Ескі көпір үрей шақырып тұр

16030

Облыстық маңыздағы ішкі жолдарда 60-тан аса өткел болса, соның 17-сі бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

Ескі көпір үрей шақырып тұр

Сыр елінде оннан аса елдімекеннің тұрғындары бірнеше жылдан бері аудан орталығына апатты көпір арқылы қатынап келеді. Ол "Жаңақорған-Қандөз" автожолының бойындағы өткел. Кентке баратын жалғыз жолдың мәселесін ауылдағы ағайын жыл сайын көтергенімен, әлі нақты шешімін таппай отыр. Жүргізушілер үшін "қылкөпірге" айналған өткел мәселесін бізде бағамдап көрдік.

40 жылға жуық уақыт болған көпірдің бетон плиталарының әбден тозығы жетіп, іргетасы сыр беріп, жарықтар пайда болған. Ал бір бөлігі мүлдем опырылып түскен. Өткел қазір апатты жағдайда. Бірақ, соған қарамастан күнделікті әрлі-берлі автокөліктер өтіп жатыр.

Дәл қазір көпірдің бір жақ бөлігі жабылған. Трассамен зуылдап жүретін көліктер өткелден өту үшін біраз іркіледі.Өйткені, жүргізушілер бір-біріне жол бермесе, соғысатыны анық. Осы кезге дейін талай жүйткіген автолардың  өткелде "сүзісіп" қалғанын, жол бойы шытынаған әйнектерден-ақ байқауға болады. 

Осы көпір арқылы күнде қатынайтын Мәшбек ауылының тұрғыны Бейсенбек Құрманбеков көпірдің қауіптілігі туралы айтты.

"Өте қауіпті. Жаныңды шүберекке түйіп өтесің, ар жағынан бірдеме келіп қала ма, деп! Үш жылдан бері айтып келеміз, ешқандай нәтиже жоқ. "Сен саларда мен салар, атқа жемді кім салар" дегендей", - дейді.

"Жаңақорған-Қандөз" бағытындағы жолдың бойында оннан аса елді мекен, 20 мыңға жуық халық бар. Олар үшін бұл нысанның маңызы зор. Оның үстіне, аудан орталығына қатынайтын жалғыз жол да осы. Сондықтан, тозығы жеткен көпір тұрғындардың басты мәселесіне айналып отыр.

"Бұл енді ешқандай күрделі жөндеуге де жатпайды. Бұны тек қана қайтадан істеу керек. Облыстық жол бөлімінің бастығы да келіп, былтыр күзде бастаймыз, деп кеткен. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Міне көктем шықты, енді каналға су келеді, егінге су аламыз. Әрі қарай не боларын да білмейміз", – дейді Жаңарық ауылының гидротехнигі Әбдірахман Сапарбаев.

Осы мәселеге орай редакция тарапынан тиісті мекемеге сұрау салған болатынбыз. Ауылдағы ағайынның көптен бері айтып жүрген өткелін жаңғыртуға жоба-сметалық құжат тек былтыр әзірленіпті. Жалпы сомасы 205 миллион теңгені құрайды екен. Қаржының жартысы облыстық, қалғаны республикалық бюджеттен қаралмақ. Көпір құрылысы биылғы жоспарға еніпті.

"Көпір құрылысына қажетті қаражатты республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынғанбыз. Ұсынысымыз қолдау тапты. Бүгінгі күні 98 миллион теңгесі бөлініп отыр. Осы наурыз айында конкурс жарияланып, әрі қарай мердігер анықталған соң құрылыс жұмыстарын бастайтын боламыз", – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұртай Қуанышбаев.

Жалпы облыстық маңыздағы ішкі жолдарда 60-тан аса өткел болса, соның 17-сі бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Яғни, ел мен елді жақындататын көпірлер мәселесі аймақта әлі де өзекті болып тұр.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу