Ердоған Грузиядағы жағдайдан соң "Бешикташқа" қолдау білдірді

575

Түркия басшысы жағдайды назарда ұстап отырғаны белгілі болды.

Ердоған Грузиядағы жағдайдан соң "Бешикташқа" қолдау білдірді Фото: AP Photo / Markus Schreiber

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Батумидегі оқиғадан кейін "Бешикташ" президентіне қоңырау шалды. Бұл туралы футбол клубының президенті Сердал Адалы хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Күні кеше Батумиде Израильдің "Хапоэль Беэр-Шева" клубы мен Түркияның "Бешикташ" командалары кездесті. "Бешикташ" жанкүйерлері Палестина туын көрсетіп, тәртіп сақшыларының талабын ескермеді. Қақтығыс тез арада жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Грузия полициясы көзден жас ағызатын газ бен резеңке таяқ қолданды. Салдарынан бірнеше жанкүйер жарақат алып, ауруханаға түсті. Бұл туралы Türkiye Today жазды.

"Бешикташ" футбол клубының президенті Сердал Адалы "Хапоэль Беэр-Шеваға" қарсы матчтан кейін ресми мәлімдеме жасады.

"Ең алдымен президентіміз Режеп Тайып Ердоған мырзаға үлкен алғысымды білдіремін. Ол бізге қоңырау шалып, жағдайды сұрап білді. Министрлерімізге, клубтар одағының төрағасына және клубтарымызға алғыс айтамын. (...) Грузия полициясының шамадан тыс күш қолдануы дұрыс болмады. Жарақат алған екі жанкүйеріміз болды, олар ем-дом алып, ауруханадан шықты. Оннан астам жанкүйеріміз ұсталды. Оларды да алып шығамыз. Осындай жағдайлар болмағаны дұрыс болар еді", – деді Сердал Адалы. 

Оның сөзінше, елге оралған соң "Бешикташ" "Галатасараймен" кездеседі. Өз кезегінде "Галатасарай" X әлеуметтік желісіндегі парақшасында ресми мәлімдеме жариялап, онда "Бешикташ" жанкүйерлеріне көрсеткен қысымы үшін УЕФА мен Грузия полициясын қатаң айыптады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу