Есет Есенғараев: Еуразия кеңістігіндегі авторитаризмге саяси мәдениет себеп болып отыр

1429

Inbusiness.kz тілшісі әлеуметтанушы Есет Есенғараевтан "Назарбаев феномені" және жеке тұлғаға табынушылық туралы сұрады.  

Есет Есенғараев: Еуразия кеңістігіндегі авторитаризмге саяси мәдениет себеп болып отыр

– Әлеуметтік желіде қарқынды "Деназарбаизация" жүріп жатқаны байқалады. Айтыңызшы, мұның салдары қалай болады?

– "Деназарбаизация" қарқынды жүріп жатыр деген пікірмен келісе алмаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылдан бері сақталып келе жатқан қызметінен кетуі және оған жақын адамдардың биліктен аластатылуы "Назарбаев феномені" біздің өмірімізден кетті дегенді білдірмейді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихымыздағы орнын талдау кезінде оның жеке тұлға және саяси, әлеуметтік-мәдени құбылыс ретіндегі рөлін ажырата білу қажет. Құбылыс ретінде "Назарбаев феномені" ұзақ уақыт қалыптасты. Сондықтан ол бір сәтте жоғалып кетпейді. Өйткені "Елбасизм" мемлекеттік саясатта емес, біздің басымызда.

"Назарбаев феноменінің" қалыптасуын шартты түрде 3 онжылдыққа бөлуге болады. Назарбаев билікке 90-шы жылдары келді. Біздің тарихымыздың осы кезеңінде ол жаңа елдің қалыптасуына оң ықпал етті. Оның сол кездегі саясаты бір жағынан қоғамды реформалауға, екінші жағынан тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. Екінші онжылдықта оның жеке басына табыну басталды. Үшінші онжылдық адамға табынудың нәтижесі қандай болатынын көрсетті.

Барлық кезеңде қоғам, халық белсенді болды. Бұл туралы да ұмытпау керек. Халықтың қатысуынсыз, саяси мәдениетінсіз "Ниязов феномені", "Каримов феномені", "Путин феномені" немесе қырғыз президенттерінің феномені сияқты "Назарбаев феномені" де қалыптаспас еді.

Билік жиі ауысқан Қырғызстанда жаңа президент сайланған сайын авторитаризмнің келесі нұсқасы пайда болып отырды. Еуразия кеңістігіндегі авторитаризмге саяси мәдениет себеп болып отыр. Осы мәдениет белгілі бір адам биліктен алынып тасталса да, авторитаризмнің сақталуын қамтамасыз етеді.

– Сонда қалай, билік басындағылардың аты ғана өзгере ме?

– Қараңыз, Елбасы кетті, ал "Елбасизм" идеясына деген көзқарас сақталып тұр. Біз көшбасшыға мұқтажбыз. Себебі өзін-өзі ұйымдастырудың басқа формасын жасаған жоқпыз. Біздің қоғамдық-саяси өміріміз тек бір фигураның айналасында топтасу арқылы ғана ұйымдастырылады.

"Елбасизм феномені" қоғам өзін-өзі ұйымдастырудың басқа деңгейіне шыққан кезде кетуі мүмкін. Бұл тез жүзеге асатын іс емес. Осыған байланысты біз "Десталинизацияға" қатысты фактіні еске түсіре аламыз.

Біз "Десталинизацияға" бірнеше ондаған жыл орасан зор күш-жігер жұмсалса да, жаппай антисталинизмнің қалыптаспағанын көріп отырмыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда Сталинді жақтайтындардың қарасы аз емес, ал Ресейде Сталиннің жеке басын және оның режимін қаралайтын фактілер мен материалдар жарияланғанына қарамастан, оған табынудың реанимациясы жүріп жатыр. Бұл ­– адамдардың бойында авторитаризмге мойынұсынушылық пен жеке басқа, көсемге табыну қасиеті басым екенінің белгісі.

"Десталинизация" аяқталған жоқ, керісінше қалпына келіп жатыр. Күні бүгінге дейін Сталинді дәріптейтіндер бар. Адамның биліктен кетуі біздің саяси мәдениетімізді бірден өзгертіп жібермейді. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Біздің қоғам өзгеруге және көшбасшысыз өмір сүруге мүмкіндік беретін әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық және басқа да тиісті ресурстарды дамытып үлгерген жоқ.

– Мәселе көшбасшыда емес, қоғамның өзінде болып тұр ғой…

– Иә, дәл солай. Назарбаев ел назарынан кеткен кезде халық алдында жүрген адамдардың үйреншікті формула бойынша: "Біздің бағдарымыз, көшбасшымыз  Тоқаев" деп сөйлей бастағанын көрдік. Билікке төңкеріс жасауға әрекеттенгендерді тезге салғаны үшін бізге заңды Президенттің батыл шешімін атап өту қажет болды. Өлшем дегенді білмейтіндер бұрынғыдай асыра сілтей бастады. Әдеттегідей, "кім мақтауды асырады" деген кампания басталып кетті. Тоқаев қаңтардағы оқиғалардан кейін сөйлеген кезде Парламентте не болғанын көрдіңіздер. Назарбаев немесе Брежнев кезіндегіден ешқандай айырмашылық болған жоқ.

Егер, қоғамда мұндай көшбасшылыққа қажеттілік болмаса және қоғам онсыз өзін-өзі ұйымдастыра алса, онда адамға табыну болмайды, авторитаризм орнамайды. Қоғам аморфты болса және оны біреу ұйымдастыруы керек болса, онда ерте ме, кеш пе, бізде жаңа "Назарбаев" пайда болады. Бізде "Елбасизмге" сұраныс жоғалған жоқ, ол әлі бар. Бұл үшін адамдарды кінәлауға болмайды. Себебі олар білгенін ғана істейді.

Адамдардың іс-әрекеті санасына ғана емес, осыған дейін меңгерген дағдысы мен айналасынан көргеніне және сіңіргеніне де байланысты болады.

Қоғам өмірі мінез-құлық үлгілеріне, ғасырлар бойы қалыптасқан нормаларға негізделген. Бізде бұл көшбасшыға үміт арту мен бағыну арқылы көрініс табады.

Біз осы уақытқа дейін өзін-өзі ұйымдастыру формасын қалыптастырмаған болсақ, онда бізге көшбасшы қажет. Оның аты-жөні кім болады, бұл екінші мәселе.

Бізде көшбасшылық пен "Көшбасшылық феномені" сұранысқа ие. Көріп отырғандарыңыздай, халық біртіндеп басқа фигураны дәріптеуге көшті.

Мен халықты айыптамаймын, өйткені адамдар мәдениетте тамырланған нәрсені жасайды. Демек бұл олардың түпкі және ұжымдық санасының қалауы.

– Алматыдағы қанды оқиғаның қайталанбауы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Кешенді шара қабылдау қажет. Ол қысқа және ұзақ мерзімді болуға тиіс. Қысқа мерзімді шара – алыпсатарлыққа, адамдардың өмір сүру деңгейінің қатты төмендеуіне жол бермеуге байланысты болуы керек. Бұған қоса Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезіндегідей қарулы топтардың пайда болуына, бас көтеруіне жол бермеу аса маңызды.

Ұзақ мерзімді шараларға келетін болсақ, бізге басқа институт құру қажет.

Қоғамды, өзімізді реформалап, өзгеру керек. Сонда ғана эксцесстер мен катаклизмдердің алдын аламыз. Бізде басқаша болуға мүмкіндік беретін тұрақты механизм болуға тиіс. Бұл – әлеуметтік өзін-өзі ұйымдастырудың, өнімділіктің, әлеуметтік-гуманитарлық білімнің басқа деңгейіне жетуге мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді жоспар қысқа мерзімді шараның күшін жоймайды. Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кешенді шара бір-бірімен үйлесім табуға тиіс. Алматыдағы болған қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеудің бір амалы осы деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу