Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының жыл сайын қуаты артып, аймақтық ынтымақтастықтың озық үлгісіне айналып келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
АЗЕРТАДЖ агенттігінің жазуынша, бұл туралы Ердоған БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде айтқан. Түркия басшысы 30 қазанда Анкарада өтетін ТМҰ көшбасшыларының 13-ші саммиті ұйым алдында жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашатынын жеткізді.
"Түркі мемлекеттері ұйымы жыл сайын нығайып, өңірлік ынтымақтастықтың озық үлгісіне айналып келеді", – деп атап өтті Түркия президенті.
Бұдан бөлек Режеп Тайып Ердоған БҰҰ жарғысында жарияланған мақсаттарды еске салды. Оның айтуынша, сексен жылдан астам уақыт өтсе де, бұл уәделер әлі де толық көлемде орындалған жоқ, ал сансыз көп қақтығыстар әлемнің Біріккен Ұлттар Ұйымының әрекетіне мұқтаж екенін көрсетіп отыр. Сонымен бірге ол халықаралық жүйеге деген сенімді қалпына келтіру қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, Бас хатшының ұйымды реформалау жолындағы күш-жігерін, соның ішінде "БҰҰ-80" бастамасына қолдау білдірді. Түркия президенті Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға шақырды.
Ердоғанның айтуынша, халықаралық тетіктер дағдарыстарды реттеуге қауқарсыз болып отырған тұста өңірлік бастамалар, ынтымақтастық пен ашық дипломатия үлкен рөл атқаруы тиіс. Мысал ретінде ол Қара теңіз астық бастамасын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жоба тек өңірлік емес, жаһандық қауіпсіздікке де өз үлесін қосты.
Түркия басшысы Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы айта келе, бұл қақтығыс Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығы сақтала отырып аяқталады деген үмітін білдірді.