"Ертіс" ойыншыларын "Екібастұзға" береді

2336

Еліміздің өзге өңіріндегі клубтар қаржыдан қысыла бастады. 

"Ертіс" ойыншыларын "Екібастұзға" береді

Миллиард теңгеге жуық қарызы бар "Ертіс" футбол клубы өткен жылдың қарызын жаба алар емес. Аталған қарыздың тек 200 миллионы ғана төленген. Сондықтан да клубтың барлық шоттары жабылып, түскен қаржылар шегеріліп жатыр. Легионерлер мен бапкерлерге 700 миллион теңгедей берешек бар. Ал жалпы сома миллиард 800 миллионға жеткен. Бұған кім жауап берері де белгісіз.

Облыстық туризм және спорт басқарамыс мұны сапасыз легионер мен ақылға қонбайтын трансферлер жасаған басшылықтың салғырттығы деп отыр. Павлодар футбол клубы премьер-лигаға қатыспайтын болды. Бас командамен бірге жастар құрамы да таратылды. "Ертістен" бас демеушші болып келген компанияның өзі бас тартты. Ал футболшылар енді "Екібастұз" футбол клубының сапына ауыспақ.

"Демеушілік мәселесіне байланысты қаржы қарастырып көрдік. Бірақ небәрі 200 миллион ғана түсті. Бұл қаржы тек қаңтар айының жалақысын өтеуге ғана кетті. Ал қалған айдың жалақыларын бере алмай, футболшыларға қарыз болып қалдық. Аудит жүргзіп клубтың 2016 жылдан бері салықтық қарыздарының әлі төленбегенін байқадық" - дейді Павлодар облысы Туризм және спорт басқармасының жетекшісі Марат Айдашев. Ал 2010 жылы "Ертіс" сапында ойнаған Максим Жалмағамбетов болса болып жатқан оқиғаға таңданыспен қарағанын жеткізді. "Мен бұл жаңалықты естіп, қатты қапа болдым. "Ертістің" намысын қорғап, қола жүлдегер атанған едім. Енді клуб жабылады дегенді естіп, таңқалып отырмын", дейді футболшы.  

Менеджменттің ақсап тұрғанынан Павлодар футболы қиын қыстау заман кешіп отыр. Клубты әркім келіп жұлмалап, өз ығына тарта беріпті. Көп қаржы да желінген. Бұл тұста тек жанкүйерлерден обал. Олардың еш кінәсі жоқ. Облыста үш кәсіпқой клуб бар. Олардың жас талантты футболшылары "Ертіс" сапына ойнауды армандайтын. Фанаттардың көңіліне сызат түсірген бұл жағдай өзге өңірлерде де қайталанып қалатын секілді. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу