Ертіс өзенінен өтетін жаңа көпір салынбақ

3508

Оның құрылысына 40 млрд теңге қарастырылып отыр.

Ертіс өзенінен өтетін жаңа көпір салынбақ

Павлодар қаласында осыдан 50 жыл бұрын Ертіс өзені арқылы өтетін көпір салынған еді. Жарты ғасырдан астам уақыт аралығында ол әбден тозып, жүк көліктерінің жүруіне жарамай қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Полиция қызметкерлері бұл көпірдің үстімен автобустардың жүруіне де тыйым салды. Бүгінгі күні аталмыш жолмен тек жеңіл көліктер қатынай алады.

"ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы Павлодар облыстық филиалы апаттық жағдайдың шақ алдында тұрған көпірдің орнына жаңасын салмақ. Осыдан бірнеше күн бұрын экология департаментіне Қызылорда-Павлодар-Успен-Ресей Федерациясы бағытындағы республикалық маңызы бар жолға апарар көпірдің құрылысына қатысты құжаттар жолданды. Тұрғындар департаменттің сайтында жобамен танысып, өз ұсыныс-тілектерін білдіре алады.

"Жаңадан салынатын көпірдің елімізде баламасы болмайын деп тұр. Төрт жолақтан тұратын жол қазіргіден әлдеқайда кең болады. Автобустар мен жүк көліктерінің жүруіне рұқсат беріледі. Құрылыс технологиясы қиын әрі ерекше", – дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК облыстық филиалының басшысы Ақылбек Қабылдин.

Алайда көпір құрылысын бастау үшін 3 мың ағашты кесуге тура келеді. Бұл мәселе қоғамдық тыңдау талқысына салынбақ. Егер экологтар мен тұрғындар тарапынан қолдау болса, құрылыс жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан 40,2 млрд теңге қарастырылады. Жоба авторларының сөзінше, құрылыс жұмыстары шамамен 3 жылға жалғасады. Ал қазіргі ескі көпір толығымен бұзылады. Оның өзіне бір жылдан астам уақыт керек.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу