Ерлан Саиров "ластанды" делінген Күршім өзенінен бір стақан су ішті

2497

7 қазанда Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, ШҚО әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев, ШҚО Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Әлия Мұқашева, мүдделі департаменттер мен басқармалардың басшылары және Күршім ауданының жұртшылық өкілдері "Визол" геологиялық барлау компаниясына барды.  

Ерлан Саиров "ластанды" делінген Күршім өзенінен бір стақан су ішті

Онда Күршім өзенінің ластануын тексеру нәтижелері бойынша, су құрамында сынабы бар немесе басқа да зиянды қоспалар табылмағаны айтылды. Дегенмен тексерудің ресми нәтижесі енді жарияланады.

"Біздің сапарымыз – біреуді жазалау емес, шындықты табу. Әркімнің өз ақиқаты бар, ал шындық соның ортасында. Сондықтан бүгін біз Күршім бойымен өттік: бір жерде қолдан жұмыс істеп жатырмыз, кейбір кәсіпорындарда белгілі бір бұзушылықтар бар, оларды жою қажет. Біздің міндетіміз – бизнеске қандай да бір түрде қысым жасау емес, өйткені ол кез келген мемлекет экономикасының басты құралы болып табылады. Бұл ешкім ешқашан жоққа шығармайтын аксиома. Бірақ сонымен бірге экологиялық нормалар мен рәсімдерді сақтау қажет. Сондықтан біздің міндетіміз – бүгінгі таңда кәсіпорындар Қазақстан Республикасының барлық экологиялық және су нормаларын қаншалықты сақтайтынын өз көзімізбен көру", – деп түсіндірді Ерлан Саиров.

Күршім өзеніндегі суды талдау нәтижелері ресми түрде енді жарияланады. Бұл туралы ШҚО экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік инспектор Рауан Тұраров хабарлады.

"Кәсіпкерлік қызметке тікелей араласы жоқ экология департаменті бассейндік инспекция және балық инспекциясы бірлесіп тексеру ашылғанға дейін өлшеулер жүргізді. Осы өлшеулердің нәтижелері бойынша судың құрамында сынап табылған жоқ. Бұдан әрі құқық қорғау органдарының тапсырмасы бойынша, департамент тарапынан, сондай-ақ бассейндік инспекция, балық инспекциясы өкілдерінің қатысуымен жоспардан тыс тексеру ашылды. Бүгінгі таңда тексеріс жүргізіліп жатыр, тексеру барысында сынамалар алынды, нәтижелері әлеуметтік желілер арқылы, БАҚ арқылы халыққа жеткізіледі", – деді Тұраров.

Жерлерді қалпына келтіру бойынша ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев айтып берді.

"Мұнда көшет отырғызылып жатыр. "Табиғатты қалпына келтіру үшін жағдай жасау" деген ұғым бар, яғни ол өзі де қалпына келе алады, бірақ, әрине, мұнда қалпына келтіру арқылы бастапқы базалық күйге жеткізілді", – деді Арман Есентаев.

Депутат Ерлан Саиров пен ШҚО Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Әлия Мұқашева Күршім өзенінен бір стақан су ішіп, судың тазалығына куә болды.

"Біз "Визол" ГРК өтінішінің нәтижелері бойынша мониторинг жүргіздік, басқармалар мен департаменттердің басшыларымен кездестік, қойылған сұрақтарға нақты жауаптар алдық. Атап айтқанда, су сынамаларын алу нәтижелері бойынша ШҚО экология департаменті Күршім өзенінде құрамында сынабы бар өндіріс қалдықтары мен басқа да қауіпті заттардың жоқ екенін анықтады. Тексерудің ресми нәтижелері жақын күндері жарияланады. Сондай-ақ біз Күршім ауданының полиция бөлімінің басшылығымен әңгімелестік: олар біздің рейдтен кейін және БАҚ-та жағдайды жария еткеннен кейін объектіге келді, осы мәселе бойынша жұмыс жүргізді. Осыдан кейін Күршім өзеніндегі "қара" кеншілердің қызметі тоқтап, полиция заңсыз алтын өндіру және өзеннің ластануы мәселесін бақылауды жалғастыруда. Өз тарапынан Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер Палатасы "Визол" компаниясындағы оқиғалардың одан әрі дамуына мониторинг жүргізуді және бизнеске құқықтық қорғау көрсетуді жалғастырады", – деп қорытындылады ШҚО кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Әлия Мұқашева.


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу