Ертіс өзенінде жүк кемелері жүре бастады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
14267

10 мың тоннадан астам қиыршық тас тиелген алғашқы жүк партиясы Омбыға жөнелтілді.  

Ертіс өзенінде жүк кемелері жүре бастады

Осыдан бірнеше күн бұрын Ертіс өзенінде навигация басталды. Яғни, кемелер су жолына шығып, жүк тасымалдау қызметіне кірісті. Жүктің алғашқы партиясы Павлодардан Омбыға жөнелтілді. Осылайша, 10 мың тоннадан астам қиыршық тас тиелген жүк кемесі биылғы маусымның "шымылдығын" түрді.

Жалпы, су жолы арқылы жүк Павлодардан Омбыға төрт күннің ішінде жеткізіледі. Бұл жүкті теміржолмен немесе көлікпен тасымалдағаннан әлдеқайда тиімді әрі жылдам. Дәлірек айтсақ, жүкті су жолымен тасымалдау теміржолмен арқылы жеткізумен салыстырғанда 40 пайызға арзан. Ал көлікпен тасымалдаумен салыстырғанда тіпті арзанға түседі.

Бүгінде Павлодар өзен флотының құрамында суда қалқып жүретін заманауи төрт кран, 13 баржа, көптомдық баржаларды сүйрететін бес теплоход бар. Өзен жағасында сегіз порталды кран жұмыс істейді. Сондай-ақ төрт балшық сорғыш кеме бар. Бүгінде бұл кемелер төрт жылдық келісімшартқа сәйкес, еліміздің батысында, су көзін тереңдеу жұмыстарына тартылған.

Павлодар өзен порты еліміздегі ең ірі өзен порты болып табылады. Кәсіпорын өзен құмын өндірумен және оны тасымалдаумен айналысады. Ресейге қиыршық тас тасымалдайды. Өзен арнасын тазалау, көмір мен орман ағаштарын тасымалдаумен айналысады. Былтыр өзен порты арқылы 820 мың тонна жүк жеткізілген. Оның 195 мың тоннасы Ресейге жөнелтілді. Биыл ел ішінде 850 мың тонна, ал Ресей Федерациясына 245 мың тонна жүк жеткізу жоспарланып отыр.

Павлодар өзен портының негізгі табыс көзі – өзен құмдарын өндіріп, сату. Өзен құмы негізінен құрылыс саласында пайдаланылады. Суда қалқитын крандар құм өндіру процесіне кірісіп те кетті. Құм өзен қойнауындағы карьерлерден алынады. Ал мұндай карьерлердің жалпы саны – бесеу.

Мамандардың айтуынша, мамыр айының соңына дейін судың жүктемесі әлдеқайда көп болады. Кейін жүк көлемі біртіңдеп азая бастайды. Межелік кезеңде су деңгейі төмендейді. Міне, сол уақытта Үрлітүптен Омбыға дейінгі 200 шақырымдық учаскеде тек қана жартылай бос баржалар ғана жүре алады. Яғни, бір рейспен көп жүк жеткізу қиынға түседі. Бұған судың тереңдігі мүмкіндік бермейді. Ол үшін өзен арнасын тазалап, тереңдету керек. Ал бұл мемлекетаралық деңгейде шешілетін шаруа. Былтыр бұл мәселені Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов Ресей Үкіметіне жеткізген еді. Алайда, мәселе шешілген жоқ.

Еске сала кетейік, Павлодар өзен портындағы навигация жалпы 190 күнді құрап, қараша айының ортасына дейін созылады.

Фархат Әміренов

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу