banner

Ескісіне жетпей, жаңасы өтпей жатыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9325

Отандық автоөндіріс саласының қызығы мен шыжығы.

Ескісіне жетпей, жаңасы өтпей жатыр

Осыдан біраз бұрын үкіметке тозған техникасын тапсырғандар ақша  алатынын айтып, сүйінші сұрағанбыз. Сосын мәселенің мән-жайын жіліктеп, жіктеп жазғанбыз. Ол кезде 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатын жобадан шикілік шығады деген ой санамызға кіріп те шықпаған еді.

"ӨКМ Операторы" ЖШС (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) көнерген көлік сатып алу жобасын уақытша тоқтатқанын жариялағанда не күлерімізді, не жыларымызды білмей, абдырап қалдық. Ал реттеуші сөзбұйдаға салған жоқ. Ескі көліктерді сатып алуға бөлінген қаржы мерзімінен бұрын таусылып қалғанын кесіп айтты.

Жыл басынан бері 20 мың көнерген көліктің иесі "ӨКМ Операторынан" 150 мың теңгеден ақша алыпты. Осы турасында "ӨКМ операторының" өкілі Жомарт Рахымжан: "Ескі көліктерін тапсыруда халықтың жаппай белсенділік танытуы жоспарымыздың мерзімінен бұрын орындалуына, яғни бөлінген қаржының таусылуына әкелді. Қазір жобаға қаржы тарту үшін энергетика министрлігінен қосымша квота сұрап жатырмыз. Мәселе шешілгенге дейін ескі көліктерін тапсыра салысымен су жаңа отандық көлік алғысы келетін адамдарға осыған дейін берілген сертификаттарды үлестіре тұрамыз. Бұл ел азаматтары жеңіл және ауыр көліктерді және автобустарды 315 мың мен 650 мың  теңге аралығындағы сертификатқа айырбастай алады деген сөз", – деді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 21 қарашасында елімізде ескі көліктерді қабылдау жобасы қолға алынды. Ол желтоқсан айының соңына дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында Қазақстанның 17 қаласында тозығы жеткен темір тұлпарларға "тұсау" салынды. Ескі көліктер 2 санат бойынша қабылданды. Төрт дөңгелегі айналып, лыпып тұрған автокөлік иелеріне 150, ал көлігі істен шыққан жүргізушілерге 48 мың теңгеден үлестірілді. Бұған қоса ескі көліктің орнына отандық автокөлік сатып алуға ниет білдіргендерге 315 мың теңгенің сертификаты ұсынылды. Жобаның екінші кезеңінде сертификат соммасы 650 мың теңгеге жетті.

"ӨКМ Операторы" ескі көлік иелеріне беретін ақша таппай дал болып жатқанда, Қазақстан автобизнес қауымдастығы отандық көлік өндірісін азайтып алды. Салдарынан шілде айында отандық көліктің сатылымынан 14 млрд теңге ғана түсті. Бұл осыған дейінгі табыстан едәуір аз. Көрсеткіштің көңіл көншітпеуіне өткен айда отандық көліктің 39%-ға кем өндірілгені себеп болған.

Маусым айымен салыстырғанда жеңіл автокөлік өндіру 41%-ға құлдырап кеткен. Көлік құрастыру саласы жүрісінен жаңылғандықтан, сатылым көрсеткіші де азайып қалған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу