаққа бірінші рет отырған адам төбедегі "белдікті тақ" деген жазуы бар шам өшкенше, оны шешуге және борт ішінде қозғалуға болмайтынын білмеуі мүмкін.
Авиакомпания сондай-ақ ұшақ қонбай немесе тоқтамай жатып, орнынан тұру және жүк сөресінен сөмкесін суырып алуға тырысу бұған дейін жолаушылардың жарақаттануына, жазатайым оқиғаларға соқтырғанына назар аудартты.
Сондықтан басқа бұзушылықтар сыртында, бұдан былай бортсеріктердің ескертпелерін елемеу және экипаж рұқсат еткенде багаж сөресін ашу да жазалауға жатады.
Енді осындай қылыққа барған, ішкі тәртібін бұзған жолаушыларына әуе компаниясы шамамен 20 мың лира айыппұл салуы мүмкін. Бұл 525 доллардан көп.
Турагенттіктің менеджері Гүлайым Маратқызы ақпарат құралдарына сілтеп, тиісті тәртіп Түркияның Азаматтық авиация жөніндегі бас басқармасының (SHGM) циркулярында тіркелгенін айтады.
"Жұртты түсінуге болады. Әуе компаниялары ұшақ қонған соң, алдымен бірінші және бизнес кластағы ауқатты жолаушыларын шығарады. Олардың бір мәселесі туындай қалса, проблема шешілгенше, эконом сыныптағы қалың нөпір халықты шығармай, күттіріп қояды. Содан кейбір адам орнынан тұрып, сөреден сөмкесін алып, шығудың қамын жасайды. Біздің білуімізше, бұл үшін айыппұл салмауы мүмкін. Әңгіме ұшақ қонғанға дейін тұратындар туралы болса керек", – деп тұспалдады турфирма өкілі.
Оның айтуынша, күні бұрын ұшып түрегеліп, төбедегі сөрені ашуға ұмтылғандар ұшақ бұрылғанда сөмкесімен бірге өзге жолаушылардың үстіне құлаған, өзі де жарақаттанған, өзгеге де залал келтірген жағдайлар сирек емес көрінеді.
Сондықтан бұл үлгіні енді өзге компаниялар қабылдай бастауы мүмкін. Гүлайым бортсеріктің нұсқауларын орындамайтын, ойына келгенін істеп, ойран салатын жолаушыларды әуе тасымалдаушылары онсыз да жазалайтынын ескертті. Мысалы, оларды "стоп-листке" кіргізеді де, келесі жолы оған билет сатпайды.
Қазақстанда авиакомпанияларға 2023 жылдан бері "жолаушылардың қара тізімін" – сапарлауына тыйым салынған немесе шектеу қойылған тұлғалардың төл тізілім-реестрін жүргізуге рұқсат етілді.
Содан бері тасымалдаушылар бортта өзін лайықсыз ұстады деген кез келген жолаушыны келесі жолы ұшаққа жібермеуге тырысады. Өйткені жалғыз бір адам үшін бүкіл рейсті кешіктіріп, кейінге қалдырып немесе орта жолдан қайырып, қыруар шығын шеккенше, оны ұшақ ішіне жібермей қою жеңіл.
Бірақ Түркияның бұл тәртібіне Ресей қарсы шықты. РФ азаматтық авиация басқармасы – Росавиация "Turkish Airlines"-тің ресейлік жолаушыларды бұлай жазалауына қарсы екенін мәлімдеді.
Себебі белгілі: Түркияға сапарлайтын жаһандық туристер арасында саны жөнінен бірінші орында ресейліктер тұр.
"Росавиация түркиялық авиациялық билік енгізген жаңашылдықты, яғни, ұшақ толық тоқтағанға дейін орнын тастап кеткен жолаушыларды айыппұлмен жазалау туралы бастамасын қолдамайды. Бұл мәселе әріптестерімізбен, соның ішінде Turkish Airlines және басқа авиакомпаниялармен қосымша талқылауды қажет етеді. Біз үшін бұл шаралардың түркиялық тасымалдаушылармен ұшатын Ресей азаматтарына қалай ықпал ететіні маңызды", – деді ведомство басшысы Дмитрий Ядров.
Ол әуе көлігінің бортындағы бұзушылықтармен күрес Ресейде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексімен реттелетінін жеткізді.
"Мұндай бұзушылықтар авиакомпанияның ішкі ережелерімен реттелмеуі қажет. Біз тасымалдаушылардың құқықтық өрістен тыс айыппұлдар енгізу тәжірибесін қолдамаймыз", – деді Ядров.
Дегенмен, ақпарат құралдары бұл бастама тек Turkish Airlines-тің ғана емес, жалпы, Түркияның азаматтық авиация жөніндегі бас басқармасының енгізген ережесі екенін, яғни, барлығы құқықтық өріс аясында жасалып отырғанын жазуда.