Ердоғанның сайлаудағы қарсыласы дүйсенбі күні белгілі болады

1856

Оппозициялық партиялар президенттікке үміткердің есімін құпия ұстап отыр. 

Ердоғанның сайлаудағы қарсыласы дүйсенбі күні белгілі болады

2 наурыз күні Түркияда "алты үстел" атанып кеткен опозициялык алты партияның басшылары дөңгелек үстел өткізді. Мақсат – алдағы сайлауға қатысатын кандидатты анықтау. Партиялар өзара бір шешімге келгенімен, Ердоғанның қарсыласының есімі БАҚ-та дүйсенбі күні жарияланатын болды, деп хабарлайды іnbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі. 

"Алты үстел" отырысы алты сағатқа созылды. Осымен 12-ші рет өткізілген жиында оппозициядағы алты партия басшылары алдағы сайлауға қатысатын кандидатты таңдады. Алайда көпшілікке оның есімін жария етуге асығар емес. Отырыста қабылданған шешімдер директорлар кеңесінде талқыланады. Одан кейін дүйсенбі күні партия төрағалары тағы да бас қосады. Осылайша 13-ші жиында оппозияциялық партиядан президенттікке ұсынылатын кандидаттың есімі жарияланады.  

"Әр басшы партияларының уәкілетті органдарын хабардар еткеннен кейін, 2023 жылдың 6 наурызында қорытынды мәлімдемені жұртшылықпен бөлісу үшін "Saadet" (Саадет) партиясының ұйымдастыруымен қайтадан жиналамыз. Оны көпшілікке құрметпен жариялаймыз", –делінген кездесуден кейін партия өкілдерінің қолы қойылған мәтінде.  

Оппозициялық партия арасынан президенттікке кандидат ретінде аты жиі аталып жүрген Республикалық халықтық партия төрағасы Кемал Кылычдароғлу жиналыстан кейін, Twitter парақшасында жазба қалдырды. Онда дөңгелек үстел басындағы партия басшыларына алғысын білдіре отырып "Бірлік - өлімнен басқаның бәрін жеңеді" делінген.

Айта кетейік "алты үстелге" Республикалық халықтық партия, IYI (жақсы) партиясы, Saadet партиясы, Демократиялық, DEVA және "Болашақ" партиясы кіреді. Партия өкілдері 2021 жылдың қазан айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде алғаш рет бас қосып, нығайтылған парламенттік жүйе моделі бойынша бірлескен мәтін дайындауға кірісті. 2022 жылдың 12-ақпанында алғашқы жиынын өткізген.

Бастапқыда президенттікке үміткер ретінде оппозициядан үш кандидаттың есімі жиі айтылатын, олардың барлығы да Республикалық халықтық партияның мүшелері. Бұлар аталмыш партияның төрағасы Кемал Кылычдароғлу, сонымен қатар Ыстамбұл және Анкара қалаларының әкімдері Экрем Имамоғлу мен Мансұр Яваш. Алайда Экрем Имамоғлу Түркияның орталық сайлау комиссиясының өкілдерін балағаттады деп екі жыл жеті айға бас бостандығынан айырылды. Қазір апелляциялық шағым қаралуда, әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан саясаткердің сайлауға қатысу қатыспауы екіталай. Ал Анкара қаласының әкімі Мансұр Яваш кандидатқа қатысты сұраққа телеарналардың бірінде былай деп жауап берді.

"Төрағамыз үміткер болса, біз оны қолдаймыз, алты үстел басқа кандидат ұсынса, оны да қолдаймыз, ал егер алтылық бірауыздан мені ұсынса, онда мен мұны міндет ретінде қабылдаймын. Алайда менің ондай өтінішім жоқ. Алты жақты үстел ең дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын", - деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу