banner

Энергетика министрлігі әлі де мұнайға сенеді

Аскар Муминов Аскар Муминов
3858

Қазақстан 2025 жылға қарай жылына 100 млн тонна мұнай, 60 млрд текше метр газ өндіруді жоспарлауда.

Энергетика министрлігі әлі де мұнайға сенеді

KIOGE 2017 халықаралық көрмесінің алғашқы күнінде энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов "дәстүрлі көмірсутектер дәуірі аяқталуға таяса да", 2025 жылға қарай Қазақстан мұнай өндірісін жылына 100 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырғанын мәлімдеді.

Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, мұнайдың дәстүрлі көлемі азаяды. Бірақ Қазақстан оған балама іздей бастады. Атап айтқанда, мұнай-химия саласында өндірістер құрылып жатыр. Алайда жобалар үнемі тоқтап қала береді. Қазір дәстүрлі энергия түрлері саласындағы негізгі жұмыстар Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз ірі кен орындарында жүріп жатыр. Ал қалған кен орындарындағы өндіріс керісінше төмендеп келеді. Вице-министрдің сөзінше, өндіріс көлемінің құлдилауы Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының экономикалық дамуына әсер етуде.

Энергетика министрлігінің жоспарынша, 2017 жылы Теңіз 28 млн тонна мұнай мен 15 млрд текше метр газ өндіруді көздеп отыр. Кен орнын кеңейту жобасы мұнай өндірісін жылына тағы да 12 млн тоннаға арттырмақ.

2017 жылдың тоғыз айында Қашағанда 5,9 млн тонна мұнай мен 3,5 млрд текше метр газ өндірілген. Жыл соңына дейінгі жоспар – 8 млн тонна мұнай және 4,5 млрд текше метр газ. Қашағанда қазір тәулігіне 200 мың баррель мұнай өндіріледі. Жақын уақытта бұл көрсеткіш 450 мың баррель деңгейіне дейін ұлғаймақ.

Ал осы жылдың тоғыз айында Қарашығанақта 9,3 млн тонна мұнай және 14 млрд текше метр газ өндірілген. Енді жыл соңына дейін 12 млн тонна мұнай мен 18,5 млрд текше метр газ өндіру жоспарлануда.

Ескі парадигмадан алыстау қиын
Махамбет Досмұхамбетов мәлімдегендей, Қазақстан битум кен орындары бола тұра, әзірше өзінің дәстүрлі энергия ресурстарын ғана медет тұтуға мәжбүр. Сондай-ақ тақтатас мұнайын өндіруге көшу мүмкін болмай отыр. Себебі көп шығынды талап етеді. Ал нарықтағы қазіргі тұрақсыздыққа байланысты бизнес аталған бағытқа ақша құйғысы келмейді, деп түсіндірді вице-миинстр.

"Ескі парадигмадан алыстау өте қиын. Мәселен, біз метанды кәдеге жарату мәселесін қалайда шешеміз деп көмір өндірушілерді ынталандыруға тырысамыз. Бірақ тегеурінді қарсылықтар бар. Барлығы ескі жүйеге үйреніп қалған. Сондықтан жетістікке қол жеткізу қиын", – деді Махамбет Досмұхамбетов.  

Десе де, ілгерілеушілік де жоқ емес. Мәселен, Қазақстанның мұнай тасымалдау әлеуеті қарқынды даму үстінде, деді вице-министр. Оның айтуынша, жыл соңына дейін Каспий құбыр консорциумын кеңейту жобасын аяқтау жоспарлануда. Осының есебінен құбырдың жылдық өткізу қабілеті 28,2 млн тоннадан 67 млн тоннаға дейін артады. Ал Қазақстан аумағындағы көлемі 52,5 млн тоннаны құрамақ. 2019 жылдан бастап Кеңқияқ – Атырау құбыр желісінің шығыс бағытындағы өткізу мүмкіндігі 4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Өз кезегінде бұл Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесін батыстың мұнайымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ішкі нарыққа мұнай жеткізу үшін жер қойнауын пайдаланушыларды бірыңғай жүктемемен қамтиды, деді вице-министр. Қазақстандағы қазіргі жанар-жағармай мәселесін қаперге алсақ, бұл – өзекті мәселе.   

"Қара алтынның" саудасы қызатын күн алда
Бұл ретте вице-министрдің бір пікірі екіншісін теріске шығарғандай. Махамбет Досмұхамбетов мұнайға сенім артуға болмайды десе, мұнан соң 2030 жылға қарай әлемде мұнайға деген қызығушылық өз шыңына жетеді және Қазақстан бұған дайын болуы керек деп атады. Энергетика вице-министрі үш ірі компанияның есебінен мұнай өндірісін ұлғайтуды ұсынды. Олар – "Теңізшевройл" (ТШО), "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" (ҚПО) және Солтүстік Каспий консорциумы. Министрлік өкілінің айтуынша, 1993 жылдан бері "Теңізшевройл"-ға 34 млрд доллар инвестиция құйылған. Компания мемлекет қазынасына 83 млрд доллар салық төледі. Үш млрд баррельден астам шикі мұнай өндірілді. Солтүстік Каспий консорциумында өндірілген мұнай көлемі – 6,8 млн тонна. Қазір Қашағанды кеңейту жобасы басталды. Бұл жоба 2024-2030 жылдары мұнай өндірісін еселеуге жол ашады, деді вице-министр.

Атап айтқанда, 2025 жылы жылына 100 млн тонна мұнай, 60 млрд текше метр газ өндіруді жоспарлануда. 2017 жылғы жоспарға сүйенсек, биыл біздің ел 81 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндіруге ниетті. 2016 жылғы көрсеткіш 78 млн тонна еді. 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан 48,001 млн тонна мұнай өндірді. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға көп. Ал еліміздегі газ өндірісіне келер болсақ, энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұған дейін хабарлағандай, 2017 жылы 48,1 млрд текше метр газ өндіру жоспарлануда.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының мұнай және газ тасымалдау жөніндегі аға вице-президенті Нұртас Шманов вице-министр Махамбет Досмұхамбетовтың газ өндіру көлемін ұлғайту туралы ұсынысын қолдады. Нұртас Шманов "Теңізшевройл"-ды кеңейтудің әлеуетіне көбірек назар аударды. Оның айтуынша, бұл – Қашағанды кеңейту жобасы секілді мұнай өнеркәсібіндегі әлеуетті бағыт. Нұртас Шманов қолданыстағы кен орындарын дамыту да маңызды екенін еске салды. Себебі, бұл жұмыс орындарының ашылуына және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге мүмкіндік береді.

"Мұнай-газ парадигмасы бүгін-ертең бұзылмайтыны түсінікті. Сондықтан әртараптандыру қажеттілігіне қарамастан, мұнай-газ секторы Қазақстан үшін маңызды. Мұнай бағасы төмендеп тұрғанда, еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде "ҚазМұнайГаз"-дың жауапкершілігі арта бермек", – деді Нұртас Шманов.

Үмітсіз шайтан
Егер 2025 жылға қарай тақтатас мұнайы дәстүрлі энергия көздерін біржола жеңіп шықса, мұнай өндірісін арттыру туралы ауқымды жоспарлардың жайы не болмақ? Бұл сұраққа сарапшылар нақты жауап бермеді. Көмірсутек нарығындағы қазіргі нақты жағдайда дәстүрлі мұнай мен газдың өндірісін ұлғайтуға ден қою тәуекел деп есептеле ме? Сарапшылар бұл сауалға да тұщымды жауап айтпады.

Алайда энергетика министрлігіндегілердің оптимистік есептеріне құлақ түрсек, жағдай соншалықты қорқынышты болмайтын секілді. Мәселен, Нұртас Шманов бірқатар таңғажайып сандарды айтып, көрме қатысушыларын шабыттандырып қойды. Оның айтуынша, Қазақстанда газды пайдаланудың тиімділік деңгейі қазірдің өзінде 86%-ға жеткен. Ал осы аптада біздің ел Қытайға газ экспорттай бастайды. Жыл соңына дейін Аспанасты еліне 10 млн тонна отын жеткізіледі. "Роснефть"-пен транзит көлемін ұлғайту бойынша келіссөздер басталды.

Көрмеге қатысқан Еуроодақтың өкілдері де қазақстандық мұнай мен газға деген қызығушылығын жасырмады. Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Траян Лауренцо Христеа энергия көздерінің баламалы түрлерін дамытудың әлеуетіне және еуропалық қауымдастықтың бұл бағыттағы мүмкіндігіне тоқталды. Сондай-ақ ол дәстүрлі емес энергия көздерінсіз тағы да мүмкін еместігін алға тартты. Сондықтан Еуроодақтың Қазақстанға деген қызығушылығы төмендемейтіндігін айтып, қазақстандық шенеуніктерді жұбатып қойды. Траян Лауренцо Христеа қазақстандық мұнай экспортының 70%-ы Еуроодақ елдеріне тиесілі екенін мәлімдеді.

"Еуроодақ 1990 жылдардың өзінде-ақ мұнай мен газ импортына қатты тәуелді болды. Бұл тәуелділік әлі де арта түсуде. Еуроодақ "Қашаған" жобасына айырықша қызығушылық танытып отыр. Мұнай өндірісі көлемінің ұлғаюы Қазақстанды әлемдегі ең ірі мұнай тасымалдаушы елдердің қатарына қосуы мүмкін. Біз "ҚазМұнайГаз"-дың румыниялық еншілес компаниясын қытайлық тараптан сатып алу туралы мәміленің аяқталуына мүдделіміз. Осыдан соң мұнайды өңдеу жылдық көлемі 5 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Сондай-ақ Констанция порты арқылы энергетикалық көміртекті Орталық Азиядан Еуропаға жеткізу көпірі пайда болады", – деді Еуроодақтың өкілі.

Еске сала кетейік, биыл көрмеге 250-ден астам компания мен 25 елдің өкілдері қатысуда.

Еркебұлан Қыздарбек, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу