Есептегіш тілін кері шегерушілер көбейіпті

2617

Тұрмысы төмендеген халық 90 жылдардағыдай электр қуатын заңсыз пайдалануға қайта кіріскен бе?

Есептегіш тілін кері шегерушілер көбейіпті

Қазақстанда электр қуаты тоқтаусыз қымбаттауда. 2020 жылы бағасы орта есеппен 6,5% көтерілген. Әсіресе, қымбатшылық құрсауының қыса түскенін Нұр-Сұлтан (115,5%), БҚО (114,2%), Қостанай облысының (110,3%) тұрғындары өткір сезінді. Биылғы сәуірде электр энергиясының бағасы тағы өсті. Тығырықтан шығар амал іздеген кейбір азаматтар есептегіштің зымыраған тілін тежеудің 90 жылдары қолданылған тәсілдерін еске түсіргенге ұқсайды, деп жазады Inbusiness.kz.

Биыл қуат өндіруші ұйымдардың шекті тарифтері орта есеппен бірден 15%-ға жоғарылады.

Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымовтың түсіндіруінше, пандемиялы 2020 жылы және 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында "қуат өндіруші ұйымдарға тәуелді емес себептермен" олардың шығыстары өсіп кетіпті. Біріншіден, отын бағасы шарықтаған. Қаражыра көмірі – 8,6%-ға, "Богатырь Көмір" –9,9%-ға өскен. Оларды тасымалдау құны да 7% қымбаттаған. Салдарынан, жылу-электр станцияларының көмір кенорындары алдындағы қарызы 2 миллиард теңгеге, ал газ кәсіпорындарына берешегі – 4 миллиард теңгеге жеткен.

Екіншіден, Үкімет жаңғыратын энергия көздерінен электр қуатын міндетті сатып алу көлемін арттырды. Ал күн мен желден өндірілетін электр дәстүрлі қуат көздеріне қарағанда әлдеқайда қымбат. 2021 жылы бұл көлем былтырғыға қарағанда 68%-ға ұлғайтылды. Салдарынан, энергетика шығындары 49%-ға өскен.

Үшіншіден, девальвация кесірінен шетелден әкелінетін құрал-жабдықтар бағасы көтерілді, тиісінше, станциялардағы, жылу-электр орталықтарындағы жөндеу жұмыстарының шығындары артты.

Бірақ бұл түсініктемеден халыққа бәрібір жеңіл болып отырған жоқ. Себебі, пандемия және экономикалық дағдарыс кезеңінде қарапайым қазақстандықтардың да жағдайы нашарлады. Биылғы мамыр, маусымда келген төлем түбіртектері көптеген адамды шошынтты.

Экс-бақылаушы электр компаниясының сырын шашты

Бұқара электрден үнемдеудің түрі жолын қарастыруға мәжбүр. Соның бірі есептегішке қатысты. Бұл "Astana Gaz" ұйымы назар аудартты. Оның ресми аккаунттында жарияланған ақпаратқа жүгінсек, "қазіргі кезде жеке сектордағы тұрғын үйлердің шамамен 10%-ға жуығы электр қуатын "ұрлайды". Еске сала кетсек, Қазақстанда 2,3 миллионнан аса тұрғын үй бар. Оның басым көпшілігі – 2 миллионнан астамы жеке үйлер. Тек 314 мыңы ғана – көпқабатты тұрғын үйлер. Жеке үйлердің кейбірінде электр қазандығы, су жылытатын бойлерлер орнатылған. Оның бәрі электрді көп шығындайтыны мәлім.

"Қуатты ұрлау үшін тұрғындар "АстанаЭнергоСбыт" бақылаушысымен жақсы қарым-қатынаста болып, алдын ала ымыраласады. Схема өте қарапайым: абонент компанияға есептегіштің көрсеткіші туралы азайтылған, жалған ақпарат ұсынып отырады. Соңынан есептегіштің істен шыққаны туралы өтініш береді. Оны ауыстыруға контроллер келеді, пломбасын алып тастайды да, есептегіштің тілін кері шегертеді. Содан кейін қайта орнатып, пломба қояды. Кері айналдыру құны жиналып қалған электр қуатының ресми тарифінің 25–50%-ын құрайды. Егер жеке үйлердің барлық өтініштерін көтеріп, талдау жүргізсе, кейбір отбасыларда жылдың соңында не көктемнің басында электр есептегіші істен шыққанын білуге болады", – дейді "Astana Gaz" мамандары.

Өйткені қыс бойы үйді, суды жылытуға электр қуаты тым көп кетеді.

Газ ұйымының байламынша, электр өндіруші мен тұтынушылар арасындағы делдал қызметін атқаратын, өзі қуат өндірмейтін, тек ақы жинайтын "АстанаЭнергоСбыт" бұл мәселені оңай шеше алар еді.

"Бірақ компания бұған сонша мүдделі емес. Міне, осы себепті бұл ұйымның кейбір бақылаушылары 120 мың теңге аз жалақыға жұмыс істеуге дайын және бұл орнын ешкімге бермейді", – деп байлам жасады "Astana Gaz".

Ұйым мамандарына мұны "АстанаЭнергоСбыттан" жұмыстан шығарылған бұрынғы бақылаушы егжей-тегжейлі айтып берген көрінеді. Бірақ оның аты-жөнін жасырын сақтап қалды.

Бұдан бөлек, "есептегіштің темір дискілі тілін қуатты магнит бекітіп тоқтату, есептегіштерге қарсы заңсыз пульттерді қолдану секілді бұрыннан бар техникалық "шешімдерді" азаматтар қайтадан қолдана бастаған" деседі. Ұйымның әлеуметтік желідегі бұл посты азаматтардың сынына ұшырады. Пікір білдірушілер жеке тұрғын үйлер тұрғындарына қара күйе жақпау керектігін, алдау схемаларын қазір қолдану мүмкін еместігін, заманауи есептегіштер магниттелмейтінін жеткізді.

Трансформаторға тиіспеген төраға қудалауға ұшыраған

Энергетик Төлеген Шалбаев электрдің ұрланатынын жоққа шығаруға болмайтынын, одан өңірлік энергетикалық компаниялар зардап шегетінін білдірді.

"РЭК-тер осының кесірінен, модернизация жүргізіп, электр желілерін, жабдықтарын жаңарта алмай отыр. Отбасын асырауға қиналған жұмысшыларының еңбекақысын көтеруге де қауқары жоқ. Аз ақша төлейтінін, еңбек шарттары ауыр екенін білген оқушылар техникалық мамандықтарға қызықпайды. Осының бәрі жинақтала келе, елдің дамуына кедергі келтіреді. Демек, электр ұрлауға көмектесетін бақылаушылар болса, онда оларды елдің досы емес, дұшпаны деуге болады", – дейді маман.

Батыс Қазақстан облысындағы "Волна" қарапайым бақша өсірушілер серіктестігінің (ПСТ) төрағасы Роза Санатова да осындай жайтқа кезіккенін әңгімеледі. Ол өткен жылғы қазан айында саяжайшылардың басым көпшілігінің дауысымен серіктестіктің басшысы болып сайланды.

"2020 жылғы 22 қазаннан бері Марченко, Пеперов, Аккунишникова секілді басқарма мүшелерімен, қазынашы Каменскаямен күресіп келемін. Бұл тұлғалар маған "ЗапКазРЭК" АҚ-ына тиесілі трансформаторларда орналасқан электр есептегіштерінің тілін кері айналдырып отыруды ұсынды. Мен бұдан бас тарттым, себебі бұл заңға қайшы махинация. Мұны естіген басқарма мүшелері басқа жолмен әрекет ете бастады. Алдымен ревизиялық комиссия мүшесі Катышева трансформаторларға қызмет көрсету үшін 15 мың теңгеге өздері ұсынған инженерді жалдауды ұсынды. Бұл трансформаторлар біздің иелігімізде емес, ендеше оған біз қызмет етпейміз. Сондықтан одан да бас тарттым", – дейді Р.Санатова Ішкі істер министрлігіне жолдаған шағымында.

Бұл қулық өтпеген соң, қарсы топ саяжайшылардың WhatsApp тобына қайта-қайта жазып, оларды қарсы көтеріп, трансформаторлардың кілтін электрикке беруге төрағаны мәжбүр етпек болады. Төраға илікпеген соң енді оның абыройын төгуге талаптанып жатқан көрінеді.

Бүгінде Ішкі істер министрлігінің дерегінше, серіктестік төрағасының шағымы ішкі істер органдарында тіркеуге алынып, ары қарай тексеру жүргізу және процессуалдық шешім қабылдау үшін БҚО полиция департаментіне жолданған.

Қалай болғанда, қазақстандықтардың жалақысы жоғары, табысы мол, тұрмысы жақсы болса, электр есептегіші тілінің қарқынын баяулатуға не тоқтатуға тырыспас па еді.

Жанат Ардақ

Тегтер: электр, қуат, станция, есептегіш тілі, ұрлық, пломба, перекрутка

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу