Ердоғанның саяси қарсыласы 2430 жылға дейін сотталуы мүмкін

103

Айыптау қорытындысы 3900 беттен, 142 баптан тұрады.

Ердоғанның саяси қарсыласы 2430 жылға дейін сотталуы мүмкін Фото: zafergazetesi.org

Түркияда Ыстанбұлдың бұрынғы мэрі Экрем Имамоғлуға қатысты жаңа сот процесі басталды. Айыптаулар толық дәлелденген жағдайда, оған 2430 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Hürriyet Daily News басылымының хабарлауынша, Имамоғлуға қылмыстық ұйым құру, пара алу және мемлекеттік мүлікті жымқыру сияқты бірнеше баптар бойынша айып тағылған. 

Алғашқы сот отырысында судья процесті уақытша тоқтатып, Экрем Имамоғлуға мәлімдеме жасауға мүмкіндік бермеді. Бұрынғы мэр "адамдардың өзін қорғау құқығын құрметтеу керек" деген мәлімдемесінен кейін судья сот залынан шығып кеткен, ал залда отырғандардың барлығына сыртқа шығу ұсынылған. Кейін сот отырысы қайта жалғасты.

Сот ғимаратының маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бір шақырым радиуста кез келген наразылық акцияларын өткізуге тыйым салынған. Десек те, саясаткердің жақтастары сот ғимараты маңындағы қоршаулардың жанында бас қосқан.

Сот залында Имамоғлудың туыстары мен оппозициялық партияның көшбасшысы Озгюр Озель де қатысты.

Экрем Имамоғлу 2025 жылдың наурыз айында жемқорлық айыбы бойынша ұсталған. Саясаткер өзіне тағылған барлық айыптауды жоққа шығарып, бұл істің саяси астары бар екенін айтты.

Ыстанбұлдың бұрынғы мэрі Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның  басты саяси қарсыластарының бірі ретінде танылды. Қазір сыбайлас жемқорлық ісі аясында 400-ге жуық адам тергеліп жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу