"ERG Supplier Award" байқауының жеңімпаздары марапатталды

3502

Үздік тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілер құрметке бөленді. 

"ERG Supplier Award" байқауының жеңімпаздары марапатталды

Әлемнің кез келген елінде алпауыт компаниялардың төңірегіне кішірек кәсіпорындар жиналып, қызмет көрсетіп, қажетті тауарлар мен керек-жарақтарын жеткізіп беруі заңдылық. Бұл үрдіс, бір жағынан, ірі компаниялардың жұмысын жеңілдетсе, екінші жағынан, шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлердің табыс табуына жағдай жасайды.

Оған дәлел ретінде ERG құрамына кіретін компанияларды алайық. Ол компаниялар жыл сайын шамамен 830 млрд теңгеге шикізат, жанар-жағармай, техника мен көлік, құрал-жабдық, қосалқы бөлшектер, құрылыс-монтаж жұмыстары, техникалық қызмет, арнайы киім-кешек, қаржыгер мен заңгер кеңесін және т.б. сатып алады. Ал осы тауарлар мен қызметтерді сатып алуды Еуразиялық Топтың орталықтандырылған сатып алу операторы – "ERG Коммерциялық орталығы" ЖШС жүзеге асырады. 2016 жылы құрылған ERG-дің сатып алу операторы бүгінгі күні операциялық тиімділікті арттыру мақсатында ERG кәсіпорындарының өнімдерін сату, сатып алу және Топтың Қазақстандағы инвестициялық жобаларын іске асыру сияқты үш бағытта жұмыс жасауда. ERG кәсіпорындары қажет еткен тауарлар мен қызметтерді 5 500 компания мен жеке кәсіпкерлер жеткізіп тұрады.

Биылғы жылы ERG компаниялар тобының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда компаниялар тобы өзінің ең үздік жеткізушілерін анықтады. Бүгін "ERG Коммерциялық орталығы" ЖШС ұйымдастыруымен алғаш рет "ERG Supplier Award" байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. "ERG Supplier Award" жүлдесі – тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерді ынталдандыруға және қызмет көрсету сапасын жетілдіруге бағытталған шара.

"ERG Supplier Award" байқауының ашылу салтанатында ERG Коммерциялық орталығының Бас директоры Ильмир Масгутов Еуразиялық Топ өндіретін өнімдер халықаралық нарыққа шығатындықтан, отандық кәсіпорындардан сатып алынатын тауардың сапасына қатаң талап қойылатынын айтты.

"Бір ғана кәсіпорын болып бастап, жиырма бес жыл ішінде әлемдік деңгейдегі тау-кен металлургиялық компаниясына айналдық. Орасан зор әлеуметтік жауапкершілік мойнымызға жүктелген. Компанияның дамуымен қатар, сатып алу үдерісі де жетіле түсуде. Сатып алудағы негізгі міндеттердің бірі – жабдықтаушылармен арадағы қарым-қатынасты нығайту. Жылдар бойы қалыптасқан қос тарапқа да пайдалы әріптестікті бекіту. Тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілерден ашықтық, адалдық және келісімшарттағы барлық міндетті орындауды талап етемін. Ал ERG тарапынан өз мойнымызға алған міндеттемелерімізді сөзсіз орындаймыз. Компаниялар Тобы сатып алатын әр төртінші тауар Қазақстанда жасалады. Мемлекетте отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған үлкен бағдарлама бар. Біз бұл бағдарламаға міндетті түрде қатысамыз. ERG тапсырыс беруші сапалы тауарларды қолданады, сондықтан қазақстандық өндірушілерден тауар сапасын жақсарту  талап етіліп отыр.  Бұл   отандық тауардың сапасын арттырып, әлемдік стандарттарға сай болуға әсер етуде", – деді Ильмир Масгутов.

ERG Коммерциялық орталығының Бас директоры айтып өткендей, Еуразиялық Топ жергілікті жерлерде жасалған өнімдерді сатып алуға баса назар аударуда. Мысалы, 2013-2018 жылдар аралығында жергілікті жеткізушілерден 1,5 триллионнан астам теңгеге тауарлар мен қызметтерді сатып алып, Қазақстан бойынша 5500-ден астам компанияның қызметін пайдаланған.

Өткізіліп отырған байқаудың басты мақсаты – қазақстандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету. Конкурсқа қатысу үшін жеткізушілер ERG Коммерциялық орталығы өткізген кез келген бір сатып алуда жеңіске жетуге тиіс болған. Байқау бірнеше аталымды біріктірген 3 секциядан тұрды. "Тауар-материалдық құндылықтар" секциясына шикізат, арнайы киім, техника мен көлік, қосалқы бөлшектер жеткізушілер қатысты. "Жұмыстар мен қызметтер" секциясына кәсіби қызмет, құрылыс-монтаж жұмыстары, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарына жұмылатындар бақ сынады.

Үздік жеткізушілердің арасында банктер, металлургиялық комбинаттармен қатар, отандық кәсіпорындар да бой көрсетті. Мысалы, "Кәсіби қызметтер" аталымында жеңімпаз атанған "Оңтүстік шахта құрылыс" ЖШС директоры Шахап Әділбаев ERG компанияларымен серіктес болудың арқасында екі жүзге жуық адам жұмыспен қамтылғанын сөз етті.

"ERG компаниялар тобымен 2008 жылдан бері серіктес болып келе жатырмыз. Қазіргі кезде кен-байыту комбинатының тау-кен күрделі жұмыстарын істейміз. Атап айтқанда, үңгілеу жұмыстарын жүргізіп, кен орнына дейін жол ашып береміз. ERG компанияларымен серіктес болу – біз үшін күрделі де, жауапкершілігі мол мәртебе. Соның арқасында бүгінгі күні Кентау қаласында 180 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Барлығы табыс тауып, отбасын асырауда. ERG компанияларымен серіктес болғанымызға қуаныштымыз. Бүгін марапатқа ие болып, мерейіміз артты. Бұл мекемеміздің жетістігі, еңбегіміздің бағаланғаны. Еуразиялық Топты ширек ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!", – деді кәсіпорын басшысы.

Ал "Құрылыс-монтаж жұмыстары" аталымында үздік шыққан "Стальмонтаж" фирмасы ЖШС Бас директоры Александр Терентьев Еуразиялық Топтың ерекшелігін тілге тиек етті.

"Бүгінгі алған марапатымыз ұжымымыздың жетістігі. ERG компанияларымен жиырма жылдай серіктес ретінде жұмыс істеп келеміз. Еуразиялық Топтың үлкен компания болып қалыптасуы  көз алдымда өтті. Мен ERG-дің қарқынды дамуының куәгерімін деп айта аламын. Компанияның техникалық қауіпсіздігі, өндірісті ұйымдастыруы жоғары дәрежеде. ERG компаниясы еліміздегі ең үздік компаниялардың бірі деп есептеймін. Еуразиялық Топты қысқаша сипаттар болсам, ол – сенімді, адал, нәтижелі компания. Айтқанын міндетті түрде орындайды. Компанияның 25 жылдық мерекесі еліміздің тәуелсіздік күніне тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан халқын тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын", – деді құрылыс саласының маманы.

Компания өкілдерінің айтуынша, "ERG Supplier Award" жеңімпаздарына арнайы марапатпен қатар, жеткізушінің брендін нарықта ілгерілетуде қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ Еуразиялық Топ өткізетін тендерлерге қатысуда қосымша артықшылақтарға ие болады. ERG жеткізушілерін таңдау кезінде басымдық әрдайым жоғары сапа, оңтайлы баға және үздіксіз жеткізуге беріледі. Компания серіктестік қатынастарды дамыту мақсатында икемділікке, инновацияларға және клиенттерге айырықша көңіл бөлуге баса назар аударады.

ERG жайлы бірер сөз айта кетейік, Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг саласындағы әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі. Төрт құрлықтың он бес елінде қызмет етіп жатқан Еуразиялық Топтың кәсіпорындары өз саласындағы жұмыс беруші ірі бизнес өкілі. Биыл Eurasian Resources Group Қазақстандағы бизнесіне 25 жыл толуын атап өтпек.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу