"Ертіс" қаржылық қиындыққа тап болды

2265

Қаржылық мәселелерге байланысты "Ертістің" көшбасшы ойыншылары командадан кетеді.

"Ертіс" қаржылық қиындыққа тап болды

Былтыр мамыр айында "Ертіс" футбол клубы қаржылық қиындыққа тап болып, біріншіліктен шығып қалған болатын. Ал облыстық спорт басқармасы бұл мәселеге қатысты клуб менеджментінің нашарлығынан осындай жағдайға душар болдық деп түсініктеме берген еді. Өкінішті әрине. "Ертіс" Қазақстан чемпионатының 5 дүркін чемпионы, Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына шығып, ел біріншілігінде 4 рет күміс, 6 рет қола медаль алған команда. Жыл сайын ауысқан клуб президенттері тарихы бай, дәстүрі қалыптасқан клубты құрдымға кетірді. Ендігі кезек хоккей клубына да келген сияқты.

"Ертіс" хоккей клубының басшылығы ойыншыларға қаражат жетіспейтіндігін мәлімдеді. Павлодарлық команданың хоккейшілеріне басқа клуб тапқанға дейін жаттығып, уақытша команда сапында ойнау ұсынылды. Осылайша, жақын арада команданың барлық көшбасшы ойыншылары "Ертістен" кетеді. Команда сапында негізінен жас ойыншылар ғана қалады.

Шайбалы хоккейден Қазақстанның үш дүркін чемпионы (2012/2013, 2013/2014, 2014/2015 ж), 2011/2012 маусымының күміс жүлдегері павлодарлық "Ертіс" хоккей клубы қазіргі таңда қазақстандық Pro Hokei Ligasy-да өнер көрсетеді. Қазақстан чемпионатының биылғы кестесінде павлодарлықтар 30 матчта 30 ұпай жинап, соңғы 12-орыннан көрінді.

Павлодарлық хоккей клубы алғаш рет 1975-1976 жылдары "Энергетик" атауымен құрылған болатын. Сол жылы алғаш рет Шығыс конференциясында өнер көрсетті. Бірақ екінші лигада 14-орын алғандықтан, команда жабылып қалды. Осылайша Павлодар ұзақ жылдар бойы хоккейсіз қалды. Араға 25 жыл салып, 2001-2002 жылғы маусымда кәсіпқой "Ертіс" командасы құрылды. Алайда ел чемпионатында небәрі 12 кездесу өткізіп, кезекті рет жабылды. Бұл жолғы басты себеп - команданың өз айдынының болмауы еді.

Дегенмен, 2003 жылы "Ертіс" клубы қайта жанданды. 2003 жылы 16 қазанда Павлодарда "Астана" мұз сарайының құрылысы аяқталып, ашылу салтанатына Н.Ә.Назарбаев келген болатын. Бұл хоккейдің дамуына қуатты серпін берді. Осы елеулі оқиғадан кейін бірден облыс әкімінің шешімімен команда құрылып, олар бірден Қазақстан чемпионатына және Ресей чемпионатына (Бірінші лига) қатысты. Клуб бірнеше жыл сәтті өнер көрсетті.

Алайда, 2008-жылы клуб қаржылық қиындыққа тап болып, жабылудың аз-ақ алдында қалды. Тәшімов Жүкен мен Игнатенко Вениаминнің арқасында хоккей клубын сақтау туралы өтінішпен 4000-нан астам азаматтардың қолдары жиналды. Бұл өтініш қалалық әкімдікке жіберілді. Онда клубты Павлодар облысының командасы ретінде қалдыру туралы шешім қабылданды. Әр жылдары түрлі қиындықтарға төтеп берген "Ертіс" хоккей клубы осы жолы да қаржылық мәселеге тап болып отыр. Бірақ, бұл мәселе жақын арада шешімін табады деген үміттеміз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу