Энергетика саласы жемқорлардан тазартуға зәру

2438

Қазақстанға қандай энергетикалық зұлматтың төніп келе жатқаны анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Энергетика саласы жемқорлардан тазартуға зәру Фото: inbusiness.kz

Сарапшылардың байламынша, ағымдағы онжылдық Қазақстанның энергетикалық жүйелерінің жаппай күйреуінің дәуіріне айналуы мүмкін. Оған жол бермеудің қамын қазірден шұғыл жасаған жөн. Салада аса ауыр ахуал қалыптасып жатқанын билік өкілдері де жасырмайды.

Мысалы, шығысқазақстандық энергетиктер, қоғам қайраткерлері, ел тағдырына селқос қарамайтын тұрғындар өңірдегі энергетикалық кешендердің жағдайы сын көтермейтінін, оны жаңартуға, тіпті жөндеуге жеткілікті инвестиция салынбайтынын, мемлекет бөлетін қаражат талан-таражға түсетінін бұрыннан айтып келеді. Тіпті бұрын Президентке қайрылыпты. Билік бұл түйткілге тек Риддер жылу-энергетикалық орталығында апаттар сериясы басталғанда ғана назар аударды.

Облысты 9 жыл басқарған Даниял Ахметов биылғы маусымда тып-тыныш қана демалысқа кетіп, бейнетінің зейнетін көруде. Оның тұсында қалыптасқан ауыр жағдай ШҚО-ның жаңа әкімі Ермек Көшербаевқа ауыр мұра болып қалды. Ел басшылығы да энергетикалық мәселелерді шешуді оның басымдықты міндеті деп белгілеген. Демек, ШҚО жаңа әкімінің мансап сатысында өсуі немесе әкім болып қалуы оның дәл осы қиындықты қаншалықты еңсере алуына байланысты болатынға ұқсайды.

Осы аптада Қаржылық мониторинг агенттігінің Риддер ЖЭО бұрынғы топ-менеджментінің екі өкілінің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жария болды. “Риддер ЖЭО” АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қайыржан Мимикенов пен кәсіпорынның бұрынғы президенті Олеся Имашева ұрлыққа айыпталып отыр. Дереккөздердің мәліметінше, олар шамамен 2,5 миллиард теңге ұрлады деген күдікке ілікті.

Құзырлы орган ұрлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Алайда күдіктілердің аты-жөндерін атап жатпады. Бір белгілісі, ШҚО экономикалық тергеулер департаменті “Риддер ЖЭО” АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істерді тергеуде. Агенттіктің дерегінше, ұрланған қаржы кәсіпорынның жылу желілерін, жабдықтарын лайықты күтіп ұстауға, жөндеуге арналған.

Әрине, жоғарыда мұның бәріне көз жұма қараған, жауып, жасырған сыбайластары болмаса, мұндай қылмыстық схемаларды жылдар бойы жүзеге асыра алмас еді.

Бүгінде мемлекеттің қолдауымен Риддер ЖЭО-сында жөндеу қарқынды жүргізілуде. Үкімет жөндеу жұмыстарын алдағы жылу маусымы басталғанша аяқтау міндетін қойды. Сонымен бірге таяуда орталық қызметкерлерінің жалақысын төлеу кешіктіріле бастағаны мәлім болды.

Жалпы, ұқсас жағдай барлық өңірде, соның ішінде Астанада да қалыптасты. Биылғы қақаған қыста Екібастұз тұрғындары жылусыз қалып, жаурады. Мұндайды алдағы қыстарда барлық өңір бастан кешуі мүмкін.

Сенатор Алишер Сатвалдиев Энергетика министрлігі әзірлеген Электр энергиясы мен қуатының 7 жылдық болжамды теңгеріміне сілтеме жасай отырып, 2029 жылға қарай Қазақстанда 3 гигаваттан астам электр қуатының тапшылығы туындауы мүмкін екенін мәлімдеді.

Салыстырсақ, бұл 2010 жылы бүкіл күн станциялары өндірген күн-термалды энергетикасының жаһандық жалпы қуаттылығынан (1 гигаватт) үш есе көп.

Депутат күрделі кезең жақындап келе жатқанын ескертті. Оның үстіне ақыр соңында республикадағы қуат тапшылығы 3 гигаваттан да асып түсуі мүмкін. Себебі, жоспарлаған жөндеу жұмыстары жаппай орындалмай қалуда.

Үкімет есебіне жүгінсек, жабдықтарды дайындау және жеткізу мерзімдерінің кешіктірілуі себебінен Атырау жылу электр орталығында – 13 мегаватт, Sagat Energy орталығында – 30 мегаватт, Риддер жылу электр орталығында – 30 мегаватт, СевКазЭнергода – 47,8 мегаваттың жобалары кешіктіріліп, іске асыру мерзімі кейінге қалдырылды.

"Биылғы жылдың өзінде қуат резервтерінің күрт қысқаруы байқалады. Мысалы, 2023 жылдың қаңтарында еліміз бойынша электр энергиясының тапшылығы 4,2 миллион киловатт-сағатты құраса, ақпанда бұл көрсеткіш 23,3 миллион киловатт-сағатқа жетті. Яғни 6 есеге артты. Өңірлік бөліністе қарасақ, мысалы, оңтүстік аймақта электр энергиясының тапшылығы туындағанына бір жылдан астам уақыт өтті. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне айтарлықтай нұқсан келтіруде. Сарапшылардың пікірінше, орын алған жағдай болжанған мерзімнен бұрын және әлдеқайда үлкен көлемде қуат тапшылығына әкеп соқтырады", – деді Алишер Гапиржанұлы.

Жекелеген станциялардың 295 мегаватт көлемдегі жоспарланған өсім көрсеткіштеріне де қол жеткізбегені алаңдаушылық тудырады.

Сарапшылар бұған соғысқұмар Ресейдің санкцияға ілігуі кесірін тигізгенін қаперге салды. Станцияларды жөндеуде ресейлік жабдықтар пайдаланылады. Ресейлік жеткізушілер өзара келісімшарттағы міндеттемелерін орындамаған. Соның кесірінен отандық ЖЭО-лардің бір тобы (шамамен 295 мегаваттың жартысы) Энергетика министрлігіне жөндеу жүргізе алмайтындарын хабарлаған: олар құрылысын тоқтатып қойды. Қалғаны мерзімді ұзартуға өтініш беріпті.

Жоғарғы аудиторлық палата Үкіметті жаңғыратын қуат көздерін дамыту ісін жарға жыққаны үшін сынап, оған экономиканы одан әрі әртараптандыру, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту жұмыстарын жандандыруға кеңес берді. Мысалы, жапониялық Marubeni Біріккен араб әмірліктерімен мәміле бекітіп, бұл елде қуаттылығы 1,2 гигаваттан асатын күн станциясын тұрғызатын болды. Осындай үш станция Қазақстанның алдағы энергиялық тапшылық мәселесін біршама шешіп берер еді.

Үкіметтің мәліметінше, 2022 жылы  жаңаратын энергия көздерінің (ЖЭК) небары 12 нысаны ғана пайдалануға берілген. Нәтижесінде, олардың жалпы саны бүгінде 130 нысанға ғана жетті. Соның өзінде республикадағы ЖЭК үлесі небәрі 3,6 пайыз болды.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, былтыр ел 112,9 миллиард киловатт-сағат электр тұтынған.

"Оның барлығын өзіміздің қолданыстағы электр станциялары өндірді. Электр энергиясының тапшылығы жоқ десек те болады. Бірақ Қазақстан кеңес кезінен бері көршілес елдердің (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан) энергия жүйесіне тәуелді. Яғни кешкі уақыттарда біз электр энергиясын көршілес мемлекеттерден аламыз, түнгі уақытта қайтарып отырамыз. Бұл екі мемлекет арасындағы келісімшарт арқылы реттеледі. Біз ол үшін тиісті ақы төлеп отырамыз. Қаңтарда немесе ақпанда болған ауытқуларға байланысты қайтара алмасақ, онда келесі айда қайтарамыз. Мысалы, ақпанда 24 миллион киловатт-сағат алсақ, оны наурызда қайтарып береміз", – деді министрдің орынбасары.

Оның мәліметінше, 2029 жылы елде электр энергиясының тұтыну деңгейі 120 миллиард киловатт-сағаттан асады деп болжанып отыр. Тиісінше, қолданыстағы қуаттылық оны толық өтеуге жетпейді.

Тапшылықтың бір бөлігін газдан қуат өндіру арқылы табу жоспарланған. 2022 жылы Энергетика министрлігі бірнеше тендерлер өткізді. Нәтижесінде Қызылорда, Шымкент, Алматы, Жезқазған қалаларында шамамен 1 мың 700 мегаватт газ станцияларының жобалары бекітілді. Кейбір өңірлерде олардың құрылысы басталып кетті, басқасында тиісті техникалық жобалау жұмыстары жасалып жатыр.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекет баламалы энергияны дамыту үшін жағдайлар жасады. Қойылған жоспарлар орындалуда. Үкімет 2025 жылы ЖЭК үлесін 6 пайызға, 2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізу туралы нысаналы индикаторды бекітті.

"Ол ретімен жүруде. Былтырғы жылдың қорытындысында 5 пайызға жақындап қалды. Биыл шамамен 6 пайызға жеткіземіз деп отырмыз. Бұл жерде қажетті механизмдер бар. Яғни олармен 20 жылға шарт бекітеміз, өндірген қуатын кепілді сатып аламыз. Тасымалдау тарифін төлемейді. Тарифі индексацияланады, жылда өседі. Шетелдік инвесторлар келіп жатыр. Олардың бәрін аукцион арқылы біз іріктеп жатырмыз. Қазір 5 жылға аукциондар кестесі жасалынды. 2035 жылы теңгерімге сәйкес 6 мың мегаваттан астам жаңартылған электр энергия көздері құрылады. Өкінішке қарай, баламалы энергия тұрақсыз: ол біздің энергия жүйесінің қауіпсіз және тұрақты жұмыс жасауына кедергі жасауы мүмкін. Оны болдырмау үшін КЕГОК ұлттық компаниясы жүйелі оператормен қоса баламалы энергия бойынша талаптар қойып, қай жерде, қай өңірде, қандай мөлшерде ашылатынын жоспарлап, бәрін жан-жақты пысықтап, болашақта ешқандай проблема тудырмау мәселесін қарастыруы керек", – деді Энергетика министрінің орынбасары Жандос Нұрмағанбетов.

Жалпы салада жүздеген миллиард қаражат талан-тараж болғанға ұқсайды. Сонша ылан-ойран қаржы шенеуніктердің де қалтасына құйылуы мүмкін. Мысалы, сенатор Сергей Ершов бүгінде энергетикалық жүйені құтқарып қалу үшін қажет деп, "Әділетті Қазақстан" ұсынып отырған "Инвестицияға айырбас ретінде тариф" бағдарламасын бұрынғы ескі билік те жүзеге асырғанын еске салды. 

"2009 жылдан бастап, 2015 жылға дейінгі аралықта Қазақстанда "Инвестицияға айырбас ретінде тариф" бағдарламасы жұмыс істеді. Яғни бұл жаңа нәрсе емес, ескі тәжірибе. Енді оның не нәтиже әкелгеніне үңілейік. Сол 6 жыл бойында елде тариф 2 есе көтерілді. Мемлекет салаға тұтынушылардың, яғни бұқара мен бизнестің 1 триллион теңгесін құйды. Ол қаржы қайда? Бұған қоса, мемлекет энергия өндіруші ұйымдарды инвестициялық міндеттемелерінен босатты. Сөйтіп, олар миллиардтарын үнемдеді. Арты не болды? Елдегі қуат генерациялайтын қуаттылықтар жаппай тозды. Тозу көрсеткіші алапат дәрежеге жетті. Саланы былық жайлаған. Қаражаттың шығындалуы бұлыңғыр, коррупциялық механизмдер құрылған. Аста-төк қаражаттардың қайда кеткені, кімдердің қонышынан басқаны әлі күнге белгісіз", – деді Ершов.

Оның пікірінше, "Инвестицияға айырбас ретінде тариф" бағдарламасы өзін ақтамады.

Ендеше оны "Жаңа Қазақстанда" қайта енгізгелі отырғандар нені көксейді? Оны қайта қолға алмас бұрын алдыңғы триллионнан астам қаржыны "ханталапайға" салғандарды тауып, неге жазаламайды?

Мысалы, жоғарғы аудиторлық палата әшкерелегендей, Астанада ЖЭО-3 және басқа ірі 7 энергетикалық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеумен, құрылысын жүргізумен, іске қосу-жөндеу жұмыстарын атқарумен өзара сыбайлас компаниялар айналысып келген. Олар сөйтіп, 178 миллиард теңге бюджет қаржысын игерген. Айтпақшы, бұл туралы Есеп комитеті жоғарғы жаққа сонау 2017 жылы алғаш айтыпты. Құзырлы органдар былқ етпеген. ЖЭО-3 құрылысы сол бойы аяқталмады. Ол енді жаңа әкім Жеңіс Қасымбекке ауыр мұра болып қалды.

Қорыта айтқанда салада сұрақ көп. Оған белсенді жауап ізделіп жатса жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу