Ералы Тоғжанов: "Мұндай жалақы көтеру талабын бірінші рет қойып отырмыз"

2508

"1,1 млннан аса жұмыскердің еңбекақысын арттыру көзделді". 

Ералы Тоғжанов: "Мұндай жалақы көтеру талабын бірінші рет қойып отырмыз"

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов "Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы" кешенді жоспарын іске асыру жөнінде ақпарат берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"1,1 млннан аса жұмыскердің еңбекақысын арттыру көзделді. Оның ішінде бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерінің лауазымдық айлық ақысы ұлғайтылады. Ішінара айтсам, дәрігерлер жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерінің жалақысы 173 мыңнан 250 мыңға дейін өседі. Педагогтардың да жалақысы өседі. Уақыт үнемдеу үшін барлығына тоқталып отырмайын", – деді Тоғжанов 26 мамырда Сенат отырысында. 

Оның айтуына қарағанда, сәуірден бастап "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының 258 мың өндірістік персоналының жалақысы 5 пайыздан 48 пайызға дйін көтерілді. 

"Бұл ретте жалақысы төмен лауазымдарға басымдық берілді. Айталық, "Қазпоштадағы" курьердің еңбекақысы 144 мыңнан 237 мың теңгеге дейін өсіп отыр", – деп сендіреді Тоғжанов.

Сонымен бірге мемлекеттен қолдау алатын ірі бизнеске қатысты міндеттемелерді белгілеу есебінен, онда істейтін 2,8 млн қызметкердің орташа жалақысы өседі. 

"Ашығын айтқанда, мұндай талапты бірінші рет қойып отырмыз", – деп мойындайды Үкімет басшысының орынбасары.

"Қазір Қазақстан бойынша ірі өнеркәсіп орындардағы жалақы мөлшерін 15 пайыздан 30 пайызға көтеруге қол жеткіздік. Нақты жүзеге асырылған шара бүгінгі таңда осы. Оның ішінде "Казминералс" – 15 пайыз, "Қазазот" – 20 пайыз, "RG" компаниясы – 25 пайыз, "Қазақмыс" 30 пайыз көтеріп отыр. Бұл аталғандары тек ірілері. Олардың ішінде 150 компания бар. Бәріне қадағалау қойып отырмыз", – дейді Тоғжанов. 

Биыл Қазастанда азық-түлік бағасы әдеттегіден жоғары көтеріліп, ел ішінде ажиотаж туындады. Жұмысшылар еңбекақы мәселесі бойынша ереуілдер өткізді. Қаңтар оқиғасынан кейін билік халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыруға кірісті.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу