Есірткі табылған университет басшылығы жауапкершіліктен қашуда

10782

Шымкент қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде ұстаз спорт залда есірткі притонын ұйымдастырған.

Есірткі табылған университет басшылығы жауапкершіліктен қашуда

Оны Шымкент қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында анықтаған.

Осы жайт бойынша, ҚР ҚК 302-бабы 1-бөлігімен "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру" сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде екен.

Осыған орай, ҚР Білім және ғылым министрінің көмекшісі Ерболат Мұхамеджан өзінің Facebook парақшасында мәлімдеме жасады.

"Қазақстанның бірнеше бұқаралық ақпарат құралында Шымкент қаласы университеттерінің бірінің спорт кешенінде жедел іс-шаралар жүргізу кезінде есірткі притоны табылғаны туралы жаңалық жарық көрді. Аталған факті бойынша ол жекеменшік оқу орны екенін хабарлаймыз. Жоғарғы оқу орнына мемлекеттік білім беру тапсырысы берілмеген", - деп жазады ол.

Десе де, күдікті 14 жыл қызмет еткен Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің ректоры дене шынықтыру пәні мұғаліміне жақсы мінездеме беріп отыр. Ондағылар тіпті ол есірткі притонын ұйымдастырды дегенге сенбейді екен.

"Қылмыс орын алар күннен 4 күн бұрын жұмыстан кетуі жөнінде өз еркімен арыз жазған. Басшылық тарапынан бұйрық та шыққан. Ал сол ұсталған күні ол университеттің спорт залынан қалған заттарын әкетуге келген екен. Міне, сол сәтте қолға түсіп құрықталғаны, рас. Алайда ол қазіргі уақытта біздің қызметкер болып саналмағандықтан, біз мұны жауапкершілігімізге ала алмаймыз. Сенесіздер ме, мен бүгінге дейін ол адамның бойынан ешбір жаман қасиет байқаған емеспін. Спирттік ішімдік ішпейтін, темекі де тартпайтын. Мінезі де өте салмақты. Отбасылы адам. Сондықтан бұл қылмысқа сол барды дегенге еш сенбеймін. Мүмкін емес", – дейді Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің ректоры Сандыбай Боранбаев.

Видео: 

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу