Ердоғанның сайлаудағы қарсыласы белгілі болды

1924

"Алты үстел" атынан президенттікке Кемал Кылычдароғлуның кандидатурасы ұсынылды. 

Ердоғанның сайлаудағы қарсыласы белгілі болды

6 наурыз күні "Алты үстел" басшылары кезекті жиында республикалық халық партиясының басшысы Кемал Кылычдароғлуны президенттікке үміткер ретінде ұсынды, деп хабарлайды жергілікті БАҚ-қа шолу жасаған іnbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі.

"Алты үстел" уәде еткендей 6 наурыз күні кандидаттың есімін жариялады. Сонымен Ердоғанның сайлаудағы қарсыласы белгілі. Ол республикалық халық партиясының төрағасы – Кемал Кылычдароғлу.

Жергілікті БАҚ таратқан мәліметке сәйкес дүйсенбі күні сағат 14.00-ге жоспарланған жиын екі сағатқа кеш басталған. Әрі төрт жарым сағатқа созылған.  

"Алты үстел" отырысына оппозициялық партиялар басшысы түгел қатысты. Көпшіліктің көкейінде "IYI" партиясының төрайымы Мерал Акшенер "Алты үстелге" орала ма деген сұрақ туындады. Себебі бұған дейін хабарлағанымыздай, 2 наурыз күні жиын соңы дауға ұласқан. Төрайым Акшенер президенттікке үміткер ретінде Анкара және Ыстамбұл қалаларының әкімдері  Мансұр Яваш пен Экрем Имамоғлуның кандидатурасын ұсынды. Ал қалған 5 оппозициялық партия Кемал Кылычдароғлуны лайық деп есептеген. Бұған Мерал Акшенер қарсы шыққан әрі үстелден тұрып кеткен. Бұдан кейін ақпарат құралдарында дүйсенбіге жоспарланған жиынға IYI партиясы басышысының қатысу-қатыспауы екіталай делінген. 

Ал 6 наурыз күні Анкара және Ыстамбұл қалаларының әкімдері Мансұр Яваш пен Экрем Имамоғлу алдымен IYI партиясына барып,  төрайыммен кездесті. Кездесу барысында Мерал Акшенер екі әкімге вице-президент болу туралы ұсыныс айтты.

Артынан Мерал Акшенер мен Кемал Кылычдароғлу Анкарадағы қонақүйлердің бірінде кездесті. Шамамен 15 минутқа созылған жүздесуде Акшенер жоғарыдағы ұсынысын төрағаға да жеткізді. Осылайша Кылычдароғлуның кандидатурасына қарсылық білдіріп, үстелден кеткен Акшенердің "алты үстел" отырысына қатысатыны белгілі болды.

Жиыннан соң "Саадет" партиясының төрағасы Кемал Кылычдароғлуның "алты үстел" атынан президенттікке кандидат екенін жариялады.

Содан кейін халық алдына шығып сөз сөйлеген кандидат Кылычдароғлу алдымен партия басшыларына алғысын білдіріп, "Біз Түркияны кеңес беру арқылы басқарамыз" деді:

- "Біздің үстел – татулық пен бауырмалдықтың жері. Ең үлкен мақсатымыз Түркияны жемісті, бейбіт және қуанышты күндерге жеткізу. Алланың қолдауымен бұл жетістікке бірге жетеміз. Ұлт Одағы ретінде Түркияны кеңесу және консенсус арқылы басқарамыз", - деді үміткер Кылычдароғлу.

Алты оппозициялық партияның басшысы күшейтілген парламенттік жүйеге көшу туралы жол картасына қол қойды. Онда жарияланған мәтінде екі алып шаһардың басшылары жайлы 12-ші бапта: "Ыстамбұл және Анкара қалаларының әкімдері президент тиісті деп тапқан уақытта вице-президент болып тағайындалады" делінген.

Кемал Кылычдароғлу кім?

Кемал Кылычдароғлу 1948 жылы туған. Экономикалық және әкімшілік ғылымдар факультетінің түлегі. Түркияның қаржы министрлігінде, кірістер басқармасында, еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік министрлігінде қызметтер атқарған. Сонымен қатар университетте сабақ берген. 1999 жылы зейнетке шыққан. Одан кейін саяси аренаға шыға бастады.

Кемал Кылычдароғлу 2002 жылы 3 қарашада өткен 22-ші жалпы парламент сайлауында республикалық халық партиясы атынан Ыстамбұл депутаты ретінде парламентке барады. Аталмыш партияның орталық атқару кеңесіне қатысқан ол 2007 жылы 22-шілдеде өткен жалпы парламент сайлауында Ыстамбұлдан 23-ші мерзімді депутат болып сайланды және жалпы төрағалыққа кандидаттығын жариялағанға дейін республикалық халық партиясы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Кандидат Кылычдароғлу 2010 жылы 22 мамырда өткен республикалық халық партиясының 33-ші кезекті құрылтайында аталмыш партияның төрағасы болып сайланды.

Айта кетейік республикалық халық партиясы 1923 жылы 9 қыркүйекте құрылған. Негізін қалаушы – Түркия Республикасының құрушысы Мұстафа Кемал Ататүрік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу