ЭШФ бизнестің есін шығаруда

2749

"Қаралы қаңтар" оқиғаларының отандық бизнес үшін теріс салдарлары жалғасуда. Онсыз да қиналған кәсіпкерлерге алда айыппұлдар салынып, қосымша ауыртпалық түскелі тұр.  

ЭШФ бизнестің есін шығаруда

Елді жаппай тәртіпсіздіктер, бүлік жайлағанда құзырлы органдар интернетті уақытша ағытып тастады. Бұл кез кәсіпорындардың жылды қорытындылап, салық органдарына есеп тапсырып жатқан қызу шағы болатын. Салдарынан Алматы өңірінен және басқа да қақтығыс ошақтарынан алыс қонған, тыныш болған өңірлердегі кәсіпкерлер де зардап шекті.

Айта кету керек, "Электронды шот-фактуралар" ақпараттық жүйесінде "бейбіт" заманда да жиі ақаулар болып тұратын. Бұл туралы кәсіпкерлер Үкіметке шағымында айтып жүр.

Ал бейберекетсіздіктер күндері оған кіру мүлдем мүмкін болмай қалған. Одан кейін де істен шығумен болды. Мысалы, онда 2022 жылғы 4 ақпанда 22:00-ден 5 ақпанда 23:59-ға дейін "Электрондық шот-фактуралар" ақпараттық жүйесі қолжетімді болмайтыны жазылды.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, бұған "ақпараттық жүйеде жаңарту бойынша жұмыстардың жүргізілуі себеп болды".

"Біздің қолымызда жолданбаған шот-фактуралар қалды. Тиісінше, біз оларды жолдаудың мерзімдерін бұзған болып шығамыз. 5 ақпанда аталған сайт күні бойы жұмыс істемеді. Енді уақытында жібермегеніміз үшін айыппұл салына ма деген қауіп бар. Ақпарат құралдарында "ЭШФ жүйесі уақытша тоқтаған кезеңде қағаз шот-фактураларды рәсімдеуге болады" деп хабарланды. Бірақ бұл тек негізгі шот-фактураларға ғана жарамды болып шықты. Себебі оларды техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін "бұрын қағаз тасығышта жазылған ЭШФ орнына жіберілді" деген таңбамен жолдауға болады. Алайда бұл таңба қосымша шот-фактуралар үшін жұмыс істемейді. Қосымша шот-фактуралар негізгілерінен ерекшеленетіндіктен, жүйе оны тез ажыратып, қайтарып тастайды", – дейді кәсіпкер Шолпан Түменбаева.

"Бижан" ет өңдеу зауыты да қосымша ЭШФ жазу жөнінен проблема барын мәлім етті. Компания биылғы қаңтардағы төтенше жағдай кезеңінде қағаз шот-фактуралар шығарған екен. Әйткенмен, жүйеге енгізу кезінде "аталған датада жүйенің тоқтап тұруы тіркелмеді" деген қатеге нұсқау жазбасы шыға келетін көрінеді. Ал қағаз шот-фактураны шығару мерзімін өзгертсе, жүйеде "негізгі және қосымша ЭШФ бір-бірінен қатты ерекшеленеді" деген жазба шығады.

Осындай тығырыққа тірелген кәсіпкерлер аталған қате есебінен де шот-фактура жазу мерзімін өткізіп алды.

Өзге көптеген бизнесмен ұқсас проблемаға тап болды. Көбісі тез бұзылатын тауарларына ЭШФ өткізе алмай жатыр. Сондай-ақ сатып алушылар қайтарған тауарларға қатысты шот-фактуралар да жетерлік.

Мамандандырылған дүкендерде кеңсе тауарларының саудасымен айналысатын "Абди КМ" компаниясының басшысы Керімжан Дүйсенов "тапсырылған 300.00 салықтық есептілік формасы мен ЭШФ порталына енгізілген деректер арасында сәйкессіздіктер бары" туралы ескерту хабарламалары қайта-қайта келіп жатқанына алаңдайды.

"Салғастырып көрдік, ешқандай сәйкессіздіктер жоқ. Мемкірістер басқармасы ондай деректерді, жоқ алшақтықтарды қайдан алатыны түсініксіз. Мұндай ескерту хабарламалары компанияның тәуекел деңгейін арттырады, тексеріс тағайындауы мүмкін. Оның үстіне деректерді өңдеуге де қаншама уақытымыз кетеді", – дейді кәсіпкер.

Әрі кәсіпорынның беделіне де дақ түсіруі ықтимал.

Тараптар не дейді?

Мемкірістер комитеті ұсыныс-ескертпелер ескерілетінін, жүйе жаңғыртылып, жетілдіріліп жатқанын айтып, қысқа қайырды.

Өз кезегінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа хат жолдады. Өйткені бұл салада басқа да мәселе жетерлік. Оның байламынша, тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатты электрондық шот-фактурамен біріктіру қажет.

"Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжат (ТІЖ немесе СНТ) 2017 жылғы 25 желтоқсанда Салық кодексі арқылы енгізілді. Оның ақпараттық жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылуға тиіс еді, бірақ олай болмады. 4 жыл ішінде ақпараттық жүйе сол бойы жолға қойылмады. Әзірлеушілер техникалық қателерге сілтеме жасайды. Іс жүзінде ТІЖ жүйесін енгізу бойынша жұмыс жарға жығылды. Салдарынан, бүгінде кәсіпкерлерге ұйымдастырушылық және сервистік қолдау көрсету қызметі зардап шегуде", – дейді бизнес-омбудсмен.

Оның айтуынша, Мемкірістер комитетіне кәсіпкерлер тарапынан жүйедегі проблемалар туралы қаншама рет айтылды. Бірақ техникалық және әдістемелік сипаттағы проблемалар шешілетін емес.

"Бұған қоса бизнес төл есеп жүйелерін жетілдіруге, бизнесті ұйымдастыруды қайта құруға және контрагенттермен жаңа қатынастар орнатуға айтарлықтай қаржы мен уақытын шығындады. ТІЖ бойынша функционал әлі күнге пысықталуда, аяқталған да жоқ. Осы түйткілдердің барлығын назарға ала отырып, кәсіпкерлер ТІЖ-ді жою туралы мәселе көтеруде. Заңнамаға сәйкес, Қазақстан қабылдаған халықаралық шарттардан туындайтын "тауарлардың бақылануын қамтамасыз ету бойынша тауарға ілеспе құжат" рөлін электрондық шот-фактура атқарады. Оны кәсіпкерлер 2016 жылдан бері жазып келеді", – деді Рустам Жүрсінов.

Осыған байланысты ол Премьер-министрден ТІЖ-ді ЭШФ-мен біріктіру мәселесін қарауды өтініпті.  

Бұл шешім ЭШФ ақпараттық жүйесіне қосымша жүк түсіруі мүмкін. Демек Үкімет бар күш-жігерін осы жүйені жетілдіруге, ондағы ақауларды жоюға бағыттаса дейді кәсіпкерлер.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу