Енді жұмыста зардап шеккендерге өтемақы төленеді

2663

​Міндетті сақтандырудан киберқауіпсіздікке дейін – Қазақстандағы жұмыс берушілердің жаңа міндеттері пайда болды.

Енді жұмыста зардап шеккендерге өтемақы төленеді Фото: ЖИ

Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде жұмыс істейтін әрбір азаматтың төл мерекесі – "Еңбек күні" атап өтіледі. 2026 жылы бұл мереке 27 қыркүйекке тұспа-тұс келіп тұр.

Осы датаға орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астанада үлкен форум өткізеді. Онда "Еңбек жолы" республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталып, мемлекеттік наградаларға ие болған жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне ордендер мен медальдар табысталады, деп жазды inbusiness.kz.

Әрине, әрбір жетістіктің артында көп жыл теккен тер, кәсіби білікті еңбек, зор жауапкершілік пен ұрпақтар сабақтастығы тұр. Байқау үш номинация бойынша өтті: "Үздік еңбек әулеті", "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" және "Өндірістің үздік жас жұмысшысы". Бірінші номинация бойынша отбасының кәсіпорындағы жиынтық өтілі 20 жылдан асатын кемінде үш ұрпағының қатысуы талап етілсе, тәлімгер үшін кемінде 20 жылдық, жас жұмысшы үшін 5 жылдан асатын еңбек өтілі қажет болды.

Айта кету керек, бұрынғы жылдардан бері жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар мен техникалар сыйға тартылады: бірінші орынға – 1 млн теңге және ноутбук, екінші орынға – 700 мың теңге және iPhone, үшінші орынға – 500 мың теңге және iPad берілген. Еңбек ардагерлеріне медалдар, 500 мың теңгелік сертификаттар мен сурет-картиналар тарту етілген.

Озаттарды марапаттап, үздік жұмысшыларға құрмет көрсету – сөзсіз маңызды әрі қуанышты шаруа. Алайда қарапайым еңбек адамдарының, әсіресе, ауыр, зиянды жұмыста істейтіндерінің басым бөлігіне бірінші ретте керегі – жұмыстан немесе ауысымнан кейін үйіне, бала-шағасына аман-есен оралуы болса керек.

Ауыр бейнеттің жүгін арқалаған жандардың көкейінде зор алаң бар: "Жылдар өте денсаулығымды сақтап, кәсіби аурулардан азап шекпей, зейнет жасына тың күйде жете аламын ба?". Бұл – әрбір еңбек адамының басты арманы әрі табиғи құқығы.

Алайда ресми деректерге сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда өндірістік жазатайым оқиғалардың салдарынан 969 жұмысшы зардап шекті. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6%-ға артық!

Биылғы бірінші жартыжылдықта ел кәсіпорындарында ауыр жарақат алған жұмысшылар саны 409-дан 476 адамға дейін көбейіп, өсім 16,4%-ды құрады. Жыл басынан бері 64 топтық-ұжымдық жазатайым оқиға тіркеліп, онда 226 жұмысшы зардап шекті. Салыстырғанда, 2025 жылдың ұқсас кезеңінде мұндай 53 оқиға тіркеліп, 139 адам зардап шеккен болатын.

Өндірістік жарақат жұмысшы үшін ұзақ емделу, оңалтудан өту, еңбек қабілетінен және табысынан айырылу дегенді білдіреді. Компания үшін бұл – тергеу жұмыстары, тексерістер, зардап шеккендерге өтемақы төлемдері, ықтимал сот даулары, беделінің түсуі, ақырында жұмыстың тоқырап қалуы, тіпті кәсіпорынның жабылып тынуы деген сөз.

Қызметкерін сақтандырмаса, бизнес қалай жазаланады?

Өндірістегі жарақат – бұл әрқашан адам үшін үлкен трагедия және отбасылық бюджетке ауыртпалық. Егер осындай тауқымет болса, шығындарды кім төлеуге тиіс? Мемлекет жауапкершіліктің бір бөлігін кәсіпорындарға жүктеді: осы мақсатта жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігі енгізілуде.

Бұл тетік қалай жұмыс істейді? Енді әрбір жұмыс беруші әрбір қызметкеріне алдын ала сақтандыру полисін рәсімдеуге міндетті. Төтенше жағдай орын алса, сақтандыру компаниясы құжатта көзделген өтемақыны өзі төлейді. Егер өкінішке қарай, жұмысшы қаза тапса, оның отбасы, жақындары өтемақы алады.

Еңбекмині жаңа тетік заңмен бекітіліп те қойылғанын еске салды: заңнамада еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан қызметкерлерді міндетті сақтандыру тетігі қарастырылған.

"Жұмыс беруші әрбір жұмыскеріне алдын ала міндетті сақтандыру шартын жасауға міндетті. Сақтандыру шартының болуы зардап шеккен жұмыскерге заңнамада көзделген сақтандыру төлемдерін, ол қайтыс болған жағдайда тиісті төлемдерді алуға құқығы бар тұлғаларға өтемақы төленуін қамтамасыз етеді. Бұл ретте сақтандыру шартының болмауы жұмыс берушіні жауапкершіліктен босатпайды", – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Егер қызметкер сақтандырылмаған болса, жұмыс беруші тиісті шығындарды толық көлемде өзі өтеуге міндетті. Соның ішінде зардап шеккен жұмысшыларын емдету, оңалту және жоғалтқан табысын өтеу мәселелері тікелей жұмыс берушіге жүктеледі.

Соңғы заңнамалық өзгерістер заң бұзушыларға қатысты талаптарды қатайта түсті. Егер жұмыс беруші қызметкерін міндетті сақтандыру шартын жасамаса, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арнайы әлеуметтік төлемдерді де өзі өтеуге мәжбүр болады. Ал, сақтандыру полис болса, бұл шығындарды сақтандыру ұйымы өз мойнына алады.

Басты қорытынды: сақтандыру полисі жазатайым оқиғаның салдарын жеңілдетеді, бірақ ол жарақаттың алдын алмайды, оған тосқауыл болмайды. Сол себепті де жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәселесі әрқашан бірінші орында тұруға тиіс.

Қыркүйекте жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін не өзгерді?

Биылғы күзде әрбір еңбеккердің салалық "Ата заңы" – Еңбек кодексіне үлкен түзетулер күшіне енді. Олардың алды тамыз айының соңынан қолданылуда.

Мысалы, жұмыс берушілерді кәсіпорындағы киберқауіпсіздікті де бақылауға міндеттейтін бап пайда болды. 2026 жылғы 24 маусымдағы №326-VIII заңының нормалары 25 тамыздан қолданысқа енгізілген.

Заң Еңбек кодексінің 22-бабын толықтырды: енді қызметкер тек қауіпсіздік, еңбекті қорғау, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын ғана емес, сонымен қатар киберқауіпсіздік талаптарын да сақтауға міндетті болады.

Кодекстің 23-бабы жаңа 25-1 тармақшасымен толықтырылды: жұмыс беруші "қызметкерлерді киберқауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жұмыс беруші актілерінің талаптарымен таныстыруға және олардың орындалуына ішкі бақылауды жүзеге асыруға" міндеттелді.

Өз кезегінде жұмысшыға бұдан былай осы нұсқаулық-инструкцияға "таныстым" деп қол қоя салу жеткіліксіз. Ол компьютеріне, тіпті ұялы телефонына түскен күдікті электрондық хатты, хабарламаны не істеу керектігін, жұмыс орнында кибершабуыл бола қалса, ол туралы қандай лауазым иесіне, қай органға хабарлау қажетін, пароль мен құпия деректерді қорғау жолдарын нақты білуге тиіс.

Сондай-ақ басқа да түзетулер күшіне мінді. Олар қызметкерлердің құқықтарына, еңбек шарттарына, тәртіптік жауапкершілігіне, міндетті медициналық тексерулерге, еңбекті қорғауға, кадрлық процестерді цифрландыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге қатысты.

Жұмыс берушілерден бұл өзгерістер актілер мен рәсім-процедураларын түбегейлі жаңартуды, жұмысын жетілдіруді талап етеді. Еңбеккерге – жаңа міндеттер жүктеледі.

Қалай болғанда, амандықтан асқан бақыт бар ма? Мереке өтеді, той-думан тарқайды. Ал, қауіпсіздік – қашанда еңбеккер өмірінің басты бір мәні, баянды тірлігінің тірегі болып қала береді.

Бүгінде кез келген кәсіпорынның, жұмыс берушінің сенімділігінің, жұмысшысына жайлылығының көрінісі көркем есептер немесе жарқыраған медальдар емес. Ең басты көрсеткіш – асыраушысының ауысымнан немесе жұмысынан кейін шаңырағына аман-есен, қалтасы қалың оралуы, отбасы ортасында шуақты кешін ләззатпен өткізуі болса керек. Өйткені адамның өмірі мен оның қауіпсіздігі – кез келген өндірістік көрсеткіштен биік тұрған құндылық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу