ММА жауынгері Еркебұлан Тоқтар алдағы жекпе-жегіне дайындықты АҚШ-та өткізбек. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Спортшы сторисінде Майами қаласына әуе билетін рәсімдеп жатқан сәтін жариялап, 15 қаңтар мен 15 наурыз аралығында Америкадағы топ-тимдердің бірінде 2 айлық оқу-жаттығу жиынын өткізетінін айтты.
Еркебұлан мұндай шешім қабылдауының себебін нақты түсіндірді.
Оның сөзінше, Қазақстанда да білікті, тәжірибелі бапкерлер жеткілікті. Дегенмен, жоғары деңгейдегі дайындық тек жаттықтырушыға ғана емес, жалпы ортаға, спарринг серіктестерге және жаттығу мәдениетіне де тікелей байланысты.
– "Неге Америка, бізде дайындалсаң болмай ма?" деп жатыр. Мәселе кіммен спарринг өткізетініңде. Мен барайын деп отырған залда түгелге жуық UFC-де өнер көрсетіп жүрген кәсіби файтерлер жаттығады. Солармен бір залда дайындалу мен үшін үлкен тәжірибе. Мен олармен тез өсемін, Алматыда олай кәсіби төбелесетін спортшылар жоқ. Көпшілігі келіп қисық төбелесіп, жарақат алуыңа себеп болады. Сосын Алматыда күніне 2-3 кездесу болады, режимің бұзылады, суретке түсетіндер ойыңды бөледі. Ал Америкада тәртіппен жүресің", – деді Еркебұлан Тоқтар.